ЖАҢА МЕКТЕП – ЖАҢА СЕРПІН

0

Биыл ауданымыздағы білім ұяларының қатары бірқатар жаңа мектептермен толығып, өңіріміздің білім саласының дамуына оң әсерін тигізуде. Дүйсенбі күні аудан орталығында тағы бір жаңа білім ордасының салтанатты түрде ашылуы өтті. 310 орындық «БІЛІМ — академия» интеллектуалды бастауыш мектебінде оқушылардың заман талабына сай сапалы білім алулары үшін барлық жағдай жасалған. Үш қабатты білім ордасының іші жарық, кабинеттері кең, білім алуға қажетті соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған.

Ғимарат жеке кәсіпкердің қаражатына салынғанымен, оқушылар мұнда мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін білім алады. Ата-аналардың қалауы бойынша оқушылар балабақшадағыдай кешке дейін мектепте бола алады, яғни ұзартылған күн тобы бар. Осы жерде тамақтанып, қосымша үйірмелерге қатысады. Бүлдіршіндердің жан-жақты дамуы үшін мұнда 15 түрлі тегін үйірме жұмыс істейді. Атап айтсақ, шахмат, робототехника, би, гимнастика, футбол, каратэ, қолөнер, вокал, сурет салу, ағылшын тілі, орыс тілі, қазақ тілі сынды үйірмелерге қатысуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, логопед, психолог, дефектолог мамандары оқушыларға көмек көрсетеді.

«Біздің мақсатымыз – оқушылардың сапалы білім алуына және уақытты тиімді пайдалануларына жағдай жасау. Таңертең мектепке келген бала стандарттық білім алады, ыстық тағаммен қамтылады, үйірмеге қатысады, одан кейін ұзартылған күн тобында үй тапсырмасын орындайды. Кешкісін арнайы көлікпен үйлеріне жеткізіп тастаймыз. ЖШС балансында балаларды тасымалдауға арналған 5 көлігіміз бар. Бес бағытта – Әлжан ана ауылына, Алға ауылына, Қордай ауылының ішінде, Красный партизан ықшам ауданына және әскери қалашыққа жүреді, яғни таңертең оқушыларды үйінен алып кетіп, кешке жеткізіп тастаймыз. Бір сөзбен айтқанда жұмысбасты ата-аналарға өте ыңғайлы»,-дейді білім ордасының директоры  Нұргүл Тулендиева.

Үш қабатты ғимараттың әр қабаты өзінше ерек. Бірінші қабатта асхана, спортзал, сынып кабинеттері және акт залы  орналасса, екінші қабатқа көтеріле бергенде фойеге оқушылардың сурет, қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырып қойған. Бұл қабатта кабинеттермен қатар кітапхана бар. Әр кабинет интерактивті тақтамен және ортопедиялық парта-орындықтармен қамтылған. Бұл ортопедиялық жабдықтарды Павлодар қаласынан арнайы алдырған екен. Айтпақшы, мұнда оқушыларға жеке заттарын салып қоюға арналған ұяшықтары бар. Оны балалар қолдарына тағатын арнайы білезікпен ашып-жабады. Ал үшінші қабатта компьютерлік сынып орналасқан. Бұл жерде 40 компьютер және мектеп бойынша ең үлкен интерактивті тақта қойылған. Бұдан бөлек заманауи білім ордасында оқушылардың ғылымға қызығушылығын оятатын зертхана кабинеті де бар. Енді балалақайларға робототехниканың қыр-сырын білуге, жаңа жобаларды әзірлеуге мүмкіндік туып отыр. Мектеп қабырғасына салынған әсем суреттерге де мән бермеу мүмкін емес. Оны арнайы Алматы қаласынан кәсіби суретшіні шақыртып, салдырған екен.

Балалар үшін ең бастысы – оң мен солын танытып, білім нәрімен сусындататын ұлағатты ұстаздың болуы. «Біздің мектепте ұзақ жылғы еңбек өтілі бар, нағыз өз ісінің шеберлері жұмыс істейді. Қазіргі таңда штатта 30 мұғалім бар. Барлығы жоғары санатты, білімді мамандар»,-дейді мектеп директоры.

Екінші тоқсанды жаңа ғимаратта бастаған оқушылар дән риза. Балаларын ерте келген ата-аналардың да көңілі тоқ. «Менің балам биыл 1-сыныпқа барды. Ұлымның осындай заманауи интеллектуалды мектепте оқитынына өте қуаныштымын. Балаларымыз осы білім ұясынан жан-жақты сапалы білім алып шығатынына сеніміміз мол»,-дейді ата-ана Әйгерім Бекқожа.

Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына келген қадірлі қонақтар ақ баталарын беріп, жылы лебіздерін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз алып, жаңа мектепте балалардың зейіні ашылсын деген тілегін жеткізді. Символикалық қызыл лентаны қию құрметі мектептің құрылтайшысы Нұрлан Тулендиев пен кәсіпкер Сәрсебек Салыбаевқа берілді.

«Қазіргі таңда 300 бала қамтылды, тек санаулы орындар ғана қалды. Енді біз тек нәтижеге жұмыс істейміз. Менің басты мақсатым сол. Алға қойған жоспарларымыз көп. Тек талмай еңбек етуіміз қажет»,-дейді мектеп директоры.  Нұргүл Нұрланқызы білім саласына қатысты жобаларды сәтті жүзеге асырып келе жатқан жеке кәсіпкер ретінде қордайлықтарға жақсы таныс. Оның ашқан балабақша, мектепке даярлық орталықтары кішкентай бүлдіршіндеріміздің асыға баратын сүйікті орындарына айналып үлгерген. Жаңадан ашылған мектепте де жарқын болашақтың іргесін қалаушы — талапты шәкірттер тәрбиеленіп, бұл мекеме аудандық білім саласына іргелі үлес қосар берекелі білім ордасы боларына сеніміміз мол.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.