Жастарға жол ашқан жиырма жыл

0

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елдің ертеңгі келбеті де, бүгінгі қарқыны да жас буынның белсенділігі мен азаматтық ұстанымына тікелей байланысты. Сондықтан жастар саясатын жүйелі жүргізу, олардың бастамаларына қолдау көрсету, білім алып, еңбек етіп, өз қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасау – қай кезеңде де маңызды міндет.

Осы бағыттағы ауқымды жұмыстарды атқарып келе жатқан құрылымның бірі – аудандық Жастар ресурстық орталығы. Биыл Қордай аудандық Жастар ресурстық орталығының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Жиырма жыл ішінде орталық аудан жастарының тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан үлкен жұмыстың, жинақталған тәжірибенің, толымды бастамалар мен тағылымды істердің ортақ арнасына айналды.

Орталық директоры Айқаныш Исраилованың айтуынша, осы жылдардағы ең үлкен жетістік – аудан жастарының сеніміне ие болу.

«Ең басты жетістігіміз – аудан жастарының сеніміне ие болып, олардың бастамаларын қолдайтын негізгі алаңға айналуымыз. Осы жылдар ішінде мыңдаған жас жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, еріктілік, азаматтық белсенділік және мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау алды», — дейді орталық басшысы.

 

Мәселеге – нақты шешім

Қазіргі жастардың талабы да, талғамы да өзгерді. Ақпарат ағыны күшейген заманда жас буынға бағыт-бағдар беру, оның әлеуетін дұрыс арнаға бұру бұрынғыдан да маңызды.

Бүгінде жастарды толғандыратын мәселелер қатарында тұрақты жұмысқа орналасу, баспана мәселесі, сапалы білім алу, кәсіп бастау, бос уақытты тиімді ұйымдастыру секілді өзекті бағыттар бар. Сонымен бірге психологиялық қолдау мен цифрлық сауаттылық та уақыт талабына айналып отыр.

Осы орайда Жастар ресурстық орталығы жастардың нақты сұранысына қарай жұмыс жүргізеді. NEET санатындағы жастармен жеке жұмыс жүргізіліп, олардың жұмыспен қамтылуына ықпал жасалады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан жастарға оқыту семинарлары мен консультациялық қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, гранттар мен жеңілдетілген несие мүмкіндіктерін пайдалану жөнінде ақпарат беріледі.

Жастар мен жұмыс берушілердің арасын жалғайтын маңызды алаңның бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкелері. Мұндай кездесулерде жұмыс іздеушілер кәсіпорындар мен мекемелердегі бос орындармен танысып қана қоймай, жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, кәсіби бағдар алады. Әсіресе NEET санатындағы жастарды еңбекке тарту – орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

Бұдан бөлек орталық басшысы тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар өткізіп келеді. Бұл жастардың жеке мәселелерін тыңдап, оларды шешудің нақты жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Жұмыс іздеп келген жастарға қолданыстағы мүмкіндіктер түсіндіріліп, тиісті бағыттар бойынша кеңес беріледі.

Қордай – облыс бойынша елді мекендері көп, ауыл жастарының үлесі басым аудан. Сондықтан жастар саясатын жүзеге асыруда ауыл жастарын қамтуға айрықша мән беріледі. Орталық мамандары ауылдық округтерге шығып, жастармен көшпелі кездесулер өткізеді. Мұндай кездесулер барысында мемлекеттік бағдарламалар, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, құқықтық және психологиялық мәселелер бойынша кеңес беріледі. Бүгінде ауыл жастары қоғамдық жұмыстар мен еріктілік қозғалысына да белсенді тартылуда.

«Біздің басты басымдығымыз – ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламаларды қолжетімді ету. Ауылдық округтерде тұрақты көшпелі кездесулер өткізіп, құқықтық, психологиялық және кәсіптік бағытта кеңес береміз. Сонымен бірге ауыл жастарын қоғамдық жұмыстар мен еріктілік қозғалысына кеңінен тартамыз», – дейді Айқаныш Болатбекқызы.

 

Бір күндік шара емес, жүйелі жұмыс

Жастар ресурстық орталығының жұмыс ауқымы жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікпен ғана шектелмейді. Орталық жыл бойы қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтитын әлеуметтік, мәдени, құқықтық, экологиялық, спорттық және ағартушылық бағыттағы шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру – сол бағыттардың бірі. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында аудандық полиция бөлімімен бірлесіп түнгі профилактикалық рейдтер өткізіліп, ойын-сауық орындары, компьютерлік клубтар және жастар көп шоғырланатын орындар бақылауға алынады. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруінің алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Жол қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шаралары барысында жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау жөнінде ақпарат беріледі.

Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – жастарға заң талаптарын түсіндірумен қатар, құқықтық мәдениеті қалыптасқан, өз әрекетіне жауап бере алатын азамат тәрбиелеу.

Жастардың денсаулығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру да орталық жұмысының маңызды бөлігі.

Аудандық аурухана жанындағы «Салауатты жастар» денсаулық орталығымен бірлескен кездесулер барысында жасөспірімдердің денсаулығы, репродуктивтік сауаттылық, жеке гигиена, дұрыс тамақтану және зиянды әдеттердің алдын алу мәселелері қозғалады. Әсіресе қыз балалардың денсаулығына қатысты ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің маңызы зор.

Нашақорлықтың алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіледі. «Нашақорлыққа жол жоқ!» акциялары барысында тұрғындар мен жастарға есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және қоғамға тигізетін зардабы түсіндіріледі. Салауатты өмір салтын таңдауға үндейтін ақпараттық материалдар таратылады.

Қазіргі қоғамдағы тағы бір өзекті мәселе – құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу. Осы бағытта білім беру ұйымдарында жастарға құмар ойынның психологиялық, әлеуметтік және қаржылық салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, уақытты тиімді өткізуге, білім мен өзін-өзі дамытуға үндейтін ақпараттар ұсынылады.

 

Тазалық – туған жерге деген жауапкершіліктен басталады

Аудандық жастар орталығында экологиялық мәдениет қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да тұрақты сипатқа ие. «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, жастар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қоғамдық бастамаларға тартылады.

«Тазалықты өзіңнен баста» челленджі де осы ұстанымның жалғасы. Аула тазалығын сақтаудан бастап, туған өлкенің көркеюіне үлес қосуға шақырған бастама жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Өйткені тазалық – бір күндік акция емес, мәдениеттің көрсеткіші. Ал мұндай құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру – жүйелі жұмысты қажет етеді.

Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен бірлесіп тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, тұрмыстық электр құралдарын қауіпсіз пайдалану, ашық отқа сақтықпен қарау және төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету жөнінде ақпарат беріледі.

 

Барлық бағытты қамтитын ортақ алаң

Орталық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру. Еріктілік қозғалысын дамыту, қоғамдық бастамаларға тарту, түрлі әлеуметтік жобаларға қатыстыру арқылы жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік жасалады.

Соңғы жылдары жастар белсенділігінің арта түсуін орталық басшысы бірнеше фактордың ықпалымен байланыстырады. Мемлекеттік қолдау шараларының көбеюі, әлеуметтік желілердің ықпалы, жастардың өз мүмкіндіктерін дамытуға деген ұмтылысы және орталық ұйымдастыратын жобалардың көптігі – осының барлығы жас буынның қоғамдық өмірге белсендірек араласуына жол ашып отыр.

Жиырма жылдық тарихына көз жүгіртсек, Жастар ресурстық орталығының жұмысы бір ғана бағытпен шектелмейтіні анық. Жастардың жұмыспен қамтылуы мен кәсіпкерлігінен бастап, денсаулық, құқықтық сауаттылық, экология, қауіпсіздік, еріктілік, мәдениет, қоғамдық белсенділікке дейінгі сан түрлі сала қамтылады.

Мемлекеттік және ұлттық мерекелерге, атаулы күндерге орай өткізілетін мәдени-көпшілік, ақпараттық және тәрбиелік іс-шаралар да жастардың басын қосып, олардың шығармашылық және азаматтық әлеуетін ашуға бағытталады.

Яғни орталықтың күнтізбесі тек мерекелік шаралардан тұрмайды. Әрбір іс-шараның артында нақты мақсат, белгілі бір әлеуметтік мәселе және жастарға қажетті ақпаратты жеткізу міндеті бар.

 

Келешекке бағытталған жаңа міндеттер

Уақыт өзгерген сайын жастардың сұранысы да өзгереді. Сондықтан орталық алдында жаңа міндеттер тұр.

«Алдағы уақытта жастардың цифрлық дағдыларын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, шығармашыл жастардың әлеуетін арттыруға және ауыл жастарына арналған жаңа жобаларды іске асыруға басымдық береміз», — дейді орталық директоры.

Жиырма жыл ішінде Жастар ресурстық орталығы талай жастың алғашқы қадамына куә болды. Бірі жұмыс тапты, бірі кәсіп бастады, енді бірі қоғамдық іске араласып, еріктілік жолын таңдады. Бірінің бастамасына кеңес керек болса, енді біріне нақты бағыт-бағдар қажет болды. Осы жылдар ішінде орталықтың басты миссиясы өзгерген жоқ – жастарға мүмкіндік беру, бастамасын қолдау және өз жолын табуына жағдай жасау.

Мерейтой қарсаңында орталық басшысы аудан жастарына жүрекжарды тілегін де жеткізді:

«Барша аудан жастарын Жастар ресурстық орталығының 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Әрқашан білімге ұмтылып, елдің дамуына үлес қосатын белсенді азамат болыңыздар. Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын! Біз әрқашан сіздердің бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз», — дейді Айқаныш Исраилова.

Жиырма жыл – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, адам тағдырында, тұтас бір буынның қалыптасуында аз уақыт емес. Қордай жастарының арманын нақты мүмкіндікке айналдыруға қызмет етіп келе жатқан орталық үшін бұл мерейтой – өткенге есеп беретін, болашаққа нық қадам басатын белес. Ал жастар бар жерде – жаңару, ізденіс, идея бар. Ендеше, алдағы жылдар да жаңа бастамалар мен жарқын жобаларға толы болғай!

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.