ЗАҢНАМАНЫ БҰЗУ АЗАЙМАЙ ТҰР

0

Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында, осы салаға жауапты мамандармен кездесулерінде үнемі айтып келеді.

2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Мемлекет басшысы табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту бойынша тапсырма берген еді. Бүгінгі таңда оның орындалу барысы қалай?

Ата Заңымыздың 31-бабына сәйкес мемлекеттік аппарат жұмысының бір бағыты – адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы болуы үшін қоршаған ортаны қорғау. Бұл тұрғыда экологиялық бақылау және табиғи ресурстарды пайдалануды реттеу саласындағы уәкілетті орган – Экология және табиғи ресурстар министрлігі. Ал ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға, атап айтқанда биоресурстарды, яғни аңдар мен балықтарды заңсыз аулау, пайдалы қазбалар, орман, сондай-ақ суды, жерді ластау секілді экологиялық заң бұзушылықтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдайды, оларды уәкілетті органдарға жолдайды. Бұл жұмыстарды бүгінде әр өңірдегі табиғатты қорғау полиция бөліністері жүзеге асырады.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау басқармасының бастығы Асылбек Ыдырысовтың айтуынша, осы жылдың басынан бері полиция органдары 10 мыңнан астам табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтап, олардың 330-на қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Әкімшілік жауапкершілікке 10 555 құқық бұзушы тартылып, оларға жалпы сомасы 89,8 млн теңгеден аса айыппұл салынды.

«Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу», 337-бабы «Заңсыз аңшылық», 339-бабы  «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу», 340-бабы  «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» бойынша құқық бұзушылықтар тіркелді. Одан бөлек, биологиялық ресурстар объектілерін және өнімдерін ұрлау, сатып алу немесе өткізу бойынша да сотқа дейінгі тергеуге 17 материал тіркелді», деді ІІМ өкілі.

Мемлекет басшысының табиғат байлықтарын қорғау заңнамасын бұзғандарға қатысты жауапкершілікті күшейту туралы тапсырмасына қарамастан, құқық бұзушылар қатары азаймай отыр. Оған биылдың өзінде заңсыз айналымнан шамамен 79,5 тонна балық, оның ішінде 5,5 тонна бекіре тұқымдас балықтың, 600 шаршы метр ағаштың заңсыз алынғаны дәлел бола алады.

ІІМ өкілі Асылбек Ыдырысовтың айтуынша, заңсыз аң аулау бойынша Қылмыстық кодекстің талаптарымен 3 АЕК-тен (10 мың теңге) 3 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы, Әкімшілік кодекс талаптарымен 5 АЕК-тен (17 мың теңге) 1 мың АЕК-ке (3,5 млн теңге) дейінгі айыппұл салу жазасы көзделген. 2 қыркүйекте республика аумағында күзгі аңшылық кезең басталғанын хабардар еткен ол аңшыларды аң аулау мен қаруды қауіпсіз қолдану қағидаларын сақтауға шақырды. «Бүгінде аң аулау кезінде тосын жағдайлар, өкінішке қарай, орын алып жатыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында әкесі мен баласы аңға шыққан. Әкесі мылтықты баласына бергенде ол қаруды ұстау ыңғайын білмей өзінің аяғын атып алған», дейді тәртіп сақшысы.

Еліміздің биоресурстарын заңсыз пайдаланудан бөлек қоршаған ортаны қорғаудың маңызды бағыты – экологиялық тазалық. Өкінішке қарай, арамызда өзі өмір сүріп отырған жердің экологиясына «түкіргенім бар» деген пиғылмен қарайтын жандар аз емес. Еліміздің аумағында тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған 200-дей арнайы полигонның жұмыс істейтініне қарамастан кейбір ассенизатор иелері (қоқыс-жуындыны таситын көліктер) әжетхана мен септиктердің шұңқырларынан сорып алынған нәжіс пен шайындыны арнайы төгетін орындарға баруға ерініп, ешкім көрмейтін жердегі ағаштардың арасына немесе қаланың кәріз желілеріне төгіп кетуді әдетке айналдырған. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға өз зиянын тигізіп, өсімдіктердің қурап қалуына және қаланың ішінде жағымсыз иістің пайда болуына әкеп соқтырып жатыр.

Ішкі істер органдары Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыретіне жататын осындай келеңсіздіктермен күресте өз тарапынан жәрдем бере отырып, бұл жұмыстарға жұртшылықты да атсалысуға шақырып келеді. ІІМ дайындаған халықпен әріптестікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасында бұл мәселе егжей-тегжейлі айтылған. Осыған орай ІІМ азаматтардан келіп түскен құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларға жедел ден қойып, тиісті шаралар қабылдайды. Нәтиже жоқ емес, халықпен бірлескен жұмыс шеңберінде экологиялық құқық бұзушылық және абаттандыру саласындағы заңнаманы бұзу жайттары анықталып жатыр.

Мысалы, Астана қаласы «ҚазЭкоПатрол» қоғамдық бірлестігінің жетек-шісі, экобелсенді Н.Тұтановпен бірлесіп, қаланың кәріз желілеріне қалдықтарды заңсыз төгу фактілерін тұрақты анықтап келеді. Бұл азамат дрон арқылы құқық бұзушылықты бейнеге түсіріп, ішкі істер органдарына жібереді, полицейлер өз тарапынан құқық бұзушыны жауапкершілікке тартады. Осылайша, жыл басынан бері 20-дан астам құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданды. Айта кетсек, мұндай заң бұзушылар ӘҚБтК-нің 505-бабы «Елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу» бойынша жауапқа тартылып, оларға 20-дан 30 АЕК-ке дейінгі айыппұл салынады.

Жыл басынан бері республика бойынша осыған ұқсас құқық бұзушылықтар үшін 130 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Соның ішінде 12 мыңы Астана қаласында, 17 мыңы Алматы қаласында және 18 мыңға жуығы Қарағанды облысында тіркелген.

«Экологиялық жағдайдың жақсы болуы – халқымыздың және ең бастысы балаларымыздың денсаулығының кепілі. Ел мен жер – бәріміздің ортақ үйіміз. Сондықтан азаматтарымызды экологиялық құқық бұзушылықтарды көрген кезде немқұрайлылық танытпай, экология департаментіне немесе «102» пультіне хабарлауға шақырамыз. Мүмкіндік болған кезде дәлел ретінде қолдану үшін бейнеге түсірген жөн. ІІМ өз тарапынан құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін барлық қажетті шараны қолданады», деді Асылбек Ыдырысов.

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.