Таяуда, Бетқайнар ауылындағы көл аумағында Қордай ауданының белсенді жастары арасында «Қордайдың жалынды жастары» атты тимбилдинг шарасы жоғары деңгейде өтті.
Бұл іс-шара аудан жастарын бірлестіру, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Тимбилдингке аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл арнайы қатысып, жастарды құттықтап, олардың қоғамдағы маңыздылығын атап өтті. Ол осындай кездесулер жастардың ынтымақтастығын күшейтіп, жаңа идеяларға жол ашады деп сенім білдірді.
«Құрметті жастар! Осындай шараларға қатысып, бір-біріңізбен араласып, ынтымақтасуыңыз өте маңызды. Сіздер – біздің ауданымыздың болашағы, қоғамымыздың тірегісіздер. Жастардың белсенділігі мен шығармашылығы ауданды дамытудың негізгі күштерінің бірі. Осындай тимбилдингтер арқылы сіздер командалық рухты нығайтып, жаңа достар табасыздар, сондай-ақ өз идеяларыңызды ортаға салып, жаңа бастамаларды қолға алуға дайын боласыздар. Әрқайсыңызға сәттілік тілеймін, талпыныстарыңызға табыс жолдас болсын!»,-деді Нұрболат Ақынғалиұлы.
Іс-шараның басты міндеті – жастардың бос уақытын мазмұнды әрі тиімді өткізу, командалық жұмыс мәдениетін қалыптастыру және спорт пен өнерге қызығушылығын арттыру. Тимбилдинг барысында қатысушылар төрт командаға бөлінді: «Jastar forever», «Energy team», «Біртүрлі мықтылар» және «Олимп». Әрбір команда өздерін ерекше креативтілікпен таныстырып, топтың атауы мен ұранын ұсынды. Бұл бөлім жастардың шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді және қатысушылар арасында жақсы көңіл-күй туғызды. Командалар арасында спорттық жарыстар қызықты әрі тартымды өтті. Қаппен секіру және ағашқа шеге қағу сияқты сайыстар жастардың жігері мен ептілігін сынады. Мұндай жарыстар командалық рух пен бір-біріне қолдау көрсету сезімін нығайтады. Барлық қатысушылар бір-бірімен достық әрі батыл сайысып, шараның сәтті өтуіне өз ықпалын жасады.
Әділ қазылар алқасының шешімімен «Біртүрлі мықтылар» спорт командасы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды «Energy team» мәдениет бөлімдерінің командасы қанжығасына байлады. Үшінші орынды «Jastar forever» жастар командасы жеңіп алды, ал «Олимп» бөлімдер командасы төртінші орынға табан тіреді. Барлық командалар қаржылай сертификаттар мен дипломдармен марапатталды.
Жалпы, мұндай шаралар ауданның жастар саясатына тың серпін беріп, олардың өзара байланысын нығайтып, спорт пен шығармашылыққа деген сүйіспеншілігін арттырады. Жастар өз мүмкіндіктерін танытып, болашаққа сенімді қадамдар жасауға ұмтылады.
Әділет Құттыбай