Президент Қ.Тоқаевтың билік пен бұқараны жақындастыру, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру мақсатында барлық деңгейдегі әкімдерге жыл бойы халықпен кездесулер өткізуді тапсырғаны мәлім. Қалың ел тарапынан қолдау тапқан бұл бастама Қордай ауданында да тұрақты түрде жүзеге асып келеді.
Жоспарға сай өткізіліп жатқан ауыл халқымен кездесулер өткен бейсенбіде Сұлутөр және Үлкен Сұлутөр ауылдарында жалғасын тапты. Аудан әкімінің орынбасары Елдос Нұралиев бастаған халыққа қызмет көрсететін бірқатар жергілікті атқарушы органдардың басшылары ауыл жұртымен кездесіп, оларды алаңдатқан әлеуметтік мәселелермен танысып қайтты. Еркін форматта өткен кездесу барысында көтерілген сұрақтардың басым бөлігі – ауыз су, жол, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына қатысты болды. Сондай-ақ, Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғындары маусым айында орын алған төтенше жағдай салдарын қалпына келтіру жұмыстары жайын да сұрады. Аудан әкімінің орынбасары Елдос Бекболатұлы зардап шеккен отбасыларға үй салып беру, қаржылай көмек көрсету, жол жөндеу сынды жұмыстардың кезең-кезеңмен жүзеге асып жатқандығын жеткізді.
Көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселелерге қанық болған әкімдік өкілдері ауыл азаматтарының сауалдарына жауап беріп, әр мәселе бақылауға алынып, мұқият зерделенетінін жеткізді.