Кәсіпкерлікке алғашқы қадам

0

Мемлекеттік грант тарату тәжірибесі өзінің тиімділігін және үлкен сұранысқа ие болғандығын дәлелдеп үлгерді. Ауданымыз бойынша жүздеген азамат мемлекеттің берген көмегін алып, өз ісін дөңгелетіп алып кетті. Аз қаражат болғанымен, бастысы, адамның өзіне деген сенімін, болашаққа деген үмітін арттыратын бұл бағдарлама аудан тұрғындары үшін серпіліс болды. Жуырда осындай бір азаматшаның үйінде болып, сұхбаттасқан едік. 

Көпбалалы ана Марина Кравченко мемлекеттік грантты алып, кондитерлік істі бастаған. Негізі тәтті тағамдар дайындау Маринаның қанында бар іс болса керек. Өзінің айтуынша, осы салаға қызығушылығына түрткі болғанына әжесінің әсері мол екен. Кішкентайынан әжесінің қасында өскен қыз, саланың қыр-сырын меңгеріп, қолынан бал тамған шебер аспазға айналған екен. Тұрмысқа шығып, бала-шағалы болған жас келіншек, жұмыс істеуді ойластыра бастаған, бірінші қадамы — Жұмыспен қамту орталығына жолығу болды. Тиісті құжаттар тапсырған оны оқуға жібереді. Арнайы аспаздар курсын бітірген Маринаға «грант алып көріңіз» деп кеңес берген орталық қызметкерлері барынша көмек көрсетуге тырысты. Бағдарламаға тапсырыс берген ол бірнеше айдан кейін үйінде жаңа тоңазытқыш, миксер, түрлі қалыптар сынды жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Өз үйін шағын кондитерлік цехке айналдырған жас кәсіпкер, көрші-қолаң, туыстарының тапсырыстарын орындап, біраз тәжірибе жинап та алған екен. Енді жоспары нарыққа шығу. Маринаның сөзіне қарағанда оның өнімдерінің басты дегустаторлары мен сыншылары балалары көрінеді. Ең алғашқы өнімдерінің қызығын да көрген солар болса керек. «Бастысы жаңа істі бастаудан қорықпау керек. Мың шақырымдық жол, бірінші қадамнан басталады демекші, мен де осы ісімді бастап, тәуекелге бел будым. Клиенттердің көңілінен шықса, өндірісті кеңейту де жоспарда бар», — деп өз пікірін жеткізді.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.