Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен елді мекендердегі өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жиын Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес еркін форматта өтті. Тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, көкейлеріндегі сауалдарын облыс әкіміне тікелей жолдады.
Алдымен өңір басшысы облыстың даму жоспары мен Мойынқұм ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.
Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында ауданның барлық негізгі саласында оң өсім қалыптасқан. Бұған инвестициялық белсенділіктің артуы, құрылыс саласының қарқынды дамуы және агроөнеркәсіптік кешендегі тұрақты өндіріс көлемі ықпал еткен.