Қордай спорты үшін қуанышты жаңалық! Таиланд елінің Паттайя қаласында өткен еркін күрестен U15 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз, Бетқайнар ауылының тумасы Наиль Зейналов ел намысын абыроймен қорғап, күміс жүлдегер атанды.
2026 жылдың 29 маусымында өткен дүбірлі додада Қазақстан Республикасының намысын қорғаған жас балуан 68 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Бұл — Қордай ауданының спорт тарихындағы ерекше жетістік. Себебі бұл ауданымыздағы еркін күрес спортынан 2000 жылдан бергі алғашқы ірі халықаралық табыс болып отыр.
Наиль Зейналов — №17 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Оның бұл жетістігі — тек жеке жеңісі ғана емес, сонымен қатар аудан спортының әлеуетін айқындайтын үлкен көрсеткіш.
Осы тарихи жеңіске орай бүгін Бетқайнар ауылындағы спорт кешенінде салтанатты қабылдау ұйымдастырылды. Азия чемпионатының күміс жүлдегерін ауылдастары қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсетті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл қатысып, аудан әкімі атынан құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар чемпион Наиль Зейналов пен оның жаттықтырушысы Руслан Қасымбековке аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Салтанатты жиында ауыл ақсақалдары мен ел ағалары да ізгі тілектерін білдірді. Бетқайнар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қали Кежембаев, ауылдық округ әкімі Бақытжан Құттықов және ауыл тұрғыны Садықов сөз сөйлеп, жас споршыға құрмет көрсетті.
Сонымен қатар жиын барысында жуырда Ташкент қаласында өткен халықаралық жарыста қола жүлдеге ие болған жас боксшы Азалия Вайдеман мен оның жаттықтырушысы Төребек Амировке де жерлестері қошаметін білдірді.