ӨНЕР МЕН ЕҢБЕКТІ ҚАТАР ӨРГЕН ӨМІР

0

Адамның ғұмыр жолы бір ғана кәсіппен, бір ғана қабілетпен шектеле бермейді. Кейбір жандар еңбек жолында шыңдалып, спортта бағын сынап, кейін шығармашылыққа бет бұрып, өмірінің әр кезеңінен өзіндік із қалдырады. Сондай сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың бірі – Мағауия Аманкелдиев.

Мағауия Әлімжанұлы 1954 жылы бұрынғы Қасық ауылында дүниеге келген. 1971 жылы ауыл мектебін тәмамдап, сол жылы Жамбыл технологиялық институтының «Тері және мех илеу» мамандығына оқуға түседі. Жоғары білім алған соң еңбек жолын Қарағанды қаласында жалғастырып, тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында бақылау комитетін басқарды. Кейін азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылып, Германияда әскери міндетін атқарып қайтады. Елге оралған соң Қордай ауданындағы Георгиевка былғары комбинатына жұмысқа орналасып, осы кәсіпорында 33 жыл табан аудармай еңбек етеді. Қарапайым шеберліктен бастаған ол кәсіби білімі мен іскерлігінің арқасында бас инженер лауазымына дейін көтерілді.

«Еңбек жолымның ең үлкен мектебі – былғары комбинаты болды. Сол жерде өндірістің қыр-сырын үйреніп, қарапайым маманнан басшылық қызметке дейін өстім. Еңбек адамды шыңдайды. Қай істі қолға алсаң да, жауапкершілікпен атқарсаң, оның нәтижесі міндетті түрде болады», — дейді кейіпкер.

2018 жылға дейін білім саласында да еңбек етіп, Жамбыл ауылындағы мектепте директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Алайда Мағауия Әлімжанұлының өмір жолын тек өндіріс пен қызметпен шектеу мүмкін емес. Ол – спортты да өмірінің бір бөлшегіне айналдырған азамат. Жас кезінен қазақ күресі, дзюдо, самбо секілді спорт түрлерімен шұғылданып, кейін осы бағыттардан жаттықтырушылық қызмет те атқарған. Самбо күресінен екі мәрте Қазақстан чемпионы атануы  оның спортта табысты болғанын көрсетеді.

Ал 1974 жылы ақын Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығына арналған қазақ күресінен облыстық жарыста жеңімпаз атануы – Мағауия ағамыздың өміріндегі ерекше естеліктердің бірі. Сол жарыста ол Кенен ақынның өз қолынан домбыра алған екен. Бүгінде сол тарихи жәдігер Әлжан ана ауылындағы музейде сақтаулы.

Мағауия Әлімжанұлының бойындағы тағы бір қыры – ақындық пен жазушылық қабілеті. Бұл өнер оған әкесінен дарыған.

«Әкем әдебиет пәнінің мұғалімі болды. Өлеңге, сөзге деген ықыласым сол кісіден дарыған шығар. Бұрыннан өлең, әңгіме жазып жүретінмін. Кезінде аудандық «Қордай шамшырағы» газетіне де өлеңдерім мен әңгімелерім жарияланып тұрды. Зейнетке шыққаннан кейін шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туды», — дейді ол.

Бүгінде Мағауия Әлімжанұлының қаламынан туған дүниелер оқырманға кітап болып жол тартты. 2025 жылы Тараз қаласындағы Достық үйінде ақынның «Өлеңдерім – өмірімнің айнасы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жинаққа оның жылдар бойы жазған өлеңдері мен әңгімелері енген.

Ал биыл қаламгердің «Ұрпақтар шежіресі» атты еңбегі жарық көрді. Кітапта Сырымбетұлы Ырысқұл бабадан тараған ұрпақтың шежіресі тарқатылып, кейінгі буынға тарихи-танымдық мұра ретінде ұсынылған.

Мағауия Әлімжанұлының шығармашылық аясы да кең. Ол патриоттық тақырыпта, туған жер, ана тілі, адамгершілік, махаббат пен өмір жайлы жырлайды. Абай, Жамбыл, Кенен сынды қазақтың алып ақындарына арнаған өлеңдері де бар.

Қаламгер бүгінде Қордай ақындары шығармашылық орталығының, Қырғызстанның «Ақтал» шығармашылық бірлестігінің, Түркі әлемі Жазушылар одағының, сондай-ақ «Әулиеата шайырлары» Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі. Түрлі мүшәйралар мен өнер бәйгелеріне тұрақты қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.

Жақында Түркі әлемі Жазушылар одағы ұйымдастырған «Сөйле тілім, жүректен» атты өнер бәйгесінде бас жүлдені иеленсе, «Әулиеата шайырлары» Әлем халықтары жазушылар одағы өткізген «Ана жүрегі – мейірім мекені» атты жыр бәйгесінде үздік шығармасы үшін бірінші орынға ие болды.

«Өлең – мен үшін ермек емес. Өлең арқылы ішкі ойыңды, елге деген сүйіспеншілігіңді жеткізесің. Қазір уақытымды барынша шығармашылыққа арнап жүрмін. Әлі де жазатын дүниелерім көп. Ең бастысы  кейінгі ұрпаққа аз да болса рухани мұра қалдырсам деймін», — дейді Мағауия Аманкелдиев.

Оның отбасы да – өміріндегі үлкен мақтанышы. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Үшеуі де жоғары білім алған. Үлкен қызы Әсел бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Әкесінің қаламға деген қызығушылығы қызына да дарыған. Ол да өлең жазуға бейім.

Өндірісте ысылған, спортта шыңдалған, білім саласында еңбек еткен Мағауия Әлімжанұлы бүгінде өмір тәжірибесін өлеңге өріп, ойларын қағазға түсіріп келеді. Кейіпкеріміздің өзіне серік еткен қаламы мұқалмай, шығармашылық жолы жаңа жырлар мен тағылымды туындыларға толы болсын демекпіз!

 

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.