Мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаңыз!
«Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мемлекеттік орман аумағында өрт қауіптілігінің жоғары (IV сынып) және төтенше (V сынып) деңгейлерінің қалыптасуына байланысты азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Жазғы маусымда ауа температурасының жоғарылауы, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, құрғақшылықтың ұзаққа созылуы және желдің күшеюі орман өрттерінің туындау қаупін бірнеше есе арттырады. Осындай табиғи-климаттық жағдайларда өрттің шағын ошағының өзі санаулы минуттар ішінде үлкен аумаққа таралып, орман алқаптарына, жануарлар дүниесіне, елді мекендерге және азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
Өрт қауіптілігінің IV–V сыныптары кезеңінде мекеме тарапынан мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда:
- мемлекеттік орман күзетінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды;
- орман алқаптарын патрульдеу жұмыстары күшейтілді;
- өртке қарсы техникалар мен құрал-жабдықтардың әзірлігі толық қамтамасыз етілді;
- бақылау және мониторинг жүргізу жұмыстары күшейтілді;
- профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде;
- орман қоры аумағына келушілер арасында ақпараттық жадынамалар таратылып, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілуде.
Осыған байланысты «Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ мемлекеттік орман қорына келушілер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Бұл жұмыстардың мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және орман өрттерінің алдын алу.
Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары!
Өрт қауіптілігінің жоғары және төтенше кезеңінде мемлекеттік орман қоры аумағында:
- ашық от жағуға;
- мангал, ошақ және басқа да ашық жалын көздерін пайдалануға;
- құрғақ шөпті, сабанды және қоқысты өртеуге;
- сөндірілмеген темекі тұқылын, сіріңкені немесе басқа жанғыш заттарды тастауға;
- жанғыш қалдықтарды орман ішінде қалдыруға;
- өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға жол берілмейді.
Қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік орман қоры аумағына азаматтардың кіруіне және автокөлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.
Егер мемлекеттік орман қоры аумағында түтін немесе өрт белгілерін байқасаңыз, уақыт оздырмай өртке қарсы қызметке ТЖБ 112 нөміріне немесе орман шаруашылығының жауапты қызметкерлеріне 4-52-66, 7-11-17 нөмірлеріне хабарлаңыз.
Қазақстан Республикасының Орман кодексіне және өрт қауіпсіздігі саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондай-ақ келтірілген материалдық және экологиялық залал толық көлемде өтелуге тиіс.
Құрметті азаматтар!
Табиғатты қорғау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Мемлекеттік орман қоры аумағында белгіленген талаптарды қатаң сақтап, өрт қауіпсіздігі ережелерін орындауға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және орман байлығын көздің қарашығындай қорғауға шақырамыз.
Орман – халқымыздың баға жетпес байлығы. Оның сақталуы – бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігі және келешек ұрпақ алдындағы қасиетті аманат.
«Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-сі