ЖАН МЕН ТӘН ШИПАГЕРІ

0

Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің «Coworking» алаңында әскери медицина қызметінің ардагері, подполковник, тоқсан жастан асқан қария ЕСІМҚҰЛ ХАЛЫҚБАЕВТЫҢ «Алғыс» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған шара аудандық кітапхана қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылды.

Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар арасында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Құрманбек Әлімжан, Сортөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Татьяна Апаева, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен Есімқұл Халықбаевтың отбасы мүшелері болды. Сондай-ақ, кітаптың маңызы мен автордың өмір жолы туралы жылы лебіздер айтылды.

Есімқұл Халықбаев қаншама қызметтің өткелінен өтсе де, өзін әркез жетілдірумен, дамытумен келе жатқан жан. Соның арқасында жалпы халыққа аса қажетті еңбегін қалдырды. «Алғыс» атты кітабына алғысөзін арнап, баспаға дайындаған ардагер журналист Құрманбек Әлімжан.

Қарияның өмірі мен қызметі көпшілікке үлгі. Ол қаншама жылдар бойы әскери медицина саласында жұмыс істеп, өзінің білімін, тәжірибесін және дағдыларын жетілдірумен айналысқан. Медицина саласында көрегендігімен, сауаттығымен танылып, көптеген жетістіктерге жетті. Кітапта ол еліне жинаған деректерін және өмірлік сабақтарын ұсынып отыр.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған ардагер журналист Құрманбек Әлімжан кітаптың маңыздылығы туралы айтты.

«Талай жылғы ғұмырында жиып-терген дерегі мен тәжірибесін бүгін еліне енші, халқына байғазы етіп үлкен кітап ретінде ұсынып отыр. Сөзсіз, бұл – үлкен қазына. Еңбек ете жүріп соның бәрін қағазға тізіп отыру, әрбір деректі мұқият жинастыру, оны кітапқа айналдыру, расында, үлкен шаруа. Біз бүгін сол еңбектің жемісін көріп, шын қуанып отырмыз. Ендігі ретте бұл кітаптар ел игілігіне айналары күмәнсіз», — деп атап өтті.

Шараның өзінде жиналған халық автордың өмірі мен қызметіне, оның құнды еңбегіне алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын айтты. Кітаптың тұсаукесері – тек Есімқұл Халықбаевтың емес, сондай-ақ, еліміздің медицина қоғамдастығының одан әрі дамуына, халық үшін пайдалы туындылар қолданылуына жол ашады.

«Алғыс» атты кітаптың тұсаукесері – Қордай ауданының мәдени және әлеуметтік өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Есімқұл Халықбаевтың еңбегін бағалауға келген халық үшін бұл кеш ұмытылмас сәттерге толы болды.

Оның өмірі мен қызметі еселі еңбек пен адалдықтың, елге қызмет етудің үлгісі болып табылады. Қырғыз мемлекеттік университетін аяқтағаннан кейін, ол әскерге шақырылып, Новосибирск қаласындағы ракета әскерлерінің медсанбатында 5 жыл қызмет етті. Бұл кезеңде медициналық білімін дамытуға күш салып, кәсіби тәжірибе жинақтады.

Одан кейін «Бурабай» әскери санаторийінде 6 жыл қызмет атқарды. Мұнда оның білім мен тәжірибесі елеулі рөл атқарды. Көп уақыт өткізген «Қойташ» әскери госпиталі, онда 14 жыл бойы жұмыс істеп, оның әскери медицина саласындағы білікті маман ретінде танылуына септігін тигізді. 25 жылды әскери қызметке арнап, 1987 жылы подполковник шенінде отставкаға шығады.

Отставкадан кейін, ол азаматтық медицинада өз қызметін жалғастырады. Бішкек наркологиялық ауруханасында 11 жыл бойы психотерапевт-нарколог болып жұмыс істейді, бұл салада адам жанына жақын, өте маңызды жұмыс атқарады. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде дәрігерлердің тапшылығы сезілген кезде, Есімқұл Халықбаев туған жері Сортөбеге оралып, 1998 жылдан 2017 жылға дейін терапевт, нарколог, және рентгенолог ретінде қызмет етеді.

Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Авиценна» «Алтын жұлдыз» құрмет белгісімен, сондай-ақ, түрлі мерейтойлық медальдармен марапатталды. Оның кәсіби даму жолы – адам өміріне деген терең жауапкершілік пен адалдықтан бастау алады, және ол өзін әрдайым жетілдіріп, қоғамға пайдалы болатын жұмыстарды атқарудан шаршаған емес. Есімқұл Халықбаев – нағыз ұстаз, жүрегі мейірімге толы азамат, еліміздің ілгерілеуіне зор үлес қосатын тұлға.

Шара барысында, Сортөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Татьяна Апаева кітап тұсаукесерінде өзінің жылы лебізін білдірді.

Ол Есімқұл Халықбаевтың медициналық саладағы жауапкершілігі мен еңбегін атап өтті.

«Есімқұл ағаның 25 жылдық әскери қызметі мен кейінгі азаматтық медицинадағы жетістіктері жастарға үлгі. Оның тәжірибесі мен білімі – бүгінгі буын үшін үлкен мектеп. Ол әрқашан адамдардың денсаулығы үшін тынымсыз еңбек етіп, науқастарға шынайы қамқорлық көрсеткен. Біз оның еңбегіне, тәжірибесіне және шешім қабылдай білуіне әрдайым ризамыз. Бүгінде оның кітап шығаруымен елге жасаған жақсылығы тағы да көрініс тапты», — деді Татьяна Апаева.

Денсаулық саласының ардагерлері мен басқа да қонақтар Есімқұл Халықбаевтың «Алғыс» атты кітабының тұсаукесерінде жылы лебіздерін білдіріп, өз ойларын ортаға салды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.