Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысу үшін аудан орталығындағы бірқатар маңызды мекемелерді аралады. Бұл сапардың негізгі мақсаты – жергілікті халықтың әлеуметтік мәселелерін зерттеу, әлеуметтік қызметтер мен білім беру жүйесінің жағдайын бақылау.
Бірінші кезекте Нұрболат Ақынғалиұлы №1 Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектеп гимназиясына барды. Мектептің материалдық-техникалық базасымен танысу барысында нысанның жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қаралды. Мектеп өкілімен кездесу барысында білім берудің сапасын арттыру жолдарын талқылады.
Содан кейін аудандық орталық ауруханаға бет алды. Мұнда медициналық қызметтердің жағдайын тексеру, аурухананың жаңа жабдықтары мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуін қарастыру мақсаты болды. Нұрболат Сатымқұл аурухана бас дәрігерімен жүздесіп, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Ауданның білім және мәдениет нысандары да назардан тыс қалмады. М.Ломоносов атындағы орта мектеп, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы, «Цемзауыт» ықшам ауданындағы мәдениет үйі, аудандық кітапхана және музей сияқты қолданыстағы әлеуметтік нысандардың жұмысын бағалап, олардың қоғам дамуындағы рөлін атап өтті. Нұрболат Ақынғалиұлы әр мекемедегі қызметкерлермен кездесіп, мәселелерді тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыру қажеттігіне назар аударды.
Сапар барысында аудан әкімінің орынбасары аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен мүгедек балаларды оңалту орталығына да тоқталды. Мұнда әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар үшін жағдайдың қалай жасалып жатқанын, сондай-ақ, арнайы қызметтердің тиімділігін тексерді. Аталған мекемелердің жұмысын жақсарту бағытында мәселер мен ұсыныстарды қарастыру қажеттігін атап өтіп, өз пікірін білдірді.
Нұрболат Сатымқұл №17 спорттық сауықтыру кешеніне де барып, жұмысымен танысып, қызметкерлермен кездесті. Әлеуметтік салада туындап отырған мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын зерттеді. Бұл – тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын жақсарту және қолдау көрсету мақсатындағы жұмыстардың жалғасын қамтамасыз ету үшін жасалуда.
Әртүрлі мекемелердегі жағдайларға назар аудара отырып, аудан әкімінің орынбасары жергілікті мемлекеттік органдармен жұмыс жасаудың маңыздылығын және қоғаммен ашық диалог орнатудың қажеттілігін атап өтті.