Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес бейсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаев Үлкен Сұлутөр және Сұлутөр ауылдарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Қашанда ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселелер – денсаулық, тұрғын үй, білім, әлеуметтік көмек екені белгілі. Осы салалар бойынша аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер, аудандық полиция бөлімі, Халыққа қызмет көрсету орталығы сынды мекеме басшылары қабылдауға қатысты.
Тұрғындар түрлі жеке мәселелерімен қайырылып, заң аясында жауаптарын алып жатты. Ал, ауыл ақсақалдары бірауыздан ауылішілік көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстарын, пошта торабы мен мобильді байланыс жүйелерінің жұмысын жақсартуды сұрады.
Жалпы «Сұрақ-жауап» форматында өткен кездесуде халықтың көкейінде жүрген түйткілді мәселелерінің бәрі тыңдалып, сауалдарына жауап қайтарылды. Тұрғындарды қабылдау барысында, ауылдық округ әкімі мен тиісті мекеме басшыларына өтінішті назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.
«Кездесу барысында көтерілген сұрақтардың өзектісі – жол, ауыз су, жайылым жерлер мен әлеуметтік нысандардың жағдайы. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен жасалып жатыр. Өзге де мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Барлығымыздың мақсатымыз бір, ол – ауылымыздың өсіп-өркендеуі. Мен үшін де бұл аса маңызды, сондықтан да елдің игілігі үшін бірге жұмыс жасаймыз», — деп түйіндеді Мәден Тоқтарбайұлы.
Көшпелі қоғамдық қабылдаудан кейін аудан басшысы Сұлутөр ауылындағы мәдениет үйіне жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының және жаңадан құрылысы жүріп жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің да құрылыс жұмыстарымен танысып қайтты.