ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРІС ТАРИХЫ

0

Өндіріс саласы ауданда өз жолын 1942 жылдан бастады. Сол кезде аудан орталығында жіп иіру цехы ұйымдастырылды. Бастапқыда бұл цех ашық аспан астында жұмыс істеді. Жіп иіру жұмыстарының барлық түрлері қолмен атқарылды. Әрине, тиісінше еңбек өнімділігі де төмен еді. Цех тәулігіне 150 келі жіп иіріп, жылдық көрсеткіш 15 тоннадан аспады.

1953 жылдан бастап бұрынғы жіп иіретін ағаш дөңгелектерді электрмоторлар арқылы айналдыру тәсілі қолға алынды. Соны және ескі болса да әкелінген жүн түтетін машиналарды пайдаланудың арқасында өнімділік арта түсті.
1956-1958 жылдары тағы да 2 жүн түтетін машина іске қосылып, цехтың кейбір бөліктері жартылай автоматтандырылды. Көп ұзамай арқан және жіп шығару көлемі жылына 394 тоннаға жетті.
1962 жылдан бастап аудандық өндірістік комбинатқа отандық қондырғылар келе бастады. Жұмыс екпін алды. 1966 жылы көрсеткіш 1005 тоннаға жетті. 1967 жылы бұрынғы арқан өндіру цехының негізінде Жергілікті өндіріс министрлігіне қарайтын Қордай аудандық өндіріс комбинаты құрылып, оның алдына бұрыннан өндірілген өнімнен өзге басқа тауарлардың халыққа қажетті түрлерін өндіру міндеті қойылды. Әсіресе, жергілікті шикізаттарды көптеп пайдалану ұсынылды. Сол жылы комбинат 1024 тонна жіп өнімдерін, 20 тонна қызыл бұрыш өндіріп, 322 мың рубль таза пайда тапты. Келесі жылы қамыс бойраларын жасап, сыпырғы өсіріп, оны байлап, сонымен қатар тігін цехы және ағаш өңдеу цехтары іске қосылды.
1935 жылы құрылған Георгиевка кендір зауыты Георгиевка кендір өсіру совхозынан әкелінген өнімдерді бірінші өңдеуден өткізіп тұрды.
1940 жылдың орта шенінде тәулігіне 600 тонна кендір өнімін талшықтау зауытының құрылысы аяқталған-ды. Өндіріс орнының алғашқы директоры Божеко Федор Васильевич, мастері Попов Павел Кузьмич болды. Өз ісіне берілген және табан аудармай сол қызметте ұзақ істеген Павел Кузьмич «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталса, азамат соғысы кезінде даңқты Чапаев дивизиясындағы белсенділігі үшін «Әскери қызметі үшін» медалін иеленген жан еді.
Кейінірек бұл кендір тоқитын цех (зауыт деп аталатын) ашылды.
1959 жылы кендір өсіру жартылай тоқтатылып, орнына былғары зауыты ашылып түрлі былғары тауарлары өндіріле бастады. Оның алғашқы жобалық көрсеткіші 42 миллион шаршы дециметрді құрады.
1960 жылы кендір зауыты Георгиевка былғары және кендір зауыты болып атала бастады.
Арадан бес жыл өткен уақытта кендір өсіру біржолата тоқтатылып, оны өңдейтін цехтар түгелдей тері өңдеуге қайта жасақталып, зауыт «Георгиевка былғары комбинаты» атанды. Бір бағытқа бетбұрған комбинатта 420-дан астам адам жұмыс істеді. Олардың арасында социалистік жарыстар кеңінен ұйымдастырылып, озаттар көптеп шықты. Комбинаттың атағы республикаға белгілі болды. Оның өңдеген және жасаған өнімдері елімізде үлкен сұранысқа ие еді.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары ерітілген майларды қабылдау пунктінен бастау алған «Георгиевка май зауыты» алғашында дайындалған майларды және басқа сүт өнімдерін қабылдап алу және оны жөнелтумен айналысқан.
1931 жылы сағатына 400 литр сүт тартатын май шайқайтатын «Виктория» машинасы әкелініп, содан бастап сары май шығару қолға алынды.
1946 жылы мұнда ағаштан үй тұрғызылып, зауыт кеңейтілді. 1949 жылы зауытта жағармаймен жұмыс істейтін генераторлы қондырғы қойылып, май шайқау жеңілдетілді. Қалған жұмыстар қолмен атқарылды.
1950 жылы бу арқылы қаймақты қыздыратын қазандық салынып, бұл іс жүзеге асырыла бастады.
Зауытты қайта жабдықтау жұмысы негізінен 1960-1963 жылдары жасалды. 1932-1934 жылдары іске қосылып, жұмыс істеп келе жатқан Красногор және Успеновкадағы май-ірімшік шығаратын цехтар ірілендіріліп, кейіннен Георгиевка май зауытына біріктірілді.
1966 жылы «Трудовик ірімшік зауыты» салынып, іске берілді.
Бұл салада Кочанова Анна Ивановна 1942 жылдың мамырынан директор болып жұмыс істеп, өлшеусіз еңбек етіп «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.