ЖҮРЕКТЕРГЕ ДЕМ БЕРГЕН ДӘРІГЕР

0

Адам өмірін ұзартуға септігін тигізетін ақ халатты жандардың еңбегі қашанда өлшеусіз. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп, халықтың алғысын арқалаған дәрігерлер хақында қанша жазсақ та артық етпес. Бүгінгі мақаламызға арқау болған жан – осы күнге дейін 2500-ден астам науқастың жүрегіне ота жасаған Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасының білікті маманы, кардиохирург Бақболат Мырзакерім.

Бақболат Мырзакерімұлы – Қордай ауылындағы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының түлегі. 1999 жылы мектепті үздік бітірген ол еліміздегі алғашқы білім грантының иегері атанып, 1999-2005 жылдар аралығында Алматыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің «емдеу ісі» факультетінде оқыған. 2006-2007 жылдары сол оқу орнында «хирургия»  мамандығы бойынша интернатурадан өтті. Ал 2006-2008 жылдары Президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеудегі А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырларының хирургиясы Ғылыми Орталығында клиникалық ординатурадан өткен. Еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласындағы Ұлттық Ғылыми Медициналық Орталығында кардиохирург дәрігері ретінде бастаған Бақболат Мырзакерім 2013-2018 жылдары шақыртумен Жамбыл облыстық ауруханасында кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі болып істеп, сол уақыттары Жамбыл облысының штаттан тыс бас кардиохирургы болған.

2018-2022 жылдары Шымкент қаласында «Шымкент Жүрек Орталығында» кардиохирург болып еңбек етіп, 2022 жылдан бері Алматы қаласындағы «Орталық клиникалық ауруханасында» қызмет етіп келеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін медицина саласындағы мол тәжірибесінің арқасында бүгінде өресі биік маманға айналды.

Кейіпкеріміздің дәрігерлік жолды таңдауы тегін емес. Анасы өмір бойы фельдшер болған жан. Ал әкесі басқа салада еңбек еткенімен, жастайынан дәрігер болуды армандаған. «Әкем бағын сынап, Қарағанды медицина университетіне емтихан тапсыруға барған екен. Негізгі пәндерден өтіп, қосымша пәннен өте алмапты. Кейін дене шынықтыру институтын бітіріп, мектепте дене шынықтыру мұғалімі, қосымша еркін күрестен жаттықтырушы болған. 6-курс оқып жүргенімде әкем өмірден өтті. Мен үшін оның орны бөлек еді… Бала кезімнен әр жеткен жетістігімді әкеме айтуға асығып тұратынмын. Алғаш рет 2010 жылы жүректің туа біткен ақауы диагнозы бар 25 жасар қызға ота жасадым. Отаны сәтті жасап шыққанымды ең бірінші әкеме естіртсем, мен үшін нағыз бақыт сол болатын еді…Әкем балуандармен күрессе, мен адамдардың денсаулығы үшін ауру-сырқатпен күресіп келемін»,— дейді әке арманын асқақтатқан ұл.

Жалпы хирургия, оның ішінде кардиохирургиялық ота жасау – өте күрделі жұмыс. Сондықтан бұл саланың маманына біліктілікпен қатар, тез шешім қабылдай алу, шыдамдылық, батылдық сынды қасиеттер керек. Жасағалы отырған отаның қаупі мен тәуекелдерін анық бағдарлап болжай алатын кәсіби маман қоғамға қашанда қажет. Осы күнге дейін небір күрделі операцияларды жасап жүрген Бақболат Мырзакерімұлы адам өмірі үшін жауапкершілікті қатты сезінеді.

«Медицина саласын таңдау аяқ астынан болмайды. Себебі, медицина университетінің алғашқы күнінен-ақ оқудың күрделі екеніне көзің жетеді. Ал дертіне дауа іздеп келген неше түрлі науқастарды көргенде дәрігерге жүктеліп отырған жауапкершіліктің зор екенін сезінесің. Еңбек жолымның бастапқы кезеңдерінде тәжірибенің жетіспеушілігінен сенімсіздік болатын. Бірақ маған жол сілтеп, ақыл-кеңестерімен бөліскен, қамқорлықтарын аямаған ағаларымның көп болғанын мақтанышпен айта аламын. Мәскеуде Мусин Жәнібек Ерікұлы, Астанада басшымыз – Жантұрғанов Мақсат Әскерұлы болған. Алғашқы операцияны жасауға сол кісі рұқсат берген, өзі қасымда тұрып, ассистент болып, маған көмектескен. Сонымен қатар, өте білікті маман, әріптесім Әлбазаров Әділжан Бауыржанұлынан да үйренерім көп. Әр хирургтың тактикасы әртүрлі, осындай кәсіби мамандардан өзіме ұнайтын, тиімді жерлерін алуға тырысамын»,- дейді дәрігер.

Кейінгі кезде жүрек ауруларына шалдыққан науқастар саны көбейіп бара жатқаны мәлім. Өкінішке қарай, оның ішінде жастардың да барын естіп жүрміз. Бақболат Мырзакерім жасаған операцияларының 90% атеросклероз салдарынан жүрек тамырларының бітелуінен болатынын айтады: «Жүрек тамырларының бітелуінің негізгі 4 себебі бар. Ол – темекі шегу, қан қысымының көтерілуі, холестерин деңгейінің жоғарылауы және қант диабеті. Бұдан бөлек, дұрыс тамақтанбау, спортпен айналыспау (жаяу жүрмеу), салауатты өмір салтын ұстанбау да жүрек ауруларына алып келеді»,-деп түсіндірді Бақболат Мырзакерімұлы.

Қаншама жанның жүрегіне дем берген дәрігер берекелі де сыйластығы жарасқан отбасының тірегі. Өмірлік серігі де денсаулық сақтау саласында, логопед-дефектолог болып қызмет етеді. Бес перзентіне тағылымды тәрбие беруге ұмтылатын ерлі-зайыптылар балаларына мамандық таңдаудан қателеспеудің маңыздылығын айтудан жалықпайды. «Болашақта балаларым медицина саласын таңдап жатса қуанар едім. Бірақ оған бейімділігі, қызығушылығы болса ғана.  Қазір бұрынғыдай емес, медициналық оқу орындарында білім беру жүйесі өзгеріп кетті, оқу мерзімі де ұзарған. Сондықтан өздері қаламаса, мен мәжбүрлемеймін. Себебі жүрек қалауымен таңдалмаған кәсіп ешқашан нәтиже бермейді, деген ойдамын»,— дейді отағасы.

Қарапайым отбасынан шығып, өзінің білімге деген құлшынысының, тынымсыз ізденісінің, алдына айқын мақсат қоя білуінің арқасында бүгінде абырой биігінен көрініп отырған Бақболат Мырзакерім ешуақытта атақ, байлық қуған емес. Гиппократ антына адал дәрігер үшін ең бастысы – халықтың алғысы, халықтың денсаулығы.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.