ӨРІСІ КЕҢ ӨНЕР ОРДАСЫ

0

21 мамыр елімізде Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып белгіленгеніне биыл он жылға жуықтады. 2013 жылдан бері тойланып келе жатқан мереке мәдениет қызметкерлерінің мерейін асқақтатып, мәртебесін жоғарылатып келеді. Айтулы күнге орай кез келген шараның шырайын келтіріп, басы қасында жүретін аудандық өнер өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтай барған едік.
Шынында аудандағы әрбір мереке, салтанатты шара мәдениет қызметкерлерінің бой көрсетпеуінсіз өтпейтіні анық. Себебі, онда ән айтылып, би биленіп, күй шертіледі. Ал, мұндай қасиет өнер адамында ғана болады. Құдайдың берген өнеріне таудай талантымен талпынып жүрген дарынды жандарға бармақтай бақ бұйырмай жатады. Деседе жаны нәзік жандардың еш өкпесі жоқ. Өйткені өнер кеудеге сыймай бұлқынып, жаратылыстың жарқын сәттерін жүрекпен сездіріп, қиял әлемін бөлек түрмен танытады. Өнер ол – өлең, шығарма, мүсін, сурет, әуен. Осы өнер иелерін бір арнаға тоғыстырып, бір шаңырақ астына жинайтын – Мәдениет үйі. Аудандық Мәдениет үйі облыстағы үздіктің бірегейі. Оны өткен жылдың соңында облыс орталығында өткен Қордай ауданының мәдениет күндері аясында дәлелдеп берді. Ол күннің мерекелік концертін тараздық қонақтар әлі ұмыта қоймағаны анық. Жүз жасаған Жамбыл мен оның шәкірті дүлдүл Кененнің кездесуін театрландырылған көрініс етіп қойып, көрерменге шынайы жеткізе білу көптің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ, ол кеште бой көрсеткен Қордайдан шыққан елге белгілі жұлдыздар Мұрат Құсайынов пен Саят Медеуовтың ауданның абыройын арқалауы Мәдениет үйінің мәртебесін биік көретінінің бір белгісі шығар. Облыста озық танылған Жанат Нұралиева басқаратын өнер шаңырағында көп жылдан еңбек етіп келе жатқандар бар. Солардың бірі Зияш Жазықбаева ауданның би өнерінің өсіп өркендеуіне үлес қосып жүрген ардақты жан. 35 жылға жуық тарихы бар «Махаббат» халықтық би ансамблінің негізін қалаушы Зияш Еркебекқызының шәкірттері еліміздің әр түкпірінде өнерімен танылып жүр. Ал, қазіргі мың бұралған бишілері де облыстық, республикалық тіпті халықаралық додаларда топ жарып келеді. Өмірін өнерге арнаған Зияш Еркебекқызы бүгінде ауданның құрметті азаматы. Дәл осындай қажырлы еңбегімен еленгендердің бірі, Қордай ауданының Құрметті азаматы – Қарлығаш Қожағазина. Қырық жыл ғұмырын Қордай өнерінің дамуына арнаған Қарлығаш Көпесқызы да аудандық Мәдениет үйінде қызмет етіп келеді. Ал бүгінде зейнет демалысына шыққан Күміскүл Сәрсенбаеваның да ауданға қосқан үлесі зор. Кешегі атақты ақындардың ізін басқан айтыстың Күмісайының жеткен жетістіктерін тізбектей берсек саннан жаңылысуға шақ тұрар. Қордайын жырға қосқан ақын К.Сәрсенбаева да туған өлкесінің мерейін асырып жүріп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Саналы ғұмырын кино саласына жұмсап келе жатқан Зураш Бурумбаева әлі күнге мәдениет үйінің отымен кіріп күлімен шығып жүрген жанның бірі. Ауыл тұрғындарын қазақ киносымен сусындатып жүрген мәдениет майталманының облыс әкімінен Алғыс хат алуы да тегін емес. Осы жандармен бірге жас күнінен мәдениет саласында көп жыл күш салушының бірі Ұлдан Шалабаеваны да атап өтсек артық болмас. Үлкеннен үйренгенін ізінен ерген жастарға үйретуші бола білген Ұ.Шалабаева мен Ж.Ақылбаеваның бүгінде аудан мәдениетінде орны бөлек. Ал, мәдениет үйінің басшысы Жанат Нұралиеваның жұмысы өз алдына бір бөлек. Карантиннен кейін қайта мәдениет саласына дем бітірген Жанат Мырзабекқызының ұйымдастыруымен бүгінде өтіп жатқан мерекелік концерттерді тіпті ауыз толтырып айтпау мүмкін емес. Оған себеп Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекені көрген қордайлықтар таңданысын жасыра алмағанын айтуға болады. Әрине мұның бәрі бір адамның емес ұйымшыл ұжымның арқасы деп айтсақ қателеспейміз. Бүгінде мәдениет үйінде бірнеше халықтық ұжым бар. Атап айтсақ, республикалық жарыстарда үнемі жеңіс төрінен көрінетін «Аққу» халықтық би ансамблі, қаншама жылдан бері үзіліссіз өнер көрсетіп, қордайлықтардың сүйіктісіне айналған «Соседушки» фольклорлық ансамблі, «Чунтян» ән-би ансамблі, жоғарыда атап өткен тарихы тамырға жайылған «Махаббат» халықтық би ансамблі мен «Қордай» халықтық театры жұмыс жасайды. Аталған ансамбль ұжымдары жыл ара өңір орталығында есептік кешін өткізіп, жерлестерінің алғысын арқалап келеді. Қанша жылдан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан аталмыш ұжымдардың аудан мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлестері зор.
– Аудандық мәдениет үйі жоспарға сай және жоспардан тыс ауқымды мәдени іс-шараларды өткізіп келеді. Олардың ішінде аудандық және облыстықтан бөлек республикалық іс-шаралар да бар. Сондай-ақ, түрлі байқауларға қатысып жүлделі орыннан көрініп келеміз. Біздегі әр өнерпаздың жеткен жетістігі мол. Сондай-ақ, бізде аудан жастарының уақытын тиімді пайдалану жақтары да қарастырылған. Көптеген үйірмелер ашылып, өнерлі жастар үшін жұмыс жасауда. Бұдан бөлек «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» «Бозбала мен бойжеткен» сынды аудан жастары үшін байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Мұндай үйірмелер мен іс-шаралар ауылдық округтегі мәдениет үйлерінде де қолға алынған, — дейді Мәдениет үйінің директоры Жанат Нұралиева.
Бүгінгі күні мәдениет пен өнері өркендеген ел әр уақытта ілгерілеп, дамитынын ескерсек, мәдениет саласының қызметкерлері сол даңғыл жолдағы басты мамандар десек артық айтқандық емес. Ендеше халқымыздың рухани байлығын, ұлттық өнерін насихаттап, ауданның абыройын асқақтатып жүрген талант иелерін төл мерекелерімен құттықтаймыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.