Осыдан төрт жыл бұрын аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің тоқсан жылдығы аталып өтті. Газеттің алғашқы нөмірі жарық көргеніне бір ғасыр толатын күн де қашық емес. Редакция архивіндегі газет тігінділері тарихқа айналған бүтін бір дәуірдің жылнамасы іспетті. Сарғайған газет беттерін парақтай отырып, ондағы жазбалардың мазмұнынан, жазылу стилінен, фотосуреттерден келмеске кеткен өмір тынысын сезінуге болады.
Қазіргідей цифрлық технологияның елесі де жоқ ол кездері фотоөнермен айналысудың машақаты көп болатын. Пленкалы фотаппаратпен түсірілген бейнені алдымен арнайы фотоқағазға шығару, одан газетке басуға болатын металл клишеге көшіру біраз уақытты алатын өндірістік процестерден тұратын еді. Бұл өз алдына шынайы шығармашылық өнер дер едік. Жалпы, газетте фотосуреттер соғыстан кейін-ақ пайда бола бастаған екен. Газеттің елуінші-алпысыншы жылдарғы тігінділерінен фототілшілер Рашида Рахимованың одан кейін Сабыр Зәкірұлы Тархановтың түсірген суреттерінен сол тұстағы қордайлықтардың бет-бейнесін көруге болады. С.Тархановты бала кезімізде көзіміз көрді, орта бойлы толықтау келген татар ұлтының азаматы еді. Талай мәрте біздің колхозға да келіп түсірген суреттері газетте жарияланып тұратын.
Ал Санхур Идыбомен мен газетке алғаш келген 1976 жылдан 1994 жылға дейін бір ұжымда қатар еңбек еттік. Санхур Хасабайұлы 1945 жылы туған, Пржевальскийде (Қарақол) мектеп бітіріп, сондағы бір газетте фототілші болып тәжірибе жинаған екен. Кейіннен Қордайға қоныс аударып, «Қордай шамшырағына» қызметке тұрды. Санхурмен талай бірге іссапарларға шығып, жазған репортаждар мен мақалаларымыздың мазмұнын ашатын суреттермен безендіріп отырдық. Егде қордайлықтардың көпшілігі оны әлі ұмыта қоймаған болар? Ол кездері, жоғарыда айтқанымдай, фотосуреттер шығару өз алдына шығармашылық өнер болатын. Алдымен фотопленканы арнайы химикаттармен өңдеу, ондағы бейнені үлкейткіш аспаппен фотоқағазға түсіру шеберлікті талап ететін. Дайын фотосуретті газетке дайындау да өз алдына бір жұмыс. Суреттің сыртына газетке берілетін көлемі таңбаланып, Санхур оларды Фрунзедегі (Бішкек) полиграфкомбинатқа апарып клишеге түсіртіп әкелетін. Бұл процесс кем дегенде үш-төрт күнге созылатын. Газет бетіндегі суреттер, міне, осылай бірнеше кезеңнен тұратын өндірістік тәсілдермен жарық көретін.
Санхур Идыбо дүнген ұлтынан арықша келген бойшаң жігіт еді. Қолы ашық, аңқылдаған ақжарқын азамат болатын. Ескілеу ақ «Жигулиін» редакцияның жұмысына аямай-ақ салатын. Шаруашылықтарға шығып, тау-тасты кезіп, ойға-қырға шапқылаудан шаршаған емес. Оның суретке түсіру тәсілі де өзгеше. Машинаның, трактордың үстіне шығып кетіп, кейде жерге тізерлеп отырып, тіпті, жата қалып та сурет обьектісінің ең оңтайлы тұсын таба қоятын. Кейінірек Санхур отбасын Сортөбеден аудан орталығына көшіріп әкелді. Әйелі Келиме, екі ұл, екі қыздары болды. Әкесі Хасабай Идыбо Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер.
Компьютерлік техника өмірге дендеп келе бастаған тоқсаныншы жылдардың басында Санхур жаңа үлгідегі фотоаппарат иеленіп, цифрлық түсіру әдістерін меңгеруге көшті. Енді бұрынғыдай тәсілмен сурет шығарудың, оны Бішкекке апарып клише жасатудың керегі болмай қалды. Фотосурет компьютер арқылы газет бетіне тікелей берілетін технологияға көшті. 1994 жылы «Қордай шамшырығы» газеті жабылып, оның орнына жеке кәсіпкердің қолдауымен «Қордай жаңалықтары» жарық көре бастағанда біраз адам қысқартуға ілікті. С.Идыбо Бішкектегі басылымдардың біріне жұмысқа тұрды.
Ара-тұра кездесіп қалғанда ауырып жүргенін айтатын. Ал, өткен жылы (2025) күзде сексен жасында дүниеден озды. Қордай аудандық газетінің 1970—1994 жылдар аралығындағы ширек ғасырлық тігінділерінде «Суретті түсірген С.Идыбо» деген сілтемемен оның қаншама көп суреттері жарияланғанын көруге болады.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист
Суретті түсірген С.ИДЫБО