Тәртіп – жауынгердің бірінші қаруы

0

Гвардейск гарнизонында әскери тәртіпті нығайту бойынша ведомствоаралық жиналыс өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында әскери тәртіпті күшейту туралы айтқан болатын. Сонымен қатар, мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының таралуына тосқауыл қоюды, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыруды, сондай-ақ адамдар қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу қажеттігін тапсырған болатын.
Осы мақсатта әскери бөлімдердің жеке құраммен ведомствоаралық жиналыс өткізді. Оған гарнизон мен әскери полиция бөлімінің басшылары, әскери бөлімдердің командирлері мен штаб бастықтары, командирлердің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасарлары, бөлімше командирлері қатысты.
Жиналыс барысында әскери бөлімдерде орын алған оқиғалар мен құқық бұзушылықтар туралы айтылып, оның алдын алу бойынша атқарылған іс-шаралардың сапасы мен нәтижесі талқыланды.
— Өкінішке орай әскери бөлімдерде орын алған құқық бұзушылық фактілері кездеседі. Біз мұндайға жол бермеуіміз керек. Ол үшін жеке құраммен тікелей жұмыс істейтін әрбір лауазымды тұлға өздерінің лауазымдық міндеттерін жауапкерлікпен қарап, тиісінше атқаруы қажет, – деді Гвардейск гарнизонының бастығы полковник Талғат Оразәлиев.
Шара соңында әскери тәртіпті қатаң сақтау қажеттілігі туралы бірқатар тапсырмалар қойылды.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.