Әке өнерінің мұрагері

0

Қордай елі – жырға тұнған, сырға тұнған киелі орда. Кенен ауылында Е.Қашағанов атындағы орта мектебінде ауылдық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен журналист-жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Қордай ауданының Құрметті азаматы» Бақытжан Кененұлымен кездесу өтті.
«Тектіден текті туады» демекші, қазақ–қырғызға әйгілі дүлдүл ақын, күміс көмей әнші Кенен атамыздың ұрпағы, жолын жалғастырушы Бақытжан Кененұлы өз бойынан туындаған шығармаларымен жас ұрпақтың болашағына нұрын шашар, тәрбиелік мәні зор құнды дүниесін паш етті. «Әке өнерінің мұрагері» атты әдеби – танымдық кездесу кешінде жазушының «Адам болу оңайма?» және «Дүлдүл» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімінің куәсі болдық.
Әр қаламгердің өзінің қалам тербеудегі ерекшеліктері мен жазу стилі болады. Ағамыздың қалың оқырманға арналған еңбегі, жазу стилі тілге жатық, оқуға жеңіл. Оқыған адамды өзіне тартпай қоймайды. «Адам болу оңай ма?» роман-эссе ғұмырнамалық шығармада Бақытжан аға кейіпкерлерінің бәрі шынайы өмірден алынған. Сонымен қатар бұл еңбекте өзінің өмір жолындағы қызықты оқиғалар мен естеліктерді тізбелеп, көркем тілмен жазып шыққаны көрініп тұр. Кітаптағы тағы бір ерекшелік: жазушының балалық шағына серуен, яғни тұнып тұрған сол кездегі ауыл көрінісі, естеліктеріне шебер тақырып қою. Мысалы: «Қош бол, балалық шақ» атты естелігінде өзінің ауылдағы достары мен ойын балаларының қызықты сәттері керемет суреттелген. «Интернат», «Шәкәрімнің немере қызы – Фатиха», «Тетелестер», «Қос ұлым – қос қанатым» сияқты бөлімдерді талдауы, кездесу кешін қызықтыра ұйымдастырған оқырман қауым жас жеткіншектер мектеп оқушыларының мағыналы қысқаша қызықты жеткізген баяндауы өте әсерлі өтті. Ал, «Дүлдүл» атты кітабында Кенен атамыз туралы ғалымдар мен ақын-жазушылардың әр жылдары жазғандарын архивтен іздеп тауып, қалың оқырманға тарту еткен. Архивпен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен уақытты талап ететінін ескерсек, Бақытжан ағамыз әке рухы алдында абыройлы еңбек еткені көрініп тұр.
ҚР Президенті Қасым Жомарт Токаев бекіткен «Білімді ұлт, сапалы білім беру» ұлттық жобасының басты міндеттерінің бірі — ол ұрпаққа ұлттық тәрбие мәселесіне басымдық беру. Сондықтан «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген халық даналығына мән бере отырып, болашағынан ел билейтін ұрпақтарға асыл мұрамыз, рухани байлықпен сусындатып, ұлтшылдық, отаншылдыққа баулып, өз халқын өз мемлекетін көзінің қарашығындай қорғайтын, ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды шығаруға бет бұрудың дұрыстығына тағы бір мәрте көз жеткіздік десе болады.
Кездесу кешінен жас ұрпақ тәрбиесі мол, сүбелі ақпаратқа қанығып, рухани азық ала білді.
Сырғакүл ЖАПАРОВА,
Қордай аудандық музейінің ғылыми қызметкері

Leave A Reply

Your email address will not be published.