Қаракемер ауылдық округінде «Молдасейіт атындағы №2 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ауыл тұрғындары мен спортқа әуес жастар үшін қызықты әрі мазмұнды кездесу өткізілді.
Оған ел намысын халықаралық және әлемдік ареналарда қорғап жүрген жұлдызды меймандар, атап айтқанда, бокстан Азия чемпионы Бақтияр Тілегенов пен бокстан Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов қатысып, жастармен тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу орнына жиналған жастардың қуанышты көзқарастары боксшылардың келген сәтінде одан бетер жарқырап кетті. Әсіресе, Азия, әлем чемпиондары қатысуы әр жас спортшының кеудесінде мақтаныш сезімін оятты. Қаракемерлік өрендер әлемдік деңгейдегі мықтыларды ерекше қошеметпен қарсы алып, оларға сұрақтарын қойып, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Шараны ауданның беделді басылымы «Қордай шамшырағы-Кордайский маяк» газетінің бас редакторы Шолпан Сабанова жүргізді. Ол қатысушыларды еркін сұхбат алаңына шақырып, кездесудің мазмұнды өтуіне ықпал етті. Жиналғандар өздерін қызықтыратын көптеген сұрақтарға жауап алды, соның ішінде жастардың спортқа қатысуы, салауатты өмір салты және бокс әлеміндегі жетістіктер туралы мәселелер қозғалды.
Кездесу барысында боксшылар өздерінің жаттығу тәсілдері, бәсекелестік және спорттағы жетістіктері туралы ашық әңгімелеп, жастарға рух берді. Олар өз өмірлеріндегі елеулі сәттер, қиындықтар мен жеңістер туралы әсерлі әңгімелер айтып, жастарға ақыл-кеңестерін ұсынды.
Асланбек Шымбергенов, кездесуде бокстың сыры мен қиыншылықтарын бөлісіп, өзінің спорттық жолы туралы әңгімеледі.
«Мен 2005 жылы, 12 жасымда бокспен айналыса бастадым. Кезінде 2004 жылы Афинадағы Олимпиадада Бақтияр Артаев ағамыздың жетістікке жеткендігін көргенде, мен де сол жолды таңдауға шешім қабылдадым. Сондай-ақ, еліміздің намысын қорғауға, көк туымызды желбіретіп, ән ұранымызды шырқатуға бар күш-жігерімді салудамын», — деді спортшы өз ойын білдіріп.
Кездесу барысында Бақтияр Тілегенов те өзінің жетістіктері мен бокс әлеміндегі тәжірибесі туралы сөз қозғап, жастар мен жасөспірімдерді өздері таңдаған спорт түрлері бойынша еңбектенуге, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
«Әрбір спортшының артында тынымсыз еңбегі мен қажырлы жұмысы тұрады. Арманды жүзеге асыру үшін білім мен еңбек бірінші орында болуы тиіс», — деді ол.
Сонымен қатар, жұлдызды меймандардың қатысуымен жастар үшін шеберлік сағаттары өткізілді. Жұлдызды меймандар бокстағы әдістері мен техникасымен бөлісіп, жастарға жаттығулар мен тактикаларды көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті. Жас боксшылар меймандарға қызығушылықпен қарап, әр қозғалысты, әр техниканы мұқият ұғып, өздерінің шеберліктерін арттыруға ұмтылды.
Боксшылармен кездесу барысында жастар қолтаңба алуға асықты. Жастар боксшылармен естелік суретке түсіп, қуанышты сәттерді мәңгілік ретінде қалдыруға тырысты.
Шара жастарға салауатты өмір салтын ұстануды үйрету мақсатында жүргізіліп отыр. Кездесу спорт мәдениетін дамытуға, жастарды спортқа баулуға зор үлес қосады деуге болады.