ОҚУШЫЛАР ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ ШАРАЛАРЫМЕН 100 ПАЙЫЗ ҚАМТЫЛМАҚ

0

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдымен жергілікті атқарушы органдардың тұрғындармен кері байланыс мәселесі қаралды. Ол бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмухаммед Ниязбеков, баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы, «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ-нің басшысы Бақкелді Тұрсынбектің баяндамалары тыңдалды. Олар түскен өтініштерге басшылардың жауап беру көрсеткішіне, әлеуметтік желідегі белсенділіктеріне, жауаптардың сапасына қатысты жан-жақты талдаулар нәтижесін ұсынды.
— Біз Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл мәліметтер сіздерге қазір ескерту ретінде айтылып отыр. Кемшіліктерді реттеп, кері байланыс бойынша жұмыстарды реттеңіздер. Тұрғындардың өзекті өтініштері ескерусіз қалмауы керек. Сапалы әрі уақытылы жауаптар беріліп, мәселелер назарға алынуы қажет.
Алты айлықтың қорытындысымен бұл тақырыпты кеңінен қараймыз, кемшіліктер бойынша жауаптыларға нақты шаралар қабылданатын болады,-деді аймақ басшысы қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына қарата сөйлеп.
Басқосудағы екінші мәселе бойынша сөз алған білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов ҰБТ-ның өту барысы, жазғы мектеп, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары туралы айтып өтті. Биыл облыста 11762 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Ал, 9-сыныпты 21213 оқушы аяқтайды.
26 мамыр мен 17 маусым аралығында 1-8 сынып және 10-сыныптың оқушылары үшін «Жазғы мектеп» жұмыс жасайды. Биылғы жылы 490 оқушы «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер болып отыр (2021 жылы — 485).
Мемлекеттік білім беру грантын алу үшін конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырдан басталған десек, 5 шілдеге дейін жалғасады. Оған қатысу үшін 11762 мектеп бітірушінің 8842-і тіркелген.
Ұлттық бірыңғай тестілеу «Ustudy» орталығының 2 пунктінде өтуде.
Сондай-ақ, басқарма басшысы жазғы сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен оқушыларды 100 пайыз қамту жоспарланып (1-10 сыныптағы 215932 оқушы) отырғандығын жеткізді.
Атап айтқанда, қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың 7683 баласын, мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьлерге 102749 баланы тарту көзделуде.
— Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға күш салу керекпіз. Қала сыртындағы, мектеп жанындағы лагерьлер тазалық, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жұмыс істеуі тиіс. Оған дайындық барысын барынша бақылауға алыңыздар. Ыстық тамақтың сапасы да басты назарда болуы қажет. Бұл жұмыстарды ойдағыдай ұйымдастыруға тек тиісті басқарма емес, аудан әкімдері жауапты болады,-деді Нұржан Нұржігітов.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.