Сәрсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық шаралары бойынша Қордай ауданының комиссияларына арналған оқыту семинар-тренингін өткізді.
Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары С.Мадиеваның төрағалығымен өткен жиынға Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, округтік сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары, хатшылары, мемлекеттік орган және БАҚ өкілдері қатысты.
Алдағы сайлаудың жаңа форматта өтетінін жеткізген облыстық комиссия өкілдері оның бас-ты ерекшеліктеріне тоқталып, саяси науқанды ұйымдастыру мен өткізу ісінде жауапкершілік ең алдымен аумақтық сайлау комиссияларына жүктелетінін атап өтті. Содан кейін семинардың күн тәртібіне енгізілген мәселелермен таныстырды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Т.Жамалов хабарлама жасады. Баяндамашы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың ұсынылу және тіркелу тәртібін түсіндіріп, сайлау құжаттарының нысандары және сайлаушылар тізімін қалыптастыру ерекшеліктері туралы айтты. Т.Жамалов биылғы сайлауда сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс беретінін айтып, бұл жаңашылдықтың да өз реттілігін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша С.Мадиева сөз алып, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындау және сайлау заңнамасының жаңа енгізілімдері турасында ақпарат берді. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сайлау туралы Конституциялық заңда Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың тізіміндегі әйелдер мен жастарға үшінші санат өкілдері, яғни мүгедектігі бар адамдар қосылғанын жеткізіп, үш санаттың жалпы квотасы 30 пайыздан кем болмауы тиіс екенін айтті.
Осыдан кейін күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Сайлау процесін ақпараттандыру және сайлау алды үгіт жұмыстарын ұйымдастыру, сайлауды байқау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеудің кейбір мәселелері туралы облыстық сайлау комиссиясының мүшесі М.Сембеков баяндама жасады. Хабарламашы кандидаттарды тіркеу 18 ақпан күні аяқталып, 18 ақпан мен 18 наурыз аралығы – үгіт-насихат мерзімі екенін атап өтті. Сондай-ақ, сайлау процесін ақпараттандырудың маңыздылығына тоқталып, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырмауды ескертті. Осы ретте ол ақпарат алмасу үшін отандық «Aitu» қосымшасын пайдалануға кеңес берді.
Семинар-тренинг барысында қатысушылар көкейіндегі сұрақтарын да қойды. Олар сайлау комиссиясында жұмыс істейтіндерге төленетін жалақы, кандидаттардың сенімді өкілдеріне қатысты мәселелерді көтерді, сондай-ақ, шекаралық аймақтағы әскерилер қанша бюллетень бойынша дауыс беретіні жайында сұрады. Облыстық сайлау комиссиясының мүшелері қордайлықтардың барлық сауалдарына жауап беріп, саяси науқанның заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына бір кісідей атсалысып, азаматтық жауапкершілік танытуды сұрады.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ