ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІКТІҢ СЫРЫ

0

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында оң-солымызды саралап, өткеніміз бен бүгінімізге баға беретін кез келді. Осыған орай газетіміздің арнайы айдарында егемендік алған жылдары еліміздің жеткен жетістіктерін, ауданымыздың алған асуларын, жерлестеріміздің жемісті еңбегін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Жалпы, Қордай жұртшылығы күллі Қазақ елімен қатар Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, Егемендігіміздің елеулі болуына өзіндік үлесін қосты десек артық айтқандық болмас. Көк Туымыз көкке көтерілген отыз жылда өңірімізде ата кәсіп саналатын мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қарқынды дамып, жерлестеріміз шама-шарқы жеткенше өндіріс қарқынын үдетіп, үлкенді-кішілі шаруашылықтар заманауи технологияларды барынша қолдануға тырысып бақты. Қолға алған кәсібін өрге дөңгелетіп, істің көзін тапқан шаруашылықтар қатарына «Самғау» шаруа қожалығын қосуға болады.

Білікті маман Евгений Трубников басқаратын «Самғау» шаруа қожалығының іргетасы 2013 жылы қаланған. Бүгінде өзгелерге үлгі болған заманауи агроқұрылым басшысы бастапқыда түрлі қиындыққа тап болғанын, тіпті қарапайым техниканың болмағанын еске алады.

«Қожалықтың құрылған алғашқы жылдары жағдайымыз мәз емес еді. Тозығы жеткен «МТЗ» тракторын жан-жақтан алынған қосалқы бөлшектерден жинастырып, дәнсепкішті таныстарымыздан жалға алған болатынбыз. Осылайша, күн-түн демей тер төгіп, егіс алқаптарын айдап, дән сеуіп, аз да болса алған өнімімізді жинап, бар тапқанымызды шаруашылықты дамытуға жұмсадық. Сондай-ақ, егіс алқаптарын ұлғайтып, онда жаңа технологиярды енгізуге тырыстық», — дейді Е.Трубников.

Осындай ерен еңбектің арқасында бүгінде «Самғау» шаруа қожалығы аудан, тіпті облыс агроқұрылымдары арасында бетке ұстар қожалыққа айналды. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан шаруашылық базасында түрлі салалық семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылып, «самғаулықтардың» ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімділігін арттырудағы тәжірибесі өзге өңір шаруаларына үлгі ретінде ұсынылатынын айта кеткен жөн. Мұнымен қатар, шаруашылық облыс көлемінде бірінші болып тамшылатып суғару технологиясын қолға алып, осының арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізіп, онсыз да тапшылығы сезілетін суармалы суды айтарлықтай көлемде үнемдеп отыр.

Қазіргі таңда «Самғау» ШҚ жұмысшылары «дала аруын» күтіп-баптау жұмыстарына жұмылдарылған. Шілденің аптап ыстығына қарамастан алқап басындағы қызу еңбек бір сәтке де толастамайды. Айналада түрлі техниканың гүрілі. Бізді егістік басынан күтіп алған Евегний Трубников жайқалған жүгері алқабын көрсетіп, істің мән-жайын ағынан ақтарды.

«Бастаған әрбір ісіңді сапалы әрі адал атқарсаң межелеген мақсатыңа, діттеген арманыңа жетуге болатынына көз жеткіздік. Адал еңбек пен біліктіліктің, тиісті күтім мен қажетті агротехникалық әдістің арқасында Жер-анадан ризығыңды молынан теріп, әрбір дақылдан жоғары өнім алуға болады. Сол себепті біз көпжылдық тәжірибемізді саралай келе дәндік жүгеріге басымдық бердік. Бұл дақыл түрінен жақсы табыс табуға болады. Сондықтан жыл өте оның көлемін ұлғайтып, заманауи технологиялардың көмегіне жүгіндік. Мысалы, ерте көктемде жерімізді дайындап, себілген өнімге тиісті күтім жасап, минералды тыңайтқыштарын шаштық. Өздеріңіз көріп отырғандай нәтиже жаман емес сияқты», — дейді шаруашылық басшысы.

Расында, «Самғаудың» жүгері алқабында жайқалған өнім көздің жауын алады. Қатарлардың арасында бір түйір арам шөп жоқ, өнімнің түбі ылғалдандырылып, қопсытылған. Шаруа мұны ең бірінші кезекте білікті жұмысшыларының еңбегі деп білсе, келесі кезекте тамшылатып суғару жүйесінің арқасы дейді. Өйткені, шаруаның күні ауаның райына, жауған жауын-шашын мөлшеріне тікелей байланысты. Ал, өңіріміздегі суармалы суға деген тәуелділікті, соңғы кездердегі қуаңшылықты ескерсек, диқандардың өміріндегі су үнемдеу технологиясының ролі айтарлықтай артады. Осыған байланысты Евгений Трубников осыдан бірнеше жыл бұрын дәстүрлі арықпен суғару әдісінен бас тартып, тамшылатып суғару әдісіне ден қойған. Бүгінде қожалықта замануи технологияның көмегімен 100 гектар пияз, 95 гектар дәндік жүгері суғарылады.

Тамышлатып суғару әдісінің тиімділігі, шын мәнінде өте жоғары. Бұл қондырғы біріншіден суармалы суды бірнеше есе үнемдесе, екіншіден суғаруға кететін уақытты айтарлықтай азайтып, минералды тыңайтқыштың шығынын да төмендетеді. Өйткені су мен тыңайтқыш әр қатарға салынған түтікшелер арқылы әрбір дақылдың түбіне біркелкі жетіп отырады. Осының арқасында қатарлардың арасынан шығатын арам шөптер азайып, жұмыс айтарлықтай жеңілдейді. Қысқасы, алқап басындағы суғару жұмыстары толықтай автоматтандырылған. Мұндағы мамандар тек жіберілетін судың мөлшерін қадағалап, қосылатын тыңайтқыштардың көлемін бақылап, әрбір жерде орын алған ақауларды жөнге келтіріп отырады.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, биыл жүгері жақсы бой көтерді. Яғни, жоғары өнім аламыз деген үмітіміз ақталуы тиіс. Мұның барлығы заманауи техника мен тиімді технологиялардың арқасы деп нық сеніммен айта аламын. Мысалы, тамшылатып суғару жүйесінің шаруашылық жұмысына тың серпін бергені анық. Мамандар суармалы суға да, жауын-шашынға да тәуелді емес. Аз ғана мөлшердегі сумен алқапты да суғарады, минералды тыңайтқыштарды да осы арқылы шашау шығармай әрбір дақылға жеткізеді. Тамшылатып суғару жүйесінің түтікшелері топырақтың жоғарғы қабатына орналастырылған. Соның арқасында дақылдың өсіп-жетілуіне қажетті ылғал сақталады», — деген шаруашылық басшысы бізге су үнемдеу технологиясының қыр-сырын алға тартып, қондырғыны көрсетті.

Айта кетсек, шаруа қожалығы егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесіне де аса ден қойған. Евгений Трубниковтың айтуынша, мұнда жүгері және пиязбен қатар, көкөніс те көптеп отырғызылады. Осыдан біраз уақыт бұрын бұл алқаптарда 200 гектар қант қызылшасы өсірілген болатын. Ол кездері шаруашылық бұл дақыл түрінен 700-980 гектар өнім алып, өзгелерді таңдай қақтырғаны бар. Бұл үшін агроқұрылым басшысы арнайы комбайн мен қажетті жабдықтарды да сатып алған.

Жалпы, «Самғау» ШҚ заманауи жер өңдеу ісінде көпке үлгі бола білген агроқұрылым. Шаруашылықтың машина-трактор паркінде комнбайн, трактор, дәнсепкіш сынды шетелдік техникалардың ең үздік үлгілері лизингіге алынып, жинақталған. Агроқұрылым басшысы тек білікті, тәжірибелі агрономдардың тапшылығын айтып, қынжылады. Сол себепті ол жұмысқа жас мамандарды тартып, бар білгенін соларға үйретеді екен.

«Мен егіншілікпен 18 жасымнан бастап айналысып келемін. Диқанның еңбегі оңай емес. «Жаздың әрбір күні жазға азық» демекші, алқаптағы өніміңді жинап алғанша демалыс дегенді тіпті ұмытасың. Алайда, қазір егін егу бұрынғыға қарағанда айтарлықтай жеңілдеген. Мемлекет тарапынан да қомақты қолдау көрсетіліп тұрады. Оның үстіне талай тәжірибеден ысылып, істің қыр-сырын жетік меңгерген мамандарым да өзінің жұмысын жақсы біледі. Олардың көпшілігі шаруа қожалығы құрылған күннен бастап жұмыс істеп келеді. Басым көпшілігі жергілікті тұрғындар. Өндірілген өнімді өткізуде де еш қиындық жоқ. Жұмысымызды жүргізуде аудан әкімдігі мен аудандық кәсіпкерлер палатасы да көмек көрсетіп отырады. Жеңілдетілген несиелендіру жүйесінің арқасында техникамызды да, қажетті жабдығымызды да жаңартып жатырмыз», — дейді Е.Трубников.

Иә, қазіргі таңда арнайы техникасыз жұмыстың ұтқырлығын арттыру әсте қиын. Осыны ұғынған шаруашылық басшысы жақында су жаңа «Джон Дир» комбайндарын саып алыпты. Толықтай автоматтандырылған шетелдік алып техника арнайы бағдарламаның арқасында өздігінен жұмыс істей алады. Сондай-ақ, жүргізуші жұмысын жүйелі орындауы үшін де барлық жағдайлар жасалған.

Осылайша, шаруашылық жыл өте машина-техникалық паркімен қатар агроқұрылым алқаптары мен жайылымдарының көлемін де ұлғайтып келеді. Шаруашылық қазіргі таңда мал бордақылау жұмыстарына да ден қойып, жем-шөп жинау науқанына білек сыбана кіріскен. Агроқұрылым басшысының айтуынша, алдағы уақытта шаруашылықтың алдына сүт және ет бағытындағы ірі қараны көбейту бойынша ауқымды жоспарлар қойылған. Бұл үшін ол 500 бас ірі қараға арналған ферма салуды көздеп отыр.

«Иә, ауқымды жоспарларымыз жоқ емес. Алдағы уақытта халықты сапалы ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз», — дейді Е.Трубников.

Осы орайда, «Самғау» ШҚ ауыл шаруашылығы саласын дамытумен қатар, демеушілік көмектен де құр алақан емес. Ауылдағы жерлестерінің әлеуметтік жағдайына бейжай қарамайтын шаруашылық тұрғындарға мүмкіндігінше көмек қолын созып отырады екен.

Қысқасы, ата кәсіпті өрге сүйреп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлесін қосып жүрген шаруашылықтың аяқ алысы осындай. Кездесу барысында алдағы жоспарларымен бөліскен білікті басшы, тәжірибелі агроном Евгений Трубников сөзінің соңында ауылда да жұмыстың барын алға тартып, жастарды осында келіп тәжірибе жинауға, еңбек етуге шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.