10 мамыр күні Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қордай ауданы шекара басқармасында әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл күні 224 жас сарбаз өмірлеріндегі ең маңызды қадамдардың бірін жасап, Отанға адал қызмет етуге ант берді.
Салтанатты жиын өткен сап алаңында ерекше рух пен толқу сезілді. Жас сарбаздардың толқынысы, ата-аналардың мақтанышы, қатаң әскери сап пен әскери оркестрдің әуені – барлығы өмір бойы есте қалатын әсерлі сәттерге ұласты.
Туған-туыстары, командирлер, Ауған соғысының ардагерлері мен құрметті қонақтардың қатысуымен жас сарбаздар кезек-кезек командир алдына шығып, Әскери ант мәтінін салтанатты түрде оқыды. Олар Қазақстан халқына адал болуға, Конституцияны құрметтеуге және әскери борыштарын абыроймен атқаруға серт берді.
Әсіресе Мемлекеттік Гимн орындалған сәт ерекше әсерге бөледі. Жас сарбаздармен бірге олардың ата-аналары да әнұран сөздерін қосыла шырқап, ұлдарының өміріндегі маңызды күнге ортақтасты.
Әскери қызметшілерге ізгі тілегін білдірген Қордай аудандық шекара басқармасының бастығы, подполковник Ернар Сембаев мемлекеттік шекараны қорғау – жай ғана қызмет емес, ел мен халық алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Салтанатты шараға сондай-ақ аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Даулет Кыргызбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, Гвардейск гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Расул Ризабекұлы, сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша Шекара қызметі департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Ерик Тұрғынбаев қатысты.
Іс-шараны ұйымдастыру жұмыстарын техникалық және кәсіби даярлық бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Жандос Каженов үйлестірді.
Ресми бөлімнен кейін қонақтарға әскери қызметшілердің тактикалық қойылымдары ұсынылды. Сарбаздар арнайы техникалармен жұмыс істеу тәсілдерін, қызметтік иттердің дайындығын, төтенше жағдайларда әрекет ету машықтарын көрсетті. Әсіресе мемлекеттік шекараны шартты түрде бұзушыларды ұстауға арналған мобильді топтың үйлесімді іс-қимылы көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Жас сарбаздардың ата-аналары үшін әскери бөлім аумағына арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтарға казармалар, асхана, спорт залдары мен Мәдениет үйі таныстырылып, қойылған барлық сұрақтарға жауап берілді. Кездесудің ең әсерлі сәті – сарбаздардың туған-туыстарымен жүздесуі болды. Дәстүр бойынша салтанатты рәсімнен кейін жас әскери қызметшілерге жақындарымен кездесу үшін арнайы уақыт берілді.
1 шілде күні жас сарбаздар оқу орталығындағы дайындықтарын аяқтап, Жамбыл, Меркі және Қордай аудандарындағы шекара бөлімшелеріне әрі қарай әскери қызмет өткеру үшін жіберіледі.