ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ

0

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде Президенттік кадрлық резерві құрылған, оның басты мақсаты жігерлі жастарды мемлекеттік қызметке тарту, дарынды әрі қолынан іс келетін жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру. Талаптары қатаң іріктеуге қатысқан 18 000 қатысушыдан 35 жастан аспаған небәрі 350 жас өткен. Олардың арасында ауданымыздың тумасы Ержан Тоқтағұлов та бар.
Қордайда туып-өскен Ержан 2006 жылы ата-анасының жұмыс бабымен Ақтөбе қаласына қоныс аударған. «Алтын белгі» иегері «қаржыгер» мамандығы бойынша Еуразиялық университетті үздік аяқтап, қаланың әртүрлі фирмаларында бухгалтер ретінде жұмыс істеген. Кейін кәсіпкерлікті дамыту бойынша департаментте сарапшы, содан кейін байланыс саласында бақылау бойынша басқармада сарапшы қызметтерін атқарған. Басшылықтың көзіне түскен Ержанға әртүрлі салалар мен ұйымдардан шақырулар түскен. Қазіргі таңда Ержан оңтүстік өңір бойынша байланыс инспекциясы басшысы лауазымында.
Ержанның айтуынша, оны көбінесе жұмысты реттеу, жақсарту қажет болған салаларға шақыратын, ол қойылған міндеттерді ойдағыдай атқарып шығатын. Президенттік кадрлық резерв туралы естіп, резервист болуға бел буған, себебі іріктеуден өткен үміткер экономикалық саясат және мемлекеттік жоспарлау; әлеуметтік саясат; инфрақұрылымды және өнеркәсіпті дамыту; сыртқы саясат; құқықтық саясат және қауіпсіздік салаларында жоғары басқарушы қызметтерді атқаруға мүмкіндік береді. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады, олар құжаттарды қабылдау, ауызша және сандық тестілеу, тестілеуді тексеру, жағдаяттық тапсырмаларды шешу, ассесмент-орталықтың құзыретін бағалау, құзырет бойынша сұхбат, сарапшы комиссияда әңгімелесу және ұлттық комиссияның отырысы. Осы талаптардың барлығынан өтіп, резервист болдым. Ол жерде шет елдерді оқып келген дарынды жас көп. Олар әртүрлі мамандық иелері, олармен араласып, тәжирібе жинап, ой өрісім кеңейді. Қазір жұмыс жайлы неше түрлі ұсыныстар түсіп жатыр, бірақ әлі өзіме лайықты ештеңе таппадым», — дейді Ержан.
«Туған жерге туыңды тік» демекші, ауданның тумасы ол үшін ең бастысы туған жері үшін жақсылық жасау. Газеттің өткен сандарының бірінде біз Шарбақты ауылында интернеттің пайда болуы жөнінде жазған болатынбыз. Таулы аймақтағы қиындыққа қарамастан Ержанның арқасында аталмыш елді мекенде ұялы байланыс пен интернет пайда болды. Ержанмен әңгімелесіп, жуырда ол ұялы байланыс пен интернетті қосумен байланысты қиындықтары бар Күнбатыс-1,2 және Алға ауылында болыпты. Нәтижесінде келесі жылы аталған ауыл тұрғындары интернет пен ұялы байланысқа қол жеткізбек.
Жұмыс бабымен тілшілерге көп адамдармен араласуға тура келеді. Сұхбат барысында адамның жақсы қасиеттері бірден көзге түседі. Сол сияқты, мен де Ержанмен әңгімелесіп оның сауатты сөйлеу мәнерін, сыпайылылығын, жан-жақтылығын байқадым. Ол домбыра шертуді ұнатып, балық аулаудың әуесқойы, сонымен қатар бала күнінен оқығанды жақсы көреді. Қазір орыс классиктерін қайта оқып, бірнеше рет Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» оқып шыққан екен.
«Жалқауланбай, оқи беру керек. Мен оқыған дүниелер өзіме қажет болып шықты. Жастар білімді бойларына сіңіріп, мақсаттарына жету үшін алға ұмтылу керек», — деген сенімде Ержан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.