ОТБАСЫ ОЙРАНЫ ОЙЛАНТАДЫ

0

Коронавирус пандемиясының салдары әлем елдерін экономикалық жағынан әжептәуір тұйыққа тірегені белгілі. Содан болар, оқшаулау шараларынан кейін әлеуметтік мәселелер, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері қоғам назарынан тыс қалғандай. Мәселен, кейінгі жылдары Жамбыл облысындағы дағдарыс орталығына зорлық-зомбылықтан араша іздеп баратын аналар күрт көбейген. Өкініштісі, ерімен араздасып ат құйрығын кесіскен арулардың дені – көпбалалы аналар.

ҚЫСЫМ КӨРСЕТКЕНДЕР ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛМАЙДЫ

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған аналарға әлеуметтік көмек көрсететін орталықтың барын екінің бірі білмейді. Білмеген соң жылдар бойы ерінің ессіз әрекетіне көніп, төзімі таусылған келіншектер келеңсіз оқиғаға ұрынып жатады. Орталықтың қызметі туралы шалыс естігендер үйден қашқан ананың әрекетін қоғамға жат пиғыл санайды. Біреудің қайғысына таныс-білістігі жоқ бәзбіреудің жаны ашушы ма еді? Әйтпесе, қазақ қоғамы әуелден қызды қырық үйден тыйып, қызын төрге шығарды емес пе? Мейлі, нарық заманы делік, алайда бауыр еті баласының әкеден жырақта өскенін қалайтын кім бар дейсің? Дағдарыс орталығындағы аналардың тағдыры әрқилы.
Отбасындағы жанжалдың ушығуына көбіне ішкілікке салынған және әйелін сыйламайтын ер азаматтар түрткі болады. Бұл қатарда құмар ойынның құрығынан шыға алмай, ашу-ызасын әйелінен алуға арланбайтындар бар. Соған қарамастан әйелге қолдан келгенше көмек көрсететін мекеме мамандары ерлі-зайыптыларды табыстыру жолын іздейді. Ал әйеліне әмірін жүргізуге намыстанбайтындарға заң жүзінде қатаң шешім қабылдау жайын қоғам белсенділері бұған дейін де сан мәрте қаузаған. Осы жайтқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегіне қатысты заңның қатаңдатылатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтауда кедергілер кездесетінін айтып, полиция қызметкерлерін осындай дауларда мұқият жұмыс істеуге шақырып отыр. Қалай десек те заң баршаға ортақ, тұлғаның құқығы мен бостандығын шектеуге ешкімнің хақысы жоқ.
Дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалыбекова әйеліне қол көтеруден тайынбайтын азаматтарға қатысты Заңның күшейтілгені дер кезінде қабылданған шешім болғанын айтады.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдатқан дұрыс деп ойлаймын. Өйткені орталық ашылған сәттен-ақ бізден көмек сұраған аналардың ахуалын мұқият зерделеп, көріп-біліп отырмыз. Осы уақытқа дейін әйеліне қол көтерген ер-азаматтар ары асса 10 күн жазасын өтейтін. Бірақ қателігін түсініп, үйіне барған соң әйелінен кешірім сұрап, тәубеге келетін ерлер некен-саяқ. Көбі «көресіні үйге келгенде көрсетемін» деп жұдырығын түйіп отырады. Әйел тағдырын ойрандағандар кем дегенде бір ай жазасын өтесе, бәлкім, кінәсын мойындап, сабасына түсер ме еді? Сол аралықта ерлермен психологтер сөйлесіп, кеңес берсе, оның өзі үлкен олжа, – дейді Жамал Дүйсенбайқызы.

ОРТАЛЫҚТА ОРЫН ТАПШЫ

Тараз қаласындағы дағдарыс орталығы қаланың шеткі аумағында орналасқан. Өйткені түн ортасында жарының қайда кеткенін зәбірленушінің күйеуі мен туыстары білмегені дұрыс. Ана мен баланың қауіпсіздігі үшін мекеменің қабырғасы биік қаланып, бейнебақылау камералары қойылған. Мекемеде қызмет алушының еркін жүріп-тұруына, бос уақытында бала тәрбиесімен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Орталықтың ережесінен бастап, ас мәзірі, арнайы кабинеттер мен басқа қажеттіліктер Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен бекітілген стандарттарға сай болуы қажет. Зорлық-зомбылық құрбаны болған нәзік жандыларға алты ай бойы әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық көмек көрсетелетіні де осы құжатта бекітілген.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жанынан құрылған орталықтың ашылғанына – 8 жыл. Осы аралықта мекеме мамандары 1 040 адамға әлеуметтік қызмет көрсеткен (325 әйел, 715 бала). Оның ішінде 143 әйел және 314 бала орталық қызметкерлерінің арқасында отбасымен қайта қауышып, тату-тәтті өмір кешуде. Қазір 27 қызмет алушыға шақталған орталықта орын тапшы. Мұндайда мекеме басшылығы түн ішінде көмек сұрап келген нәзік жандыларды қабылдап, кейін Шымкент қаласындағы 50 орындық орталыққа жіберуге мәжбүр. Бірақ бұл ұсынысты көп ана құптамайды. Өйткені кесімінен айнымаған аналар күйеуімен ажырасуды көздесе, сот процесі өткенше екі қаланың арасында сенделуге мәжбүр. Ал күйеуінен зәбір көрген ананың қалтасына әлдебіреу ақша салып, арқасынан қағып шығарып салмайтыны түсінікті. Сол үшін де мамандар кейде үйіне қайтуды жоспарлаған келіншектердің отбасымен кеңесіп, амалсыз ертерек шығарудың қамына кіріседі.
Орталық директорының айтуынша, 2017 жылы Шу ауданынан кеңес беру кабинеті ашылған. Кейін осы тәжірибенің тиімділігі байқалғанда Меркі, Сарысу, Жуалы ауданында қосымша кеңес беретін кабинет қарастырылған. Әзірге аудандағы мамандар тек психологиялық көмек көрсетеді. Егер жәбірленушінің жағдайы тым күрделі болса, мамандар оны Тараз қаласындағы орталыққа жолдайды. Көп жағдайда кеңес беру кабинетіндегілер істі аудандық полиция қызметкерлерімен ақылдасып тындыруға күш салады. Соған қарамастан бірер күнде қалаға жақын ауданның бірінен 7 баласы бар ана келіпті. Бірақ орталық тәртібі бойынша медициналық тексеруден өткенше оқшау бөлмеге орналасқан анамен жүздесу мүмкін болмады. Мекеменің кеңес беру кабинеті Тараз қаласының орталығында да бар. Онда төрт психолог пен заңгер тәулік бойы жұмыс істейді. Мамандар шұғыл түскен қоңырауды қабылдап, күйеуінен қысым көрген нәзік жандыларға байланыс арқылы қолдан келгенше көмек көрсетеді. Әйелдерді қабылдауына шақырып, психологиялық тұрғыда шыңдайды. Отбасылық жағдайды ушықтырып алмауды ойлап, арадағы мәселені бір кабинеттен-ақ ақылға салып шешетін ерлі-зайыптылар болса қанекей? Алайда қазірдің өзінде психологке барып, кеңес алуға арланатындар көп. Қала берді, кеңес беру кабинеті жайында естімегендер басым. Отбасылық жанжал туғанда қос тарап дүрлікпей, мамандардың ықпалымен татуласып жатса, ажырасқан отбасылардың саны азаяр ма еді? Өкінішке қарай, әзірге мұны елеп-ескеріп, кеңес беру кабинеттерін жандандырып жатқан ешкім жоқ. Бұл да болса орталықтағы орын тапшылығына белгілі бір деңгейде кері әсер етуде.

БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ АТА-АНА ЖАУАПТЫ

Дағдарыс орталығындағы мамандар үйдегі дау-жанжал бала психикасына әсер ететінін айтады. Мысалы, орталықтағы көпбалалы ананың 10 жасар баласы әкесінен көргенін балаларға көрсетіп, қатарластарын күшпен тыңдатқысы келеді.
– Бір күні он жасар бала ұлдарды ұрып, қыздарға тиісуді шығарды. Баламен сөйлесіп шаршаған психологтер болған жайды бүге-шігесіне дейін айтып берді. Содан баламен әңгімелескенде ол өзгеге өктемдік танытып қана сыйлатуға болады деген оймен жетіліп жатқанын білдім. Демек бала әкесінің озбырлығын дұрыс көреді. Біздің орталықтағы аналарға «Балаға жақын болыңдар, тәрбиесіне көбірек көңіл бөліңдер», деп шырылдайтынымыз содан. Мамандардың кеңесін түйсініп, бала тәрбиесіне басымдық беретіндер де бар. Бірақ аналардың көбі тәрбиеге селқос қарайды. Жуырда осындағы бір ана үш баласын орталық маңындағы мектепке апарды. Кейін ол жұмысқа шыққысы келетінін айтқанда, біз жартыкүндік жұмысқа орналасуды ұсындық. Алайда ана барлық шаруаны мектеп пен орталық қызметкерлеріне артып қойғысы келеді. Әрине бізде тәрбиеші, психолог, мұғалім де бар. Бірақ ана шапағатын көрмеген баланың болашағы қалай болмақ? Біз осындай жайтты аналарға қанша айтсақ та, түсіндіре алмаймыз. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген. Баланы дүниеге әкелген соң оған әуелі ата-ана үлгі көрсетуге тиіс. Меніңше, ересектер баланың керек-жарағын алып берсе іс бітті деген ойдан ада болу керек. Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты. Әсіресе бүгінгі балалар ширақ әрі белсенді. Смартфонға үңіліп, телеарнадан «Маша и медведь» деген сериал көріп өскен балалар Машаның іс-әрекетін дұрыс көреді. Ондағы бас кейіпкердің қолды-аяққа тұрмайтын тынымсыздығын қазіргі балалардан көреміз. Қазақтың тәрбиелік мәні зор мультфильмдері қайда? Баланың еркелігі жайында мұғалім шағым айтса, ата-аналар баласының ығына жығылып, мұғалімді кінәлап жатады. Қазір әр мектепте психолог бар, жас отбасылар солардың кеңесіне құлақ асса дейсің. Отбасылық психологке баратындар аз. Салдарынан үйлі болған соң барлық жауапкершілікті әйелге артатындар көбейді. Мәселен, балаға төленетін жәрдемақыны қалтаға басып, соған ішімдік сатып алатын ерлер туралы жиі естиміз. Баланың аузынан жырып алған ақшаны ұсататын ерлер баласын, әйелін ойлайды деп айту қиын, – дейді мекеме директоры Ж.Қалыбекова.
Осы ретте білікті психолог Айгүл Тұрсынбайқызын сөзге тартып, пікірін білдік.
– Пандемия кезінде жеке қабылдауыма келе-тін ерлі-зайыптылар күрт көбейді. Оқшаулау шараларынан кейін ағайын-туыс емен-жарқын араласып, біріне бірі ерекше құрмет көрсете бастаса, кейбір отбасыларда керісінше, ұрыс-керіс көбейіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі жиіледі. Қазақ отбасыларында ер-азамат тұрмыстың қамымен жиі түзде жүрсе, індет тараған тұста үйде отыруға мәжбүр болды. Осы ретте ескеретін жайт, ерлер физикалық тұрғыда мығым болғанымен, психологиялық жағынан әйелдерге қарағанда әлсіз болып келеді. Кейбір азаматтардың ішімдікке әуес болып, құмар ойындарының арбауынан шыға алмай қалатыны содан. Тіпті нашақорлыққа салынудың өзі әлсіздіктен. Қоғамда экономикалық мәселелер де ерлерді қатты алаңдатады. Зорлық-зомбылықтың негізгі себептері осыдан шығады. Кейде ерлі-зайыптылар арасындағы опасыздықтан кикілжің туып жатады. Осы қатарға жоспарланбаған жүктіліктің салдарынан некелескендерді қоссақ болады. Яғни ажырасуға бірнеше фактор итермелейді. Ең қиыны, ата-анасының қасында еркелеп өскен бала мен толық емес отбасыдан шыққан баланың арасында айырмашылық болады. Өйткені «бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ата-ананың ажырасуы – бала үшін үлкен трагедия. Тіпті екі жасар баланың психикасына да үйдегі жағдай белгілі бір деңгейде әсер етеді. Сондықтан кез келген жас отбасын құрарда осы мәселелерді ескеруі қажет, – дейді психолог.
Қарап отырсақ, отбасы ойраны жылы жауып қоятын шаруа емес. Сондықтан жастар отбасылық мәселенің де көлеңкелі тұстары барын қаперге алғаны дұрыс. Болашағымыз баянды болсын десек, бала тағдырына жүрдім-бардым қарауға болмас. Әрине, Балалар жылы қарсаңында Үкімет ел болашағына серпін боларлық бағдарламаларды іске асыруда. Осындайда ажырасудың алдын алу шараларын да мықтап ойластырса дейсің. Өйткені бала тағдыры ел тағдыры емес пе?!

Сәндібек ПІРЕНОВ,
журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.