ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ҚОРДАЙДА БОЛДЫ

0

29 қараша күні Қордай ауданында Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Жамбыл облысының тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қайрат Қармандаев, аудан әкімінің орынбасарлары, Қордай ауданы әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және өңірдің бизнес-қауымдастығының өкілдері қатысты.
Жергілікті жерлерде өзекті және маңызды мәселелерді анықтап, оларды зерделеуді көздеген сапар барысындағы кездесу сұхбат форматында өтті.
Жиында шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ бюджеттік жоспарлауды жетілдіру, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер туралы» Кодексіне түзетулерді талқылау мәселелеріне ден қойылды.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамаларды іске асыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, ұлттық кірістерді дұрыс бөлу мақсатында Министрлік тарапынан әлеуметтік-экономикалық дамудағы маңызды мәселелерді іске асыру бойынша нақты шаралар қабылдануда.
— Өз қызметінде қаржы министрлігі барынша ашықтық пен сындарлы тәсілдерді алға тартады. Біз қоғаммен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз, бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келеді. Министрліктің мақсаттары мен міндеттері экономиканың тұрақты дамуына, қазақстандықтардың әл-ауқатының нақты артуына және жүктелген міндеттерді іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ, бюджеттік шығыстарды жоспарлау тиімділігі мен бюджеттік рәсімдерді жақсарту, салықтық-кедендік әкімшілендіру мен аудитты жетілдіруге басымдық беріледі, — деді Ержан Біржанов.
Есепке сай, Жамбыл облысы бойынша барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалуда. Атап айтқанда, өсім құрылыс саласында (+8,7% немесе 149,0 млрд. теңге) байқалып, өндірістік өнім(+12,3% немесе 639,2 млрд. теңге) мен ауыл шаруашылығы өнімі 5,5% немесе 432,0 млрд.теңгеге артқан.
Бөлшек сауда айналымы 289,2 млрд. теңгені құраған, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 2,2 пайызға жоғары. Жамбыл облысының сыртқы сауда айналымы 2022 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында 1408,6 млн.долларды құраған, ұқсас кезеңмен салыстырғанда жалпы салмағы 837557 тонна 356,6 млн. АҚШ долларына өсім байқалған.
Бүгінгі күнге Қордай ауданы облыс бойынша ірі аудандардың бірі болып табылады. Ауданның мемлекеттік бюджет жоспары ағымдағы жылдың 1 қарашасына 112,6 пайызға орындалған, оның ішінде жергілікті бюджетке түсім 6,9 млрд.теңгені құраған немесе жоспардан артық 0,4 млрд.теңге түскен.
Кездесу барысында қаржы вице-министрі тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап беріп, азаматтардың жеке қабылдауын жүргізді.
Мәселен, «Мақұлбаева» жеке кәсіпкер жалпыға ортақ декларациялау, Салықтық кодекске енгізілетін мәселелерге қатысты сауалын жолдаса, «Қордай корм» ӨК және «Eco Chicken» өкілдері өндірістік кооперативтерге арналған арнайы салықтық режим бойынша 70% дейін жеңілдіктер бойынша есептелген салықтарды төлеу бойынша туындаған проблемаларын алға тартты. Сондай-ақ, шаруашылықтар тарапынан ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер үшін салықтық артықшылықтар мәселесі көтеріліп, салықтық есептілік, өз ісін ашуға қатысты сұрақтар қойылды.
Ержан Біржанов бүгінгі күнге жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің еш қиындығы жоқ екенін айтып, мәселені онлайн режимінде шешуге болатынын, және көп мәселені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалына жүгініп шешуге болатынын жеткізді. Көтерілген сұрақтардың барлығына нақты жауаптар мен кеңестер берілді.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.