Қордай ауданында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңіне қатысушылармен кездесу өтіп, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Аталған байқау отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, неке мен отбасының қоғамдағы мәртебесін арттыруға және өнегелі отбасылардың өмірлік тәжірибесін кеңінен насихаттауға бағытталған. Осындай шаңырақтар ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтардың сабақтастығын сақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл байқауға қатысушы отбасыларды құттықтап, олардың қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтуға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Ол берекелі отбасы – мемлекет пен қоғамның басты тірегі екенін айтып, мұндай байқаулардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды.
Байқаудың аудандық кезеңінің қорытындысы бойынша бірінші орынды Қордай ауылынан қатысқан Айтхожиндер отбасы иеленді. Екінші орын Жамбыл ауылдық округінің намысын қорғаған Ұлтамбаевтар отбасына бұйырса, үшінші орын Қарасай ауылдық округінен қатысқан Әбдібаевтар отбасына берілді.
Шара барысында барлық қатысушыларға аудан әкімдігі атынан бағалы сыйлықтар табысталып, алғыс білдірілді. Сонымен қатар, кездесуде отбасылар өздерінің өмірлік ұстанымдары, отбасы берекесін сақтаудың маңызы мен ұрпақ тәрбиесіндегі тәжірибелерімен бөлісті.
«Мерейлі отбасы» байқауы тағы бір мәрте татулық пен сыйластыққа негізделген берік отбасының қоғамның ең басты байлығы екенін айқын көрсетті.
Шолпан САБАНОВА