ЖАҚЫНЫҢА ЖАНАШЫР БОЛ

0

Дүйсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Елдос Мендекеевтің бастамасымен құқық қорғау органдарының өкілдері, ТЖ бөлімінің қызметкерлері, денсаулық сақтау саласының мамандарынан құрылған топ Масаншы және Сортөбе ауылдарына арнайы барып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Қос ауылда өткен кездесу барысында ең әуелі жергілікті тұрғындарды вакцинациялау мәселесі талқыланды. Жиын барысында сөз алған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекованың айтуынша, бүгінгі күнге Масаншы және Сортөбе ауылдық округтерінде халықты вакцинациялау жұмыстарының қарқыны төмен. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш Масаншыда 37, ал Сортөбеде 35 пайызды құрап отыр. Маманның пайымдауынша, бұл көрсеткіш ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға жеткіліксіз болып табылады. Осы орайда Зәуреш Қалқаманқызы вакцинациялау кем дегенде 80 пайызды құраған жағдайда ғана індеттің таралуына тосқауыл қойылатынын алға тартты. Осылайша, АОА бас дәрігері вирустың таралуы мен вакцинаның мықты иммунитет қалыптастыратын көрнекі мысалдар арқылы дәлелдеп, вакцина түрлерінің айырмашылығын түсіндіріп өтті.

«Ауруханаға қауіпті індетті жұқтырып түскен адамдардың ішінде екпе алмағандары өте көп. Ауыр жағдайда жатқан науқастардың біреуі де вакцина алмаған. Қазір қолда бар вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденді. Сондықтан, барлығыңызды екпе алуға шақырамын. Өздеріңізді және жақындарыңызды вирустан сақтаңыздар», — деді бас дәрігер.

Келесі кезекте сөз алған Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев бас дәрігердің сөзін қолдап, өз тәжірибесінен қарапайым мысал келтірді. Сонымен қатар Б.Ратаев электромотоциклдар мен мопедтерді тізгіндеген жасөспірімдер мәселесін тілге тиек етті. Мұндай жағдайлар әсіресе Масаншы және Сортөбе ауылдарында жиі кездеседі.

«Аталмыш мотоциклдарға жүк немесе 5-10 адам салып жүретін жасөспірімдерді жиі көреміз. Оның жүргізуші куәлігі жоқ екені, ол жол қозғалысы ережелерін білмейтіні айдан анық. Сондықтан апат пен ауыр жарақаттардың қауіпі жоғары», — деген тәртіп сақшысы тұрғындарға аталған құқық бұзушылықтың алдын алу үшін рейд жүргізіліп, қолданылатын шаралардың қатаң болатынын ескертті. Ал, аудан прокурорының орынбасары Қайсар Бекмұратов жол көлік апаттарына тоқталып, тұрғындарды заң талаптарына бағынып, жасөспірімдердің автокөлік пен мотоцикл басқаруына жол бермеуге шақырса, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков балалардың жаз маусымында демалысын өткізу жөнінде мәлімет жасады.

Осыдан кейін сөз алған аудандық ТЖ бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов өрт қауіпсіздігі саласында атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, шомылу маусымы кезінде туындайтын қауіпті алға тартып, тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайтынын еске салды. Осы орайда ыспен улану деректерін тілге тиек еткен ТЖ бөлімінің басшысы қайғылы жағдайларды болдырмау үшін тұрғындарды жылыту маусымына дайындықты мұқият жүргізуге шақырды.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.