ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛАДЫ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков жұмыс кестесіне сай кезекті мәрте тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда аудан басшысы әр тұрғынның сауалына ерекше көңіл бөліп, билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуды бірінші кезекке қойды.

Сәрсенбі күні аудандық әкімдікке халық көптеп жиналды. Олардың арасында көпбалалы және жалғызбасты аналар, өзге де әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар басым болды. Қабылдауда байқағанымыз, тұрғындардың мұнда арқалап келген сауалы әр қилы болғанымен, түптеп келгенде барлығы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға қатысты болды.

Тұрғындардың көбі жер кезегі және тұрғын үй мәселесін арқалап келді. Аудан әкімі қазіргі таңда ауданда тұрғын үй және жер кезегі мәселесі өзектілігін жоғалтпай келген мәселелердің бірі екенін атап өтіп, оның Заң аясындағы тәртібін және кезекті қадағалау мәселесін түсіндіріп, осы сала мамандарына тапсырмалар берді. Сонымен қатар, көпшіліктің сұрауын арқалап келген азамат та болды. Мәселен, Бетқайнар ауылының тұрғындары ауылдағы Қазақстан көшесінің бойындағы ғимаратты мектеп ғимаратына беруге ықпал етуді сұрады. Бұл мәселені жан-жақты зерделеп, қарастыратынын және мүмкіндік болса, шешімі табылатынын жеткізген Бегзат Болатбеков бірқатар тұстарына тоқталып өтті.

Осы және өзге сұрақтардың барлығын тыңдап, әр тұрғынмен жекелей сұхбаттасқан Бегзат Сейсенқұлұлы әр сұраққа тұшымды жауабын берді. Кейбір мәселе бірден қабылдауда шешімін тапса, біраз проблемалық жайттарды шешу үшін әкім жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмаларын берді. Қоғамдық қабылдауға бас-аяғы 17 азамат қатысып, барлық сұрақтарға заң аясында тиісті жауап қайтарылды. Осындай қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде өтетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.