Әлеуметтік инфрақұрылым әлеуеті

0

Қордай ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл ауданда құрылыс саласы бұрын-соңды болмаған қарқын алып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.

2026 жылы аудандық құрылыс бөлімі арқылы қомақты қаржыға 16 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 8 нысанның құрылысы толық аяқталса, 5 жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, ал 3 жоба келесі жылға өтпелі. Бұл – ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстардың нақты көрінісі.

Ірі жобалардың бірі – Сарыбұлақ ауылындағы «Благовещенский» егістік алқаптарын суару каналының қайта жаңғыртылуы. Ұзындығы 18,8 шақырымды құрайтын бұл нысан ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттырып, суармалы жерлердің әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Гвардейск, Қарасай батыр және Күнбатыс-2 елді мекендерінде ауыз су жүйелері жаңартылып жатыр. Бұл жобалар тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге және инженерлік желілердің сенімділігін арттыруға бағытталған.

Аудандағы маңызды нысандардың қатарында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған Достық үйінің құрылысы ерекше орын алады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып, белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ Қордай ауылының Батыс шағынауданында аудандық соттың жаңа ғимараты бой көтеріп жатыр.

Спорт инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Үлкен Сұлутөр ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Нысан осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал Қордай ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары 80 пайызға орындалып, оны 1 қыркүйекке дейін аудан тұрғындарының игілігіне беру көзделген.

Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Аудан тұрғындарының сұранысына сәйкес республикалық маңызы бар «Қарасу – Масаншы – Сортөбе» автожолында және аудандық маңызы бар «Қаракемер – Керу» жолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Арал ауылына кіреберіс жол толық жөнделсе, биыл Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарына кіреберіс жолдарды жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Газдандыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бүгінде аудандағы 41 елді мекеннің 36-сы табиғи газға қосылып, қамту деңгейі 87,7 пайызға жетті. Қалған Гвардейск, Бел, Мұзбел, Аңырақай және Бәйтерек ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Қаржыландыру мәселесі шешілген жағдайда құрылыс жұмыстары басталады.

Таза ауыз сумен қамту бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Бұл мақсатқа қажетті қаржы бөлініп, қажетті елді мекендерде жаңа су жүйелерін салу және қолданыстағы желілерді жаңғырту көзделген.

Қордай ауданында жүзеге асып жатқан бұл жобалардың барлығы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, ауылдардың әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.