Қазыналы қарттарға құрмет

0

Жаңа жыл мерекесіне орай Бетқайнар ауылының тұрғыны, 100 жасар ғасыр құрдасы Құттықова Зейтана әжеге аудан әкімінің мерекелік құттықтауы табыс етілді. 100-ші Жаңа жылды қарсы алып отырған әженің өмірі тұтас тарих, өнегемен өрілген.

Зейтана әже 17 жасынан бастап еңбекке ерте араласып, тылда тер төккен, Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын да көрген ерекше тұлға.

Өмірі мен еңбек жолы талайға өнеге болған Зейтана әже әлі күнге дейін ұрпақ тәрбиесіне араласып, өсіріп отырған ұл-қыздарына тәлімді тәрбие беруде. Немере мен шөбере сүйіп отырған ананың ақ тілегі ел тыныштығы мен ұрпақтың баянды бақыты.

Әжеге арнайы барған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл Зейтана әжеге құрмет көрсетіп, аудан басшысының ақ тілегін жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы аудан әкімі Бегзат Болатбековтың мерекелік құттықтауы аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдеріне де табысталды.

Бұл күні Қордай ауданының Құрметті азаматтары Байтөле Бақытбек, Керденов Жомарт, Оңгелдиев Дүйсехан және мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан Сейдекеш Оразқұл, Алиев Санатбайға және Байжігітов Бақытқа аудан басшысының мерекелік құттықтауы табыс етіліп, қазақы дәстүрге сай иықтарына шапан жабылып,  сый-құрмет жасалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.