САНИТАРЛЫҚ ТАЛАП – ҚАТАҢ ҚАҒИДА

0

Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұлдың және Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарының қатысуымен Қайнар ауылы маңындағы айналма жол бойында орналасқан қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету нысандарында кезекті мониторинг және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара барысында кәсіпкерлерге санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, азық-түлік өнімдерін қауіпсіз сақтау және өткізу, өндірістік бақылауды ұйымдастыру, ауыз судың сапасын тұрақты бақылау, сондай-ақ қызметкерлердің мерзімдік медициналық тексеруден өту тәртібі бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар нысандардағы құжаттамалардың жүргізілуі мен қолданыстағы талаптардың орындалу деңгейі зерделенді.

Мониторинг нәтижесінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама бермеген кәсіпкерлік субъектілерімен жеке түсіндіру жұмыстары өткізіліп, заң талаптарына сәйкес тиісті тіркеу рәсімдерін аяқтау қажеттігі түсіндірілді. Аталған бағыттағы жұмыстарды ретке келтіру үшін кәсіпкерлерге бір ай мерзім берілді.

Айта кетейік, осындай мониторинг және түсіндіру жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында да жүргізілген болатын. Сол кезде берілген ұсынымдар мен түсіндірмелер нәтижесінде бірқатар мәселелер оң шешімін тауып, кәсіпкерлер тарапынан санитариялық талаптарды сақтау бағытында нақты жұмыстар атқарылғаны байқалды.

Жүргізілген түсіндіру жұмыстары халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарда санитариялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.