СУДЫ КӨП ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ДАҚЫЛДАР КӨЛЕМІН АЗАЙТУ ҚАЖЕТ

0

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызған шақ. Былтырғы жылғы қуаңшылықтан қаймыққан шаруаға алқаптарға дән екпес бұрын «жеті рет өлшеп бір рет кесуді» ойға алғаны абзал екені айтпаса да белгілі. Өйткені, мамандар биылғы жылы суармалы судың былтырғы жылғы деңгейде ғана болатынын айтып, дабыл қағуда. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев округтердегі шаруа қожалық өкілдерімен кездесу өткізуде.

Осындай кездесулердің бірі Әлжан ана ауылында өтті. «Қазсушар» мамандарымен бірге шаруалармен жүздескен Жұлдызбек Төленұлы былтырғы қателіктердің алдын алу үшін жұмысқа бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартуда.

— Биыл су көп талап ететін дақылдардан толықтай бас тарту қажет болып отыр. Су көлемі көрші елден былтырғыдай ғана келеді деп күтілуде. Яғни, шалғай ауылдарға суармалы су мүлдем жетпей қалуы мүмкін. Мамыр айының соңына дейін суды аса қажет етпейтін дақылдарды мейлінше суарып алған жөн. Сол себепті де арпа мен бидайға басымдық берген дұрыс болар. Біздің мақсат алдын ала ескерту. Өйткені, былтырғы жылғы жағдай қайталанбасын, деп тілейміз. Осындай жиынды өткен жылы зардап шеккен барлық округтегі шаруа қожалық өкілдерімен өткізетін боламыз. Сіздерден сұранарымыз, қазірден бастап «Қазсушар» РМК облыстық филиалы, аудандық бөлімшесімен келісімшарт жасай беріңіздер. Шарт жасасқан жандар ғана алқабына су алатын болады, — деді Жұлдызбек Бақаев.

Биылғы жылғы маусымда суармалы су бойынша тағы да бірқатар өзгерістер орын алмақшы. Мәселен, енді канал жанына арнайы су сорғылар қоюға рұқсат етілмейтін болады. Алқапқа су канал ағысымен барады. Өйткені, мықты насостар қойылса келесі ауылға емес тіпті көршілес жатқан алқапқа су жетпей қалғанның куәсі болғанын шаруалардың өздері де айтуда.

— Көктемгі дала жұмыстары кезінде былтырғы жылға қарағанда егіс алқаптарын біршама азайтуды да ұсынып отырмыз. Ол жайында облыстық әкімдікке де хабарладық. Осының барлығы әрине, амалсыздықтан болып отырған шара. Өйткені, білуімізше қазіргі таңда бізге су келетін Қырғыз еліндегі «Орто-Токой» су қоймасында су мөлшері өте аз. Келген күнде де су сол былтырғы деңгейде ғана болады. Егер алқаптарға дәл өткен жылғыдай көлемде көкөніс пен дәнді-дақылдар себетін болсақ ол бізге мүлдем жетпейді. Ауа-райы болжамы биыл жаз айының ыстық болатынын айтуда. Сол себепті де бізде тек бір ғана амал – ол егістік алқаптарын қысқарту, оның ішінде суды көп қажет ететіндерін мейлінше азайту, — деген Жұлдызбек Төленұлы аудандағы бірқатар су қоймалары жөндеуден өтеді деп күтіліп отырғанын, қазір құжат мемлекеттік сараптамаға жіберілгендігін жеткізді.

Өзіміздегі су қоймалар жөндеуден өтіп, алқапқа жетер суды мейлінше жинай алатын қауқарға ие болғанша әзірге диқандарға белді бекем буып, «көрпеге қарай көсілу керек» болып тұр. Бұл жиындағы айтпақ әңгіменің төркіні осы болды.

Дәл осындай жиын Степной ауылдық мәдениет үйінде де өтіп, онда да қазіргі жағдайға байланысты толықтай түсініктеме берілді. Жалпы кездесу барысында шаруалар тарапынан бірқатар сұрақтар да түсіп, мамандардан  жауаптар берілді. Оның ішінде суармалы судан бөлек тыңайтқыш алу, жеке су құбырларын бұрғылауға байланысты сұрақтар болды. Ал, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаевтың бастауымен мұндай кездесулер алдағы күндері Жамбыл, Бетқайнар, Қақпатас, Сарыбұлақ ауылдарында да өтетін болады.

Еске сала кетсек, былтыр суармалы судың тапшылығы және құрғақшылыққа байланысты көптеген шаруа қожалықтардың егістіктері күйіп кеткен еді. Соған байланысты «Жергілікті деңгейде табиғи сипаттағы төтенше жағдай» жарияланған болатын. Шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылып, мемлекет тарапынан өтеліп те берілген.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.