Қамқоршы еді Еркебай

0

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ақын, сазгер әрі әнші Кенен Әзірбаевтің туғанына 137 – жыл толып отыр.

Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, оның сексен жылын ақындықпен өткізген Кененнің өмір жолдары да, шығармашылық шежіресі де өте күрделі. Ол Жамбыл Жабаев ұстазы сияқты екі дәуірді басынан өткерген замана жыршысы, артына мол мұра қалдырған дарын. Оның айтыстары, жыр-дастандары, аңыз-әңгімелері өз алдына бір төбе болса, әндері мен өлеңдері өз алдына мол дүние.

Ел өміріндегі елеулі кезеңдердің ешқайсысы да – ұлт азаттық көтерілісі дейсіз бе, байларды конфискелеу, әйел теңдігі, сауатсыздықты жою, Ұлы Отан соғысы, тыңды көтеру бәрі – бәрі де ақын шығармашылығынан тыс қалмаған. Бұл жайында: «Халық өмірінде Кенен Әзірбаев үн қоспаған, өзінің жарқын талантының шуағын төкпеген бірде-бір айтулы оқиға болған жоқ. Оның тамаша өшпес туындылары бүгінде осы жауапты, құрметті істе сапта тұр», — деген еді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Бұл сөзді ақын шығармашылығына берілген әділ баға, зор құрмет деп санаймыз.

Кенен Әзірбайұлы 1884 жылы Жамбыл облысы, Қордай болысы, Мәтібұлақ басында дүниеге келген. Жастайынан қолына домбыра алып, аспандағы бозторғайға үн қосып, халықпен біте қайнасып, бірге өскен.

Қой соңында жүрген ұйқысыз түндер қажыттыма, әлде аштықтан ба, баланың бойы дел-сал. Сәлден соң тыныштықтан сызаттап қойшы баланың құлағына бір ащы зардың сазы шалынды, содан шиыршық атып тебіреністі әуезге айналды:

Отырсам қой күзетіп таң атпайды,

Жүргенде қой соңында кеш

батпайды.

Қарайтын қабағыма бір адам жоқ

Бел шешіп жылы орынға бір

жатпаймын…

Аспанға әуелеген осы бір ән бірте-бірте шымырлап, өрши түсіп Қордайдың ұшар биігіне қарай көтеріліп бара жатты.

Жоқшылықтың тауқыметін көп тартқан бала Кененнің ақындық, әншілік, композиторлық, серілік өнерге тұсауын кескен тырнақалды туындысы «Бозторғай» әні осы еді.

Баласының тұла бойындағы өнердің ұшқынын таныған әкесі Әзірбай екеуінің табысын жиып, Кененге ат сатып алып береді. Ол жайында ақын былай дейді:

Көкшолағы әкемнің дөнен шықты,

Қойға мініп, қиқайып Кенен шықты.

Шілдехана, тойларда әнге салып,

Қиыстырған кеудемнен өлең шықты.

Осылайша «Бозторғай» мен «Көкшолақ» әні бүкіл Жетісу өңіріне әнші баланың атын жаяды.

Жас баланың бойындағы түлеп келе жатқан талантты алғаш танып бағалаған кісі – Еркебай Базарұлы. Еркебай өнерпаз, ақын әрі әнші, өнерді аса қадірлей білетін кісі болған екен. Кененді ас-тойға ертіп жүріп бағын ашқан қамқоршы да, атақты Балуан Шолақпен, Қажымұқанмен, Шашубаймен таныстырған да Еркебай Базарұлы екен.

Қырғыздың атақты Шәбден манабына ас бергенде, Кенен 17 жаста екен. Асқа қырғыз, қазақтан даңқы шыққан талай ақын, жыраулар да келеді.

Сол топта бұрын мұндай жиын көрмеген, әрі атақты төкпе ақындардан кейін кезек алған жас ақынның дауысы Сарбасша құлағын бұрап, домбырасын көкке бұлғап, үшінші рет айқайлағанда барып кеудесінен жыр шығады. Осы жолы Кенен «Көпшілік көрсін әнімді» деген келісті ән-жыры үшін бас жүлденің бірін, Жамбылдай даңғылдың оң батасын алып қайтады. Жамбылды алғаш көргендегі әсерін Кенен былай деп жырлайды:

Кісі екен алпыс жасты алқымдаған,

Салдықтың самалымен салқындаған.

Домбыра ап төңірекке қарағанда,

От болып екі көзі жарқылдаған…

Міне сол кезден бастап Кененнің әншілігі мен ақындыға қырғыз-қазаққа бірдей тарайды. Жамбылдан бата алып, тұсауы кесілген Кененнің жолы да, бағы да ашылады.

Қырғыз ішінде ол араламаған жер қалмайды. Туыс елге әуезді әнін көп сыйлайды. Тар кезеңде жар болған, пана болған бауырмал қырғыз ағайындардың жақсылығын ақын былай деп жырлаған екен:

Дәм тұзыңды көп таттым қырғыз туған,

Жолың болып оңыңнан жұлдыз туған.

Мал тұрмақ баста қайғы боп жұргенде,

Ішінде бір жыл емес, көп жыл тұрған.

Жасымыздан қосылған жүрегіміз,

Ән мен жырға біріккен тілегіміз.

Бір ұядан талпынып түлеп ұшқан,

Алатаудың ақиық түлегіміз.

Жетісу ақындары мен қырғыз ақындары сан айтыстарда бірі мен бірі сынаса, екі тілде бірдей жырлап, екі елге төл перзент болып өседі. Олар Сүйінбай, Майкөт, Бақтыбай, Жамбыл, Бөлтірік, Құлмамбет тағы басқалары. Қырғыздың Қалмырза, Төкпе, Тоғалақ сияқты өнерпаздары да қазақ тілінде кедергісіз жыр төккен.

Кененнің ұстаздары да жалпақ елге әйгілі Жамбыл, Сарбас және тұстастары да Шашубай, Есдәулет, Сауытбек тағы басқалары қырғыз ыршылары да Османқұл, Әлімқұл, Төкпе сияқты кілең өнерпаз, дастангер, айтыскер ақындар.

Жаратып бір-бір атын мініп алып,

Тоқымға бір-бір шоқпар іліп алып.

Ат қойды көп бұқара бет-бетімен,

Азығын белбеуіне түйіп алып…

Осы айтылған 1916 жылғы Жетісу жерінде болған ұлт-азаттық қозғалысын Бекболат Әлекеев, Әли Нұрғожаев тобындағы ер азаматтар басқарғаны тарихтан мәлім. Сол жасаққа үгітші ақын болып Қордайдың қос жыршысы К.Әзірбаевпен Е.Қандеков қосылады. Екеуі халықтың үгітші, ұйытқысы және Бекболат, Әли батырлардың сенімді серігі болады. Осы оқиғаға арнап Кенен «16 жыл», «Аттан», «Қайран елім», «Бұлбұл» әндерін шығарып, оны ел арасында шырқап жүрді.

Осы қасіретті оқиғалардың басы-қасында болып, көзімен көрген ақын сол жылдардан бастап «Әли батыр» дастанын жырлап жүрді. 1958 жылы орыс тіліне аударылып, жеке кітапша болып шықты. 1921 жылы К.Әзірбаев Қордай ауданы бойынша ревкомның төрағасы болып тағайындалды. Осы жылдары «Оразжан», «Жұбанышқа» деген әндерін шығарды. Ораз Жандосов, Жұбаныш Бөрібаев деген азаматтарғаарнап шығарған әндер.

1936 жылы Кенен қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвадағы он күндігіне қатысады. Мәскеу сахнасында ол өзінің өнерімен көрермендерді тәнтті етеді. Ақын өміріндегі тағы бір елеулі кезең – оның Жамбыл ұстазымен бірге Грузияға сапар шегуі еді. Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750 жылдық тойына Қазақстаннан барғандар ішінде Кенен де болды. Оны ұстазы әдейі қалап апарған.

Осы жылдары Кенен дастан жырлауға да ден қояды. Әуелі «Кенебай – Кербез сұлу» дастаны – ақынның өз ауылында болған нақтылы оқиға желісіне құралған.

Кененнің күйшілік өнерінде Байсерке күйшінің әсер-ықпалы анық сезіледі. Кенен де көбіне аңыз-күйлер шығарған. Олар «Сарбарпы», «Алып қара құс», «Ботаң қалды қарқарау», «Құлақ күйі» т.б. Осы күйлердің шығу тарихы бар.

Кенен ең алдымен әнші-ақын. Ғұмырында 100-ден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі тудырған талант иесі. Екі жүздей лирикалық арнау, толғаулардың авторы. Ондаған эпикалық дастан жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған жыршы. Көп ақындармен айтысқа түскен сөз сайыскері.

Халық пен үкімет тарапынан ақынның еңбектері жоғары бағаланып «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атақтары берілген, бірнеше рет «Құрмет белгісі», «Еңбек қызыл ту», «Ленин» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Кенен акын ғасыр бойы жасаған байтақ мұрасы мен, армандай әншілігімен, аппақ жібектей сақалымен, бәйтеректей бойымен көзге де, көңілге де өзгеше бір жұмбақ жандай, данышпан абыздай болып көрінетін. Артына өлмейтін, елмен мәңгі жасайтын жарқын із, байтақ мұра қалдырды.

Ұлы отанның көп жерін,

Өнеріммен көргенмін.

Ел алғысын көп алып,

Ел уызын емгенмін…

Тай үйреттім тепсеңге,

Келді Кенен сексенге.

Екі Кенен тумайды

Алатауға ексең де, –

деп ақынның өзі жырлағандай заманында бір келер Кенен атамыз өмірімен де, өнерімен де қайталанбас тұлғаға айналып отыр.

Артына қалдырған өнер мұрасы – мәңгілік.

Айгерім Джуматаева,

Қордай аудандық Кенен Әзірбаев

әдеби мемориалдық музейінің

экспозициялық көрме ұйымдастырушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.