Тазалық – мән-мағынасы өте терең, киелі ұғым. Қазақ халқы ежелден тазалықты тек сыртқы ұқыптылық деп қана емес, адамның ішкі дүниесінің айнасы деп түсінген. «Тазалық – иманның жартысы» деген нақыл сөздің өзі бұл ұғымның рухани маңызын айқындайды.
Қордай ауданы «Таза Қазақстан» акциясын ауқымды әрі нәтижелі түрде өткізді. Бір ғана күннің ішінде 1500-ге жуық тұрғын бірігіп, өз ауласын, көшесін, қоғамдық орындарды ретке келтіруге күш жұмсады. Бұл –туған жерге деген терең ықылас пен құрметтің айқын көрінісі.
Акция барысында 30-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, аудан тазалығына аса қажет инфрақұрылымдық қолдау көрсетілді. Бұл техникалардың көмегімен Қордайдағы көшелер мен қоғамдық орындардан 250 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Шараның мақсаты – қоршаған ортаның көркін қалпына келтіру, санитарлық жағдайды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру.
Арнайы арық жүйелерінің тазалануына да ерекше назар аударылды. Жалпы, 7 шақырымнан астам арық жүйесі қоқыстан тазартылып, су ағымының еркін өтуі қамтамасыз етілді. Бұл экология мен төтенше жағдайлардың алдын-алу тұрғысынан маңызды шара. Себебі арықтар лас болып, бөгеліп қалса, ол топан су қаупін тудыруы мүмкін, ал оның тазалануы – болашақ апаттардың алдын алу жолындағы маңызды қадам.
Мұндай кең көлемді жұмысқа қатысу арқылы тұрғындар өз жеріне деген жауапкершілігін көрсетіп, мемлекеттік деңгейде бастау алған «Таза Қазақстан» акциясының аясында үлкен өзгертулерге себепкер болды. Бұл іс-шара – таза табиғатқа ұмтылыстың ғана емес, сонымен бірге тұтастай қоғамның таза, көркем болуға деген ынтасының айғағы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған идеясы ұлттың бірлігін, қоғамдық сананың даму деңгейін арттырып, азаматтардың ортақ мақсатқа жұмылуына үлкен серпін берді.
Бұл мемлекеттік бастаманың тек қағазда қалмай, шынайы өмірде күнделікті іске айналатынын дәлелдейтін нақты жетістік. Таза орта – тек мемлекетке ғана емес, әрбір азаматқа да ортақ міндет болып қала бермек.