В.БОЧКОВ. «Шамшырақпен» тағдырлас

0

Қайсыбір еңбек ұжымының да  бар саналы өмірін арнайтын қара нардай қайыспас адал кадрлары болады. «Қордай шамшырағы» газеті үшін Владимир Бочков сондай «өз адамы» еді. Ол шырын іздеп гүлден гүлге қонған көбелектей ұшып-қонып бір келіп, бір кетіп жүретіндерден емес-ті.

1967 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген бойда біздің Қордай аудандық газетіне жолдамамен қызметке келді де, сол бойда осында қалып қойды. Туған жері Шығыс Қазақстанның қайталанғысыз тұмса табиғаты да, жалақысы жоғары астаналық басылымдар да оны қызықтырған жоқ. Қолтықтасып келген қалыңдығы Лидия Михайловна екеуі Қордайға балдай батып, судай сіңді.

Владимир Васильевичті мен 1976 жылы газет  жұмысына жаңа араласа бастаған кезден білемін. Ол редактордың партия тұрмысы бөлімін басқаратын орынбасары және  редакция бастауыш партия ұйымының хатшысы болатын. Көп сөйлемейтін, байсалды, біртоға азамат көрінді. Ал, жазғанда… Айналада өзіміз күнде көріп жүрген, жайшылықта аңғара бермейтін болмашы жайлардың өзінен  керемет  әсерлі көрініс тудыра білетін. Ол жазу стилі өзгеше, көкірек көзі ояу  суреткер еді. Шынын айтсам, мен Бочковтың  мақалаларын қазақ тіліне аударып жүріп те одан көп тәлім алдым. Мына бір жай, тіпті, есімнен кетер емес. Сол жетпісінші жылдардың аяғы болуы керек, бірде Владимир Васильевич «Максимка» деген тақырыппен шағын суреттеме жазды. Мәтінді аударып отырып әсерленгенім соншалық, қайта-қайта көңілім босады. Оқиға қиырдағы Ново-Александровка (бүгінде Керу) ауылынан да жоғары тау аңғарында тұратын омарташы үйінен басталады. Үй иесінің жаңадан апыл-тапыл басқан жас сәбиін кеш қараңғысында жылан шағып алған. Ал енді жанталас басталсын. Шырқырап жылаған сәбиді қалайда ауруханаға жеткізу керек. Омарташы дереу атқа мініп құндақталған баланы алып тау бөктерлей  ауылға  шабады. Керудегі досының үйіне келгесін, мән-жайға қаныққан досы сөзге келмей  мотоциклін  оталдырып екеуі баланы алып шаңдақ жолмен  орталыққа қарай құстай ұшсын. Қырсыққанда жол-жөнекей мотоцикльдің фарасы күйіп кетпесі бар ма. Қараңғыда әрең көрінген  жол сорабымен бұлар абайлап-ақ келеді, бірақ жүріс өнер емес. Бір кезде шөп шабылып жатқан қыр беткейден шамы жарқырап  К-700  тракторы түсіп келеді екен, бұлар оның келуін тағатсыздана күтеді. Тракторшы да бір иманжүзді азамат болды, жағдайды білген бойда өз бағытын күрт  өзгертіп бұлардың шамы сөнген мотоциклінің жолына самаладай жарық түсіріп  сонау Қаракемерге дейін соңдарынан еріп отырған. Ал, ауыл фельдшері  жыланның уы денеге тарай бастаған сәбиге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, омарташының тағы бір танысы түн ұйқысын қиып жеңіл көлігімен оларды алпыс шақырым жердегі аудандық ауруханаға жеткізіп салған. Сөйтіп, денесі күп болып ісіп кеткен сәби білікті дәрігерлік көмектің арқасында  ажалдан құтқарылады…   Қарапайым ғана болған оқиға, бірақ осының өзінен автор адам бойындағы ұрпақ болашағына алаңдаушылық, адал достық,  адамгершілік,   имандылық  деген биік  қасиеттердің баршасын жан тебірентерлік көрініспен көз алдыңызға әкелмей ме.

Владимир Васильевич білікті журналист, жастардың жанашыр тәлімгері, газет ісінің білгірі еді. Ол өзінен кейін газетке келген орыс тілді журналистердің барлығының шын мәнінде ұстазы бола білді. Светлана Кожина, Валентина Кернер, Эрна Сагина, Надежда Круть, Гүлжан Бұтабаева, Анжела Изаева, Айжан Әуелбекова, Виктор Меркульев, Людмила Позднякова, Татьяна Ильченко, Гүлсім Турабаева,  Людмила Досымбекова, Лена Богопольская   және басқалары қашан көрсең әр ненің мәнісін сұрап, жазғандарын көрсетіп оның қасынан шықпайтын. Ал, «Василич» болса бәлсініп жатпай, ең қиын түйіндердің өзін әзілге айналдыра отырып тарқатып беретін, кез-келген жайды жалықпай түсіндіретін.

Газеттегі партиялық бөлімнің меңгерушісі ретінде  ол аупарткоммен тығыз байланыста жұмыс істеп, аудан шаруашылықтары мен мекемелеріндегі   партком хатшыларының бәрімен дос болды.  Озық коммунистердің жұмыс стилі туралы, партия ұйымдарында атқарылып жатқан іргелі істер жайлы «Бочков» немесе «Владимиров» деп қол қойған талай терең мағыналы талдау   мақалалары жарық көрді. Оның шебер қаламынан бүгінде тарихқа айналған сол жылдарғы көпұлтты  аудан өмірінің сан саласын қамтыған  мазмұнды  мақалалары, жасампаз еңбек адамдары жайлы   очерктері, суреттемелері, көсемсөздері мен репортаждары аудандық және облыстық газеттерде үсті-үстіне жарияланып жататын.  Мәселе көтерген проблемалық  дүниелері өңір басшылығының назарын аударып, билік тарапынан лайықты бағасын алған кездері аз емес.

Қордайлық баспасөз ардагерлерінің бірі,кейіннен облыстық «Знамя труда» газетінің қызметкері болған Көкен Оршабеков айтады: Владимир Васильевичтің шығармашылығымен бұрыннан таныс едім. Кейін бір ұжымда қатар қызмет атқардық.  Ол жұмысқа жан-тәнімен берілген, кез-келген тақырыпты оқырманға ұғынықты тілмен жеткізе білетін кәнігі журналист болды. Қолы да, жүрегі  де таза адал азамат болатын, қулық-сұмдыққа жаны  қас еді. Бірде  «Күн астындағы жайлы орын» деген  сын мақаласымен  бір шенеуніктің жемқорлығын аяусыз әшкерелеген  мақаласы жарияланды. Ол мақала қоғамда үлкен  резонанс тудырып,  нәтижесінде әлгі шенеунік қызметінен алынды.

В.Бочков біраз жылдар «Взгляд»-«Көзқарас»  және  «Новости Кордая»—«Қордай жаңалықтары» газетінің редакторы қызметінде жоғары ұйымдастырушылық қабілетін танытты.   Ол ешқашан бастықпын деп көкірек керіп, астамшылық танытуды білмеуші еді. Қарапайым болмысынан, кіммен де тез тіл табысып кететін бауырмалдығынан айнымады. Жұртпен бірге сенбілікке де шығатын, кетпенін көтеріп қызылша жекелеуге де бірге баратынбыз. Соның өзінен газеттік мақалаға жаңа тақырыптар, суреттемелік қызықты сюжеттер табар еді.

Қордай аудандық газетінде табан аудармай қырық жылдан аса еңбек етіп құрметті демалысқа  шықса да, редакция оны қайта шақырып бірер жыл  газет жұмысына көмектесіп жүрген еді. Бірақ, кейінгі жылдары денсаулығы айтарлықтай сыр беріп, 2018 жылы  наурыз айында    өмірден озды. Ол 77 жыл жасады, кейіннен зайыбы Лидия Михайловна да қайтыс болды. Шүкір, олардың артында ұл-қыздары, немерелері қалды. Ең бастысы –  Владимир Васильевичтің бүкіл саналы ғұмыры арналған  «Қордай шамшырағының» тігінділерінде үлкен жүректі азамат, қаламы жүрдек журналистің өз дәуірінің шежіресіне айналған қолтаңбалары қалды.

Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.