Ақ адал еңбегімен абыройдың асқақ тұғырынан көрінгендер, шүкір, арамызда баршылық. Бірақ, бұрынғы еңбегін бұлдап әкім қаралардың алдына баруды ар санайтын, сөйте тұра сыртта жүрсе де ел-жұртының жадынан өшпестей із қалдырғандары бір бөлек. Бүгінде өмірінің желкенді кемесі жетпіс жастың айлағына енген азамат — мәдениет саласының айтулы ардагері Серікжан Әбітбекұлы солардың қатарында. Өткен ғасырдың сексенінші–тоқсаныншы жылдары аудандық мәдениет бөлімін басқарған С.Әбітбековты қордайлықтар ұмыта қойған жоқ. Өзі аккордеонның құлағында ойнап, әдемі даусымен әуелетіп ән салатыны, кез-келген отырыс пен той-томалақты жандырып жіберетін әйдік асабалығы, ауданда қызмет ете жүріп, облыстық, тіпті, республикалық деңгейдегі бірқатар байқаулар мен ақындар айтысының, өнер қойылымдарының жүргізуші-режиссері болғаны ше!
Серікжан Қасық ауылында 1956 жылы жарық дүниені нұрға бөлеп өмірге келді. Әкесі қызмет жайымен отбасымен Алға ауылына көшіп барып, үй салып, Серікжанның балалық шағы сонда өткен. Сегізжылдықтан соң орта мектепті бітіру үшін қайтадан Қасыққа оралады. Одан әрі Алматы көлік инженерлері институтындағы студенттік жылдар. «Инженер-құрылысшы» мамандығын игеріп, Жамбыл фосфор зауытында еңбек жолын қатардағы шебер болып бастағаны, «Қалалық су арнасы» мекемесіне прораб болып ауысқаны бар. Осы жерде Серікжанның жоғары білімді техникалық мамандығы мен былайғы өміріне өзек болған өнер саласындағы кәсібі қабыспайтыны байқалады. Ол қалай болғаны?
«Қандағы бар тектілік, шықпай қоймас еп қылып» демекші, Серікжанға бұл өнер ата-анасынан келген. Әкесі Әбітбек ел басқара жүріп сөзге ұста, отырыстарда гармонын созып ән салатын өнерпаз кісі болыпты. Суырып салма ақындығы өз алдына. Мектепте ұстаздық еткен анасы Күлмаш та қаршадайынан әкесінің гармонын асынып ән айтуға талпынған баласының бетінен қақпаған, барынша қолдау көрсетіп отырған. Әкесінің қарындасы Нәсірхан да сызылтып ән салатын және жадынан өлең шығаратын ақынжанды еді. Олардың шаңырағында айтулы өнер адамдары жиі бас қосатын. Мұның бес-алты жасында ауылға қазақтың атақты жезтаңдай әншісі Жүсіпбек Елебеков пен майталман күйші Мағауия Хамзин концертпен келіп, бұлардың үйінде екі күн жатқаны есінде. Сол күндері клубта да, үйде де шырқалған небір құлақтың құрышын қандырған әсем әндер мен күмбірлеген күйлер бала Серікжанның жүрегіне өнерге құштарлық дәнегін егіп кеткендей екен. Өсе келе асабалық, әншілік, мерекелік жиындарды ұйымдастырушылық жағынан әжептеуір таныла бастайды.
Жамбылда жұмыс істеп жүрген 1978 жылдың көктемінде бүгінде исі қазаққа танымал әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаевпен танысып, ол мұның бойындағы тума талантын бірден байқап, өзі басқаратын «Алатау» ансамбліне шақырады. Содан екі жылдай әнші болып, өнерпаздармен бірге гастрольге шығып, алыс-жақын талай жерлерді шарлайды. Сол сапарлардың бірінде болашақ өмірлік серігі Ғалияны жолықтырады. Келесі жылы олар отау құрып, Қордайға келіп ата-анасымен бірге тұрады. Серікжан алдымен аудандық мәдениет бөлімінде әдіскер, саябақтың директоры болып жүрген жерінен Красногор ауданына арнайы шақырылып, аупарткомда нұсқаушы, кейіннен мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ал, 1988 жылы Красногор ауданы таратылғаннан кейін С.Әбітбеков Қордай аудандық мәдениет бөлімін басқарады.
Оның ауданда атқарған жұмыстарының бір парасы бізге де таныс-ты. Алдымен айтарым, кеңестік саясат алпыс жылдан аса ұмыттырған Наурыз мейрамының Қордай жеріндегі алғашқы тойлануы. 1989 жылғы 17 наурыз, күн сенбі болатын. Чапаев атындағы колхоздың қырманына жағалай киіз үйлер тігіліп, ауыл жұрты барын киіп, бақанын алып осында жиылды. Рас, ол кезде Наурызды тойлаудың белгілі бір үлгісі жоқ, ұйымдастырушыларға кітаптарды ақтарып, көнекөз қариялардың естеліктеріне сүйенуге тура келіп еді. Әділін айтуымыз керек, Наурыздың Қордай жерінде алғашқы жылдан-ақ шадыман шабытпен тойлануына аупарткомның үшінші хатшысы болған Нұрсила Бегалиева апайымыздың айрықша үлесі болды. Ол комсомолдың бірінші хатшысы Т.Әбдірахманов, мәдениет бөлімінің басшысы С.Әбітбековтердің жарғақ құлағын жастыққа тигізбей, наурызды баршаның сүйікті мерекесіне айналдыруға жан-тәнімен кірісті. Серікжанның өзі де киіз үйлердің дастархан мәзірін, ішкі-сыртқы безендірілуі мен салт-дәстүрлерді бейнелеп көрсетуін қадағалап, әділ қазылық етті. Осы қарқынмен Наурыз мейрамы сәуір айының соңында Кенен ауылында аудандық деңгейде тойланған болатын.
Ерке Шуды тел емген қазақ-қырғыз арасындағы мәдени байланыстар өз алдына. Бұрыннан-ақ араласып, тәжірибе алмасып, барысып-келісіп жүретін Қордай және Аламедин аудандарының кезекті достық мерекесі 1989 жылы қараша айында қырғыздар жағының Ленинск ауылында өтіп еді. Бізден аудан басшылары, өндіріс және еңбек озаттары, өнерпаздар, спортшылар, бас-аяғы жүзге тарта адам барған болатын. Алма-кезек сөз сөйлесіп, өнер көрсеткен төрт сағаттан аса достық мерекесінің соңын ала екі ауданның мәдениет бөлімінің басшылары өнерін ортаға салды. Сонда біздің Серікжан аккордеонын құйқылжытып алып, қырғыздың «Арманай» әнін нақышына келтіре шырқағанда риза болмаған, қошеметтеп қол соқпаған адам қалмаған-ды.
Ол кезеңде Қордай ауданы тек экономикасы ғана емес, мәдениет саласы бойынша да облыста үздіктер қатарында болды. Аудан өнерпаздары жылма жылғы түрлі өнер байқаулары мен фестивальдерде топ жарып жүретін. Серікжанның өзі аудандағы қызметіне қоса бірқатар облыстық және республикалық мәдени іс шараларын ұйымдастыруға шақырылып тұратын. Мәселен, 1990 жылы қазақ теледидарында «Мәдениетті қорғайық» тақырыбында ашылған тікелей эфир хабарының алғашқы жүргізушісі болғанын, 1992 жылы Меркі ауданында өткен Сыпатай батырдың 210 жылдығына арналған мерекеде ақындар айтысын жүргізіп, сол тойда бүкіләлемдік «Жібек жолы» өкілдерінің театрландырылған көрінісін басқарып, режиссері болғанын, 1992 жылы қыркүйек айында өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайында штаб басқарғанын неге айтпасқа. Мұның бәрі әуелде Тараздағы «Алатау» ансамблінің құрамында жүргенінде қазақ телевизиясының «Алтыбақан» бағдарламасын алғаш жүргізгенінен басталған үрдіс еді ғой.
— Өмірімде үнемі жақсы адамдар алдымнан шығып отырды, — дейді Серікжан Әбітбекұлы. – Әлмұхан Исақов, Саттар Жанәбілов, Нұрсила Бегалиева, Құрманғали Уәли, Байжан Әденов, Төле Сүгірбай, Ақлима Қабылбаева, мені алғаш мәдениет бөліміне жұмысқа қабылдаған Мэлс Асанқұлов, сондай-ақ, Дүйсен Онгелдиев, Дабылбай Сүйінбаев, Жылқыбай Арпабеков, Бекен Рамазанов, Сманалы Тұрғынбай, Қалдыбай Бегалиев, Дүйсебай Райымқұлов, Сақан Таубалдиев … бірі өмірдегі ұстазымдай болса, бірі қысылғанда ақылын айтқан, қиналғанда қол ұшын берген жанашыр адамдарым.
Серікжанның өнерге қабілетін алғаш танып, қызметке шақырған Алтынбек Қоразбаев болса, қазақтың маңдайына біткен дәулескер күйші, кемеңгер сазгер Нұрғиса Тілендиевтің қасында өткізген күндерін өмірдегі ең бақытты сәттеріне балайды. Қордай жаққа жолы түссе-ақ, ұлы сазгер «Серкуня» деп еркелете мұны іздеп, қасынан бір елі қалдырмайды екен.
Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар кездеседі. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ызғары Серікжанды да айналып өтпепті. Онда Красногор аудандық мәдениет бөлімін басқаратын. Оқиғадан кейінгі күндердің бірінде аупарткомның екінші хатшысы Прилуцкий аудандық ұйымдар мен мекеме басшыларын жинап алып, Алматыдағы ереуілге қатысқандарды жұртқа «маскүнемдер», «нашақорлар» деп түсіндіруге тапсырма береді. Жоғарыдан сондай нұсқау түскен көрінеді. Сонда Секең еш қаймықпастан: «Мен көзім жетпеген нәрсеге сырттай ондай баға бере алмаймын», — деп қарсы тұрады. Екінші хатшы: «Ісіңді бюрода қараймыз, партбилеттен де, қызметтен де айырыласың» дейді сұстанып. Бірақ, оның бірі де бола қойған жоқ. Кейіннен білуінше істі ушықтырмай жылы жауып қойған аупарткомның бірінші хатшысы Ә.Исақов пен идеология жөніндегі хатшы С.Жанәбіловтер екен.
«Адам алпысқа дейін өз абыройымен, алпыстан кейін балаларының абыройымен өмір сүреді», деседі. Шүкір, Серікжан мен Ғалияның үмітін ақтап келе жақан бір қызы мен үш ұлы өз қолдары өз аузына жеткен жайлары бар. Тұңғышы Аягүлді жұрт 2003 жылы Қордайда түсірілген «Саған күшік керек пе?» деген фильмнен білетін болса, Каз-МҰУ-де және Тұран университетінде заңгерлік білім алғаннан кейін ол, АҚШ-тың әйгілі Дьюк университетінің магистратурасын бітірген. Соңғы жылдары БҰҰ-ның зияткерлік меншік жөніндегі ұйымының Женевадағы (Швейцария) еуропалық бөлімінің сарапшысы қызметін атқаруда. Ұлы Айболат «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Корнель университетін бітірген, ҚР Парламенті Сенатының аппаратында, сосын Ғылым және білім министрлігінің халықаралық қатынастар департаментінде қызмет атқарған. Бүгінде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты оншақты алпауыт елдерден тұратын халықаралық орталық басшыларының бірі. Ортаншы ұлы Айберген жеке кәсіпкер болса, кенжесі Еркеғали Президенттің шаруашылық басқармасына қарасты «Almaty Resort» санаториін басқарып келген, қазір қызметі ауысып жатыр екен. Балалары тегіс үй-жайлы болған. «Ата, әже» деп айналасынан шықпайтын, айналып-толғанудан бұлар да жалықпайтын немерелерінің алды ержетіп, бойжетіп келеді. Ең кішісі, зайыбы екеуі үш жыл бұрын Мекке мен Мединеде Умра қажылығын өтеп жүргенде дүниеге келген Медина ше! Ауылдан жеткен хабарға қуаныштары қойнына сыймаған ата-әжесі Құрма бақта қой сойғызып құдайы таратып, нәрестеге киелі қаланың атын берген-ді. Ал, осының бәрінің басы-қасында сүйеуі де, берекесі болып жүрген жан жары – Ғалияшына деген сезімі бәз баяғыдай. Олардың отау құрғандарына биыл 47 жыл толады. Екеуінің бар тілеуі – балаларының амандығы, бірлікте бақытты өмір сүруі. Бұлардың 2013 жылы Астанаға қоныс аударуы осы балаларының қызмет қамына байланысты болды емес пе. Балалардың арқасында өздері де әлемді шарлап, төрт құрылықтың төрт түпкірін көріп келді. Айналада қорғап-қоршап жүрген, қуаныштарына бірге қуанып, ал өзі автокөлік апатына ұшырап, зайыбы дертке шалдыққандай басына қиын іс түскен сәттерде қол ұшын созып демеу болған тілекші ағайын-туыс, бауырларына, бала күннен бергі достарына, кластастары мен курстастарына деген ықыласы тіптен өзгеше.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» Секеңнің көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры – өлең жазатыны. Ойлы да, сезімге толы жырлары әртүрлі тақырыпты қамтиды. Басынан құнттап жинамаған, сөйтсе де қолда барының өзі бір кітап болғандай. Туған жері туралы бір өлеңінде:
Қордайым, менің, көркемім,
Бүгіннен жақсы ертеңің
Алыста жүріп аңсаумен
Сағыныш сазын шертемін,
Асығып саған жетейін
Көңілдің керіп желкенін.
«Қойтастың» тасын сағындым,
«Үкілі сайдың» бұлағын.., — дейді елге деген сағынышы кеудесін кернегенде.
Міне, оқырман, жақсы бір азамат туралы жылы лебізімізді ортаға салып, өздеріңізбен бөлісіп отырмыз. Мұндай жандар үшін ел ықыласынан асқан бақыт бар ма, сірә?!
Құрманбек Әлімжан, Қазақстанның Құрметті журналисі.