Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз ауқымды өзгерістер дәуіріне қадам басты. Жаңа Конституция Озық Қазақстанды одан әрі дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдына азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, қалалық және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ Астана қаласының Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңінен тарату мәселелеріне қатысты бірқатар міндет қойды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Президент тапсырмаларын тиісті бағыттар бойынша орындауға қатысты министрліктердің баяндамаларын тыңдады.
«Президент атап өткендей, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ал қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетініне назар аудару керек. Министрлер мен әкімдер көрсетілген барлық бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Азаматтарға көрсетілетін көмектің түрлері туралы кеңінен ақпарат берілуі қажет. Өңірлерде әкімдіктер әлеуметтік жәрдемақы алушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек», — деді Премьер-министр.
Бірінші. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтарға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер көрсету мәселесі бойынша баяндама жасады. Ведомство мәліметіне сәйкес, бірінші кезең «шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілуі тиіс» қағидатына негізделген және 36 төлемнің 14 түрін қамтитын мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін нормативтік база қалыптастыруды көздейді. Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрі мұқтаждық деңгейіне қарай 4 түрге біріктіріледі. 2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге мұқтаждық қағидаты негізінде мемлекеттік қолдауды атаулы түрде көрсету жөніндегі ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс берілуінің орынды екені, бөбекжайлардағы орын санын көбейту және кіші жастағы балаларға арналған күтушілер тапшылығын шешу арқылы бала күтімі кезеңіндегі әйелдерге екі жыл ішінде көрсетілетін қолдау форматын жетілдіру мүмкіндігі қаралды.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету процесіне жасанды интеллект құралдарын енгізу нәтижелері баяндалды. Мәселен, медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік белгіленген 167 жағдай анықталып, тиісті фактілер құқық қорғау органдарына жолданды.
Сондай-ақ әртүрлі адамдардың деректерінде бірдей мәліметтер кездесетін 18 647 жағдай анықталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Жоғарыда аталған реформалар «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінің деректеріне сәйкес әл-ауқат деңгейі «А» – жоғары және «В» – қанағаттанарлық санаттарына жататын мемлекеттік көмек алушыларды қамтиды. Осы бағытта әкімдіктер «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы азаматтарға сауалнама жүргізуде. Биылғы 1 қазаннан бастап халыққа әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен хабар беріле бастайды. Барлық ұсыныс бойынша заңнамалық түзетулер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына енгізіледі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмек пен жәрдемақыларды атаулы түрде ұсынуды қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.
Екінші. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру шаралары туралы баяндады.
Ұсынылған тәсілдерді ескере отырып, Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар, Сауда және интеграция, Мәдениет және ақпарат, оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп әрбір бағыт бойынша бірыңғай талаптар дайындауды тапсырды. Стандартта қарапайым, түсінікті және нақты талаптар болуы керек. Сонымен қатар, министрліктерге «Таза Қазақстан» бренді шеңберінде қоғамда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын баяндады, олар – ақпараттық сүйемелдеу, жастар мен еріктілерді тарту, азаматтық бастамаларды қолдау және қоғамдық қатысуды дамыту. 2026 жылдың басынан бері экологиялық акцияларға 2 млн-ға жуық жас қатысты, 2 мыңнан астам жастар іс-шарасы өткізілді. Мемлекеттік қолдаумен ҮЕҰ-ның 60-қа жуық әлеуметтік жобасы, оның ішінде 34 экологиялық бағыттағы жоба жүзеге асуда. Бүгінде 3 қалада мамандандырылған эко-хабтар жұмыс істейді: Алматы, Астана және Қарағанды. Олар азаматтарды экологиялық күн тәртібіне жұмылдырудың тиімді құралы ретінде әрекет етеді. Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және экологиялық волонтерліктің жеке бағдарламасы әзірленуде. Күнделікті экологиялық әдеттерді дәйекті түрде қалыптастыру жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол инфрақұрылымының жай-күйі және сапаны одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Министрліктің мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы, облыстық және аудандық жолдардың 91%-ы талаптарға сәйкес келеді. Елді мекендердің көшелері бойынша бұл көрсеткіш 71%-ды құрайды. Бұл ретте жол желісінің жай-күйі бойынша келіп түскен өтініштердің шамамен 58%-ы жергілікті жолдарға, оның ішінде 47%-ы елді мекендердің көшелеріне тиесілі.
Құрылыс сапасын одан әрі арттыру және автожол саласын дамыту мақсатында пайдаланылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылып, битумды қолдану тәсілдері қайта қаралды, құрылыс кезінде сапаны бес сатылы бақылау енгізілді, мердігерлердің жауапкершілігі арттырылды. Сондай-ақ жобалардың басымдығын ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын жұмсау үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту жоспарлануда.
Мемлекет басшысы қалаішілік жолдарға, сондай-ақ ірі және шағын қалалардан тыс орналасқан жолдарға ерекше назар аударуды тапсырды. Көлік министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, қалааралық және республикалық жолдардың сапасын қамтамасыз ету, халықтың шағымдарына жедел ден қойып, жобалардың тоқтап қалуына және олардың іске қосу мерзімдерін бұзуға жол бермеу тапсырылды.
Жоғарыда аталған тапсырмаларды орындау бойынша жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.