ТӘРТІП САҚШЫСЫ ЕСЕП БЕРДІ

0

17 наурыз күні аудандық Мәдениет үйінде аудандық полиция бөлімінің бастығы подполковник Әлімхан Қарымсақовтың халықпен есепті кездесуі өтіп, онда ауданның бас полицейі 2021 жылы атқарған жұмысы жөнінде есеп берді. Кездесуге аудан әкімі Мәден Мұсаев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктер басшылары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Әлімхан Қарымсақов аудандық полиция бөлімінің есепті мерзімде атқарған жұмысын нақты көрсеткіштермен сипаттап берді. Баяндамашының айтуынша, 2021 жылы қылмыстар саны 2020 жылмен салыстырғанда 384 жағдайдан 180-ге азайып, бұл көрсеткіш 32,3 пайызды құраған. Ал, қылмыстардың ашылуы 69,9% құраған (2020 жылы 53,3%). Алайда, аудан жолдарында орын алған жол-көлік оқиғаларының саны 38,5% ұлғайып, жарақат алғандар саны 24-тен 48 адамға өскен. Баяндаманы мұқият тыңдаған аудан басшысы Мәден Мұсаев полиция қызметкерлерінің, оның ішінде учаскелік полиция инспекторларының жұмысына қатысты сұрақтарын қойып, санитарлық режимді бұзғаны үшін салынған айыппұл мәселесін көтерді. Мұнымен қатар, «Аманат» партиясы Қордай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мырзағали Күзербаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық мәслихат депутаттары және бірқатар аудан тұрғындары тәртіп сақшысына өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Сөз алғандардың ішінде алғыспен қатар, құқық қорғау органдарының жұмысына сын айтқан азаматтар да болды. Мәселен, көші-қон қызметі, учаскелік полиция инспекторларының және жол-патрульдік полиция қызметінің жұмысына шағым көп болды. Аудандық полиция бөлімінің жаңа тағайындалған басшысы тұрғындардың ескертулерін назарға алып, туындаған мәселелерді тез арада шешуге уәде берді.
«Біздің міндет полицияны сынға алу емес, тұрғындардың игілігіне атқарып жатқан жұмысын жақсарту үшін көмек көрсету. Құқық қорғау органдарының жұмысында кемшіліктер жоқ емес, ол бойынша бізге халықтан шағым түсіп жатады. Сіздердің міндет – сол олқылықтарды жойып, мұндай жағдайлардың алдын алу», — деді жиынды қорытындылаған аудан басшысы Мәден Мұсаев.
Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.