90-НАН АСТАМ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕК

0

Қордай жері ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген ұл-қыздарымен қашанда мақтанады. Алайда тағдырын ғылыммен байланыстырған азаматтардың орны ерекше. Ғылыммен айналысатын адам – ғылыми әдісті қолданатын, зерттеу жүргізетін, тәжірибе жасайтын және әлемнің құрылымы туралы жаңа білім ашатын маман екені белгілі.

Кенен ауылының тумасы Нұрмаханбетов Дәурен Мұстафаұлы – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, жылқы шаруашылғын зерттеуші ғалым, жоғары білікті маман. Ол түрлі зерттеулер жүргізіп, жаңа білім мен тың мәліметтерді зерделеуде. Мүмкін, бұл тым асқақ айтылғандай көрінер, бірақ оның өмірлік мақсаты – еңбегінің адамзатқа пайда әкелуі, адамдардың мәселелерін шешуге және олардың өмірін жақсартуға үлес қосу.

Дәурен Нұрмаханбетов 1964 жылы 7 ақпанда Кенен ауылында дүниеге келген. Ол – жылқы шаруашылығын селекциялау және оны жүргізу технологиялары саласындағы ғалым әрі жетекші маман.

1990 жылы Алматы зооветеринарлық институтының зооинженерлік факультетін «Зоотехния» мамандығы бойынша тәмамдады. 1994 жылы Қазақ ғылыми-зерттеу және технологиялық институтының аспирантурасын бітірді. 1997 жылы өз мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады.

Еңбек жолын аталған институтта аға зертханашы болып бастаған ол кейін кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. 2005 жылы Алматы облысы Қаратал ауданының «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Кейін ғылым саласына қайта оралды. Қазақстанның мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жылқы шаруашылығы бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Бүгінде осы институтта жетекші ғылыми қызметкер қызметін атқарып келеді.

Біздің кейіпкеріміз 90-нан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 5 оқулықтың, 1 монографияның, жануар тұқымдары бойынша 7 селекциялық жетістіктің авторы. Сонымен қатар бірнеше жылқы тұқымдарына жүргізілген зерттеулері үшін Еуразиялық патенттің иегері. Оның ғылыми жетістіктері қатарында бонитер (жануарларды бағалау және жіктеу маманы) сертификаты және үш авторлық куәлік те бар.

1997 жылы Дәурен Мұстафаұлы Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы Кеңесінің «Үздік ғылыми жұмыс үшін» дипломымен марапатталды. Сонымен бірге ол көптеген медальдарға, Құрмет грамоталарына және Алғыс хаттарға ие болды.

Тарихта ауылдан немесе шалғайдағы елді мекендерден шыққан, ешқандай қаржысы мен таныс-тамыры болмаса да, ғылымда әлемдік деңгейде мойындалған адамдар туралы шабыттандырарлық мысалдар аз емес. Олардың жетістіктерінің басты себептері әрдайым ғылымға деген шексіз қызығушылық, табанды еңбек және мүмкіндік жоқ жерде де жол таба білу қабілеті болды.

Сабырлылық, төзімділік, мақсатқа ұмтылу және талант – міне, осы қасиеттер біздің кейіпкерімізді ерекшелендіріп, оны өз күшіне әлі толық сенімді емес көптеген ауыл жастарына үлгі етеді.

Дәурен Нұрмаханбетовтың өмір жолы көрсеткендей, ең бастысы – өз арманыңа адал болып, алға қарай ұмтылу. Оның өмірлік жолы жылқыны зерттеудің іргелі биология, ветеринария және зоотехния ғылымдарының дамуындағы маңызды рөлін айқын көрсетеді.

Жылқы тарихи тұрғыдан алғанда көптеген маңызды ғылыми жаңалықтардың зерттеу нысаны болған. Сондықтан ғалымдар арасында «Жылқы шаруашылы – ғылымның жүрегі» деген сөз жиі айтылады.

 Анжела Изаева

суретте:  «Конина без мифов» деректі фильмінен үзінді

(Д.Нұрмаханбетов оң жақтан бірінші)

Leave A Reply

Your email address will not be published.