Жомарт жүректі Кәмілжан

0

Ұяң бозбала бізге бірден ашыла қойған жоқ, бірақ сөйлесе келе 17 жасар жігіттің ақылы мен сөз саптауына, таңданысымызды жасыра алмадық. «Ақыл жастан» деп бекерге айтылмағаны осындайда еріксіз есіңе түседі екен. Бейтаныс адамға бірден ашыла койған жоқ. Кейіпкеріміз Кәмілжан Исламов ереше жан, ол турасында тарқата айтып өтсек.
Тілшілердің келетінін естіген Кәмілжанның анасы Зухра Нурмахамедқызы тәтті нан пісіріп, дастархан жайып, қонақтарды жылы қарсы алды.
Исламовтар отбасында 4 адамның әрқайсысы өз шаруасымен айналасуда. Шаңырақтың алтын діңгегі — аналары үй шаруасында, таң атқаннан күн батқанға дейін тынбайды. Үйдің берекесін кіргізіп отырған аналары денсаулығына байланысты өндіріс орнында жұмыс істемейді және өз бизнесі жоқ. Әкелері Акрам Кәмілжанұлы аудандық электр станциясында жұмыс істейді, ұлдары Кәмілжан мен Дияр. Біздер Кәмілжанның қайырымдылығы туралы естіп, оны арнайы іздеп барған едік.
-Қайырымдылық жасау үшін байлық та, атақ та керек жоқ, бұл шын ниетпен айналадағы адамдарға көмек көрсетіп жатқан азаматтардың өзіндік ережесі, — дейді Кәмілжан Исламов.
Кәмілжан туғанынан емделуі қиын ілеспелі аурулары бар балалар мидың салдануы дертіне шалдыққан. Дегенмен ауру да, басқа да қиындықтар оның рухын түсірмей, керісінше ауыр дертке шалдыққан балалары бар отбасыларға көмек көрсету үшін күш-қуат берді. Көмекке мұқтаж отбасылардың көбісінің табатын табыстары аз, оның үстіне ақшаның басым бөлігі науқас баланы емдеуге жұмсалады.
Кәміл – Ноғайбай ауылшаруашылық колледжінің курсында оқып, шәкіртақы алады. Ол ұзақ уақыт бойы өздері сияқты балаларға қалай көмек көрсететінін ойлап, ата-анасынан қолдау көрсетуді сұрап, шәкіртақының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсап, қалғанына өзіне қажетті дәрілерді сатып алуға бел буады. Отбасымен қатар, туған-туыстары мен құрбы-құрдастары бұл бастамаға қолдау білдірген. Кәміл YouTube арнасында «Kamil Islamov – балаларға және мұқтаж адамдарға көмек» аккаунтын, ватсап желісінде «Жақсылық жаса» атты топ ашып, ізгі ниетпен жасаған жақсылық бекерге кетпейді деген ұранды негізге алып, үнпарақ басып шығарған. Айта кетерлігі, дизайны мен ұранын өзі ойлап тапқан.
-Үнпарақта неге жүрек және ұшып жүрген көбелектер бейнеленген? Бұл менің сезімім. Алған адамның алақаны толады. Берген адамның жүрегі толады. Бір-біріңіздің жүректеріңізді махаббатқа толтырыңыздар. Қайырымдылық жасау деген қуаныш, — дейді қайрымды азамат.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіде аталмыш топ пайда болған сәттен дәрі-дәрмек, киім, азық-түлік алуға көмек сұраған адамдар көп болған.
-Ауданда ауыр дертке шалдыққан балалар көп. Қаражат пен барлық күш-қуат емдеуге кетеді. Бұл отбасылар күнде әртүрлі қиындықтарға тап болады. Ал оларға көмек көрсету біздің қолымыздан келеді, — дейді кейіпкеріміз.
10 000 теңге көлеміндегі алғашқы көмек Шу қаласынан танысынан түсіпті. Қордай аудандық электр станциясының қызметкерлері, «555» такси қызметі, «Техноград» дүкенінің ұжымы үлкен көмек көрсеткен. Айта кетерлігі, «Техноград» дүкенінің ұжымы қамқорлығына бір отбасын алып, олар жалдаған пәтердің ақысын төлеп беріп отырады екен.
Дегенмен, ең үлкен көмекті ата-анасынан көреді, қажетті заттарды анасы сатып алады, әкесі үнпарақ таратады, сонымен қатар отбасылық бюджеттен ұлдарының жинайтын ақшасына белгілі сома бөлінеді.
Бірақ, адам болған соң неше түрлі пікір айтып, ренжітетіндер де табылады екен. Кейде үнпарақ таратып жүрген Кәмілжанды алаяқ деп айтады екен. Сол кезде өзі де көңілі пәс жігіттің жағдайын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ, көмек көрсету ниеті басым болып, ол үнпарақтарды алып, көшеге шығып, ұйымдар мен мекемелерге барып, өз үлестерін қосуға шақырады.
Кәміл ютуб арнасында жазылушылардың алдында, сатып алынған заттарды, чектерді көрсетіп, әрбір жаратқан тиыны үшін есеп береді. Жұмысы басталғаннан бері 1,5 ай ішінде Кәмілжан 5 отбасыға көмек көрсетті. Бүгінгі күнге ол 3 отбасы үшін азық-түлік себеттерін дайындап, жақын арада оларды таратуды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге, Кәміл мүмкіндігі шектеулі 15-20 бала үшін Балаларды қорғау күнінде мереке ұйымдастыруды ойластыруда екен. Бұл ойын іске асыру үшін ол жанашыр адамдарды іздеп, арамызда жомарт жандардың көп екеніне сенімді.
Кәміл тұрақты көмектің арқасында аса мұқтаж мүгедек және жетім балаларға көмек көрсете алатынына сенімді. Жолдастарын ерекше бағалайтын ол үшін достықтың мәні ерекше.
Кәмілжанның бастамасы біреудің қайғысының арқасында ақша табуға емес, балаларды қамқорлық алып, оларға қолдау көрсетуге бағытталған.
Оның жасы небәрі 17-де. Өз басына түскен ауыр науқас оны ерте есейткен.
Алайда, жас болса да ол өмірдің қиындығымен жалғыз өзі күресіп жүргендер үшін жауапкершілік алған.

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

P.S. Кездесуден кейін Кәмілдің анасы ананың махаббаты туралы жазған әнін жолдапты. Жүрегі таза, жүзі жылы, жаны жайсаң жігіттің әні де тамаша. Әттең, оның қоңыр дауысының саздылығын сіздерге газет арқылы жеткізе алмаймыз. Бұл нағыз өмірге құштар адамның әні!

Leave A Reply

Your email address will not be published.