ТАБЫСҚА ЖЕТУ ЖОЛЫНДА КҮШ-ЖІГЕР МЕН ЫҚЫЛАС ҚАЖЕТ

0

Қазір әлемде аграрлық салаға сұраныс артты. Сондықтан да мемлекетіміз ауылшаруашылығын дамытуға ерекше ден қойып отыр. Жамбыл жері ауылшаруашылығын өркендетуге өте қолайлы өңір. Әсіресе, сапалы ет өнімдерін дайындап, шетел асырып экспорттауға мүмкіндік көп. Ол үшін еңбектің ебін таба білетін ерекше қабілет, күні-түні талмай қызмет ететін күш-жігер және төрт түлікті өсіруге деген ықылас болса жеткілікті.
Біле білгенге мал ұстау береке. Мемлекеттің демеуі шаруамның дамуына жол ашты. Соның негізінде жұмыс көзін таптым. Қазір жемісін көріп отырмын.
Мен 2001 жылы Қордай ауылында «Бай-Нұр» шаруа қожалығын ашып, асыл тұқымды «Еділбай» қойларын және қазақтың ақбас сиырларын, «Алатау» тұқымдастарын көбейтумен айналысып келемін. Ең алғашында осы тірлікті небәрі 100 бас қой және 20 бас сиырдан бастап едім. Бүгінде қой саны он мың басқа, сиырлар мың басқа жетіп отыр. Оның ішінде, «Бай-Нұр» шаруа қожалығының ерекше жетістіктерін атап өтер болсам, «КазАгро» акционерлік қоғамы арқылы Канада елінен 400 бас «Ангус» тұқымды аналық сиырларын әкеліп, өз жерімізге бейімдеп, тұқым алып отырмыз. Осылайша біздің шаруашылықтың ет өнімдері бүгінде алыс және жақын шет елдерде, сонымен қатар отандық нарықта да сұранысқа ие болып отыр десем, артық айтқандық болмас.
Әрине, шаруашылықтың жұмысын алға жылжытуда ауыл шаруашылығы техникасының жеткілікті болуы көп рөл атқарады. Осы мақсатта 2014 жылы «АКК» даму қоры арқылы 14 пайыздық несие алып, шет мемлекеттен өзімізге қажетті техниканы әкелдік.
«Мал баққанға бітеді» деген қазақ атам. Осы тірлікті іске асыру, оның көзін табу бізге оңай болмады. Мал басын көбейтуден бөлек, оның тиісті күтімін жасауды қаперден шығармау керек. Сондықтан мал шаруашылығына қажеті білікті мамандардың тапшылығы секілді қиындықтар да болды. Мәселен, мал дәрігердің жоқтығы, жұмысшы адамдардың жетіспеушілігі, сондай-ақ жоғары білімді кәсіби мамандардың болмауы. Бұл мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Осы ретте өзіміздің Жамбыл облысының аумағында білікті мамандар дайындайтын арнайы оқу орны ашылып жатса, көптеген шаруалардың еңбегі жандана түсер еді. Арнайы оқу орнын тәмамдаған немесе оқып жатқан жас мамандарды жұмысқа тарту арқылы әр шаруа өз жұмысын дөңгелетуге мүмкіндік алса, сонымен қатар жұмыссыздық мәселесін де шешер еді.
Әрине, әйел адам болған соң, ең алдымен ана екеніңді ұмытуға болмайды. Бүгінде мен жеті баланың анасымын. Сол балалардың келешегі үшін барынша аянбай еңбек етуге тырысамын. Ал балаларыма мейірімді ана, қамқоршы жан болумен қатар, үлгі боларлықтай еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеуді өз парызым деп санаймын. Және де балаларыма әрдайым табыс кілті табандылықта деп айтып отырамын.

Айман АШИМОВА, «Бай-Нұр» шаруа қожалығының
басшысы, Қордай аудандық мәслихатының депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.