РАМАЗАН – ЖАРАТҚАННЫҢ БЕРГЕН СЫЙЫ

0

Рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаһ тағалаға мың да бір шүкір. Аллаһ тағала Құран кәрімде «Бақара» сүресінің 185 аятында: «Рамазан – айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны айыратын) дәлел ретінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Біреулер ауру болып, немесе жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалап ауырлық түсіргісі келмейді. (Ауыздарың ашық кездің қазасын өтеп), ораза күнінің санын толтырыңдар. Сендерді тура жолға бастаған Алланы мадақтаңдар. Оған шүкірлік етіңдер», деген.

Бұл аят мұсылман өміріндегі екі манызды мәселеге нұсқайды. Біріншісі: Рамазан айы – Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) уахи келе бастаған ай және Құранның көп бөлігі Рамазан айларында түсірілген. Екіншісі: Рамазан айы басталуымен әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманға ораза ұстау парыз.

Ораза – Алла Тағаланың әмірі. Оны орындаған адам ұлы Жаратушының разылығына бөленіп, теңдессіз сыйлыққа ие болмақ. Құдси-хадисте Алла тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін тоқтатты. Оған берілетін сыйды Мен ғана беремін», деп оразаның Өзі мен құлы арасындағы сыр екенін ескертті.

Рамазан айында барлық мұсылманға ораза парыз болуының мәнісі – мұсылмандардың бойында ынтымақ сезімін тәрбиелеу, олардың ниет, талаптарын  біріктіру, мансап және ұлтқа бөлінбестен бір уақытта бір құлшылықты орындау. Бұл өз кезегінде мұсылмандардың арасындағы өзара бірлік пен түсінушіліктің нығая түсуінің кепілі. Мұсылман үмметінің қасиетті Рамазан айында бірауыздан күнәларының кешірілуіне ұмтылуы, Жаратушының талаптарына жауап беру, тыйғаннан тыйылу, жақсылық істеуге тырысу Хақ тағаланың жарылқауына қол жеткізудің бірден бір себебі. Рамазан айы – имандылық пен Аллаһ тағаланың жарылқау айы болып табылады. Осы себептен Рамазан айында шайтанның азғыруы әлсіреп, шынайы адал ниет пен адамгершілік қасиеттері жандана түседі.

«Рамазан айы келісімен Жаннаттың есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Әрі шайтандарға кісен салынады», — деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

Алла Тағала Құран кәрімде: «Я, мүминдер! Бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Сол айда болғандарың ораза ұстасын», — дегеніне сай ауыз бекітуге жағдайы келген балиғатқа жеткен әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Ислам бес нәрсеге негізделген: «Аллаһ тағаладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) Оның құлы, әрі елшісі», — деп куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау». Оразаны мойындап тұрып, алайда ауыз бекітпеген адам ауыр күнә істеген болады.

Оразаның ұлық пайдалары көп. Соның бірі нәпсіні тәрбиелеу. Ораза ұстаушы өзін жаратып, рызық берген құдіреті күшті Алла Тағаланың әміріне бой ұсынып, нәпсіден тиылып, сол арқылы нәпсісін жеңеді. Алла Тағаланың әміріне бой ұсынып, ораза ұстаған мұсылмандар өздерінің адал ас-суларынан, тамақтарынан, халал некелі әйелдеріне жақындаудан тиылып (яғни күндізгі ораза тұтып жүрген уақыттан ауыз ашқанға дейін) ғибадатта болады.

Имам Бұхариден риуаят болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Жаннатта бір есік бар. Ол — Әр-Райан деп аталады. Қиямет күні ол есіктен ораза ұстағандар кіреді. Олардан басқа ешкім кірмес. «Ораза тұтқандар қайда?» деп сұрағанда, ораза тұтушылар сол есіктің алдына жиналады. Ораза ұстаушылар кіріп болған соң есік жабылады. Содан соң одан ешкім кіре алмайды», — делінген.

Сөз соңында айтатын нәрсе, ораза тек қана азаннан кешке дейін аш жүру емес, ол Алла Тағаладан берілген тән мен жанның, яғни аманаттың жауапкершілігін сезіну, адам өзін сабырлыққа тәрбиелеу, айыпты және жаман істерден тыйылу. Қолдағы бар игіліктің қадірін біліп, ысыраптан сақтануға шақырады. Міскіндерге қол созып, көмек көрсету, мейірім, шапағат беру сияқты адамзатқа пайдалы болу сезімдерге жетелейді. Оразаның сенімге, мінез құлыққа, денсаулыққа және әлеуметтік пайдасының үлкендігін осыдан білеміз.

Алла Тағала баршамызды Рамазан оразасын шын ниетімен тұтушылардан етіп, Қиямет күнінде ораза ұстағандар ғана кіретін Райан есігінен кірушілер қатарындағылардан етсін.

12 сәуір – кешкі ниет қыламыз, бірінші күн тарауих намазы оқылады.

13 сәуір – Қасиетті Рамазан айының 1-ші жұлдызы.

Мамырдың 8-нен маусымның 9-на қараған түн Қадір түні.

ҚМДБ төралқасының шешімі бойынша пітір садақасының ең аз мөлшері 420 теңге болып бекітілген.

Карантин жағдайына байланысты Қордай ауданындағы мешіт асханаларында ауыз ашар өткізілмейді, тарауих намазы санитарлық талаптарды сақтай отырып қысқа сүрелермен оқылады. Қандай да бір сұрақтар болса мешіт имамдарына қайырылуға болады.

Асқар Зәкіржанұлы, Қордай ауданының бас имамы

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.