ҚОРДАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БЕГЗАТ БОЛАТБЕКОВТЫҢ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Ардақты ағайын!

Құрметті жерлестер!

Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыздың ел өмірінде алар орны ерекше. Халқымыз көктем шуағына ілесіп жаңа жыл келеді, жаңа бастамаларға жол ашылады деп, барлық игі істерді ырымдап осы күні бастаған. Бұл мереке барша қазақстандықтар үшін  ең алдымен, татулық пен бірліктің, ырыс пен берекенің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесі.

Бұл өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Ұлы даланың биік рухымен, тәңірге сыйынған тәкаппар мінезінен басталатын Наурыз – халықтың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің көрінісі, биік рухымыздың, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүріміздің, тіліміз бен діліміздің өзегі.

Бүгінде Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде. Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде «Наурызнама» тұжырымдамасы бекітілді. 14 наурыз – Көрісу күнінен басталған онкүндік 23 наурызға дейін жалғасып, әр күн қазақ мәдениеті мен қоғамының байлығын, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміздің алуан түрлілігін дәріптеуге арналуда.

Жаңа тұжырымдама Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын терең ашуға, қоғамның бірлігі мен ынтымағының артуына, жас ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.

Құрметті қордайлықтар!

Бейбітшілік пен берекенің бастауы болған әз-Наурыз сіздерге және отбасыларыңызға ырысы мен байлығын, бақыты мен ынтымағын әкелсін.

Біздің ортақ үйіміз – тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз әрдайым жемісті де баянды болғай.

Әр отбасыға бақыт, табыс, амандық тілеймін.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.