ЖАҢА НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРУДЕ

0

Аудан бойынша құрылыс жұмыстарының қарқыны биыл да өзінің лайықты жалғасын таппақ. Кейбір нысандар былтырғы жылдан өтпелі болып отыр екен. Яғни, биыл қолданысқа берілетін болады. Олардың ішінде мәдениет, денсаулық, спорт нысандары бар. Соларға аздап шолу жасай кетсек.

Былтыр Ноғайбай ауылына кіреберіс автомобиль жолының 11 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Қалған 4,5 шақырым биыл соңына жетпек. Сонымен қатар, таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 9 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде  Қарасу мен Ноғайбай ауылдарында жұмыстар соңына жетсе,  Степное, Қайнар, Сарыбұлақ ауылдарында  құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ,  2023 жылы құрылысы басталған ауыз су бойынша 4 жоба бар. Күнбатыс-2, Еңбек, Отар, Қордай ауылдарында аталған жобалар ағымдағы жылы іске аспақ.

Балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында   ауданда 3 мектеп құрылысы жүруде. 2 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында және Бәйтерек ауылында 150 орындық білім ошағы биыл пайдалануға берілмек.

Былтыр денсаулық саласында Беріктас ауылындағы 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Сондай-ақ, Сортөбе ауылдық ауруханасының аумағында бір ауысымда 200 келушіні қабылдайтын емхана және Масаншы ауылдық ауруханасына қосымша ғимарат құрылысы қарқын алды.

Мәдениет саласында 2022 жылы құрылысы басталған Қарасу ауылдық мәдениет үйі, ал  Қордай ауылында 200 мың құжатты сақтау орны бар Қордай ауданының мемлекеттік архиві пайдалануға берілді. Қақпатас, Бетқайнар, Қарасай батыр ауылдық мәдениет үйлерінің құрылысы жалғасуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.