1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қордай ауданында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Іс-шараны «Мол нәсіп» қоғамдық бірлестігі, «Сезім» мүгедектерді қолдау қоғамдық бірлестігі және Қордайдағы «Бұқаралық спорттық іс-шаралар орталығы» бірлесіп өткізді.
Жарыстың негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, олардың белсенді өмір салтын ұстануына қолдау көрсету, сондай-ақ қоғамға бейімделуіне ықпал ету болды.
Мерекелік шара барысында Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының қызметкерлері түрлі ойындар ұйымдастырып, концерттік бағдарламалар ұсынып, балаларға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас эмоция сыйлады.
Спорттық сайыстарға қатысқан балалар өздерінің ептілігі мен белсенділігін көрсетіп, жарысқа ерекше ынтамен қатысты. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға қолдау білдіріп, олардың жетістіктерін жоғары бағалады.
Іс-шара соңында жарысқа қатысқан балалар дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.