ӘУЛИЕ ШОҚЫДАН ШЫҚҚАН ДАРАБОЗ (ЖАЗУШЫ-ПУБЛИЦИСТ ӘШІРБЕК КӨПІШ – 75 ЖАСТА)

0

Қордай ауданының шығысында, Әулие шоқы аталатын биік таудың етегіндегі алақандай ғана егіз ауыл – Керу мен Қаракемерден шығып, байтақ елге танымал болған ерек тұлғалар баршылық. Атақты математик, ҚР ҰҒА академигі Мұхтарбай Өтелбаев, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіров, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген әртістер Матан Мұраталиев пен Асқарбек Сейілханов, редактор-журналистер Баймұхан Ордабаев пен Қырғызбай Дәуітов, қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Ләзиза Аймашева, ғылым кандидаты Сәрсенбай Қойшыбаев, кешегі сұрапыл соғыста бір өзі үш жүзге тарта фашистің көзін жойған даңқты мерген Әбіл Нүсіпбаев… Міне, осылардың қатарында бүгінде жетпіс бес жасты еңсеріп отырған жазушы-публицист, баспагер ағамыз Әшірбек Көпіш те аталады.
Ол жарық дүниеге 1947 жылдың 30 сәуірінде сол киелі таудың баурайындағы Бетқайнар деген сайда дүниеге келіпті. Әкесі Сейілхан мен анасы Қапуза қырықтан жаңа асқан шағында елден жырақта мал бағып отырған екен. Киіз үйде тұратын. Таулы өлкеде көктемнің шуағына қар енді ғана еріп, тау-тастың қойнауында көк жапырақтар жаңа қылтия бастаған кез. Әкесі айналадағы өздері секілді малшы-диқандарды шілдеханаға жинап, кіндігін Арзанкүл деген апаға кестірген екен. Ал, Рәзия деген апа нәрестенің атын Байболат атаға азан шақырттырып Әшірбек деп қойыпты. Бұл сөздің мағынасын өзі кейін университетте оқып жүрген кезінде ғана түсініп біледі. Ол – арабтың «ғашр», яғни «он» деген санды білдіретін сөзі екен.
Ол отбасының кенжесі болды. Алдында Ұлы Отан соғысына қатысып келген Ақылша, одан кейінгі Әбікен, Әбдісадық, Әбдібек ағалары бар. Бес жастың маңайы болуы керек, әкесі таудағы малшылықты қойып, олар Керу ауылына, жер тамға көшіп келді. 1954 жылы сол Керудегі жетіжылдық мектепке барған кезі есінде. Шүберек дорбаға қағаз-қаламын, ұшталған түрлі-түсті қарындаштарды салып, ерітілген бояулы сия сауыт пен қаламұшты қолына ұстатып, Ақылша ағасы мектепке ертіп апарды. Ол мектепке дайын күйінде барды. Өзімен тетелес ағасы Әбдібек бірінші сыныпта оқып жүргенде-ақ онымен бірге бүкіл әріптерді танып, жазу-сызуды үйреніп алған-ды.
Әлі есінде, сынып бөлмесіне орта бойлы, тығыз денелі, тірсегіне түсетін өрілген қою шашын ақ-сұр орамалмен тығыздап ораған көзі өткір бір әйел кіріп келді. Ол алғашқы ұстазы Ырыс апай еді. Оның Жамаш (сірә, шын есімі Жәмилә болуы керек) деген жалғыз қызы бұлармен бірге оқыды. Әжесі оны жақсы көретіндіктен қатты еркелетеді екен. Сөйтіп, үйдегі ерке мінезін сыныпта көрсеткен кезде Ырыс апай сол жалғыз қызының өзін аямастан қолындағы ұзын сызғышпен немесе бормен періп келіп жіберетін. Мұны көріп отырған өзге балалар дымдарын шығармай жым болатын. Керудің мектебінде Дәмеш апай, Майлыш ағай, Анаргүл тәтей, Қарымсақ ағай, Бейсе ағай, Жолдасбек ағай, Жәділ ағай, Күлзәй тәтей, Сейітхан ағайлардан дәріс тыңдап өсті. 1961 жылы олардың отбасы Чапаев атындағы колхоздың орталығы Қаракемер ауылына көшіп келді де, Әшірбек Қаракемер жетіжылдық мектебінде жетінші сыныпты оқып аяқтады. Ал, 8-ші сыныптан бастап көрші Қарақоңыз ауылындағы (қазіргі Масанчи) он бір жылдық мектепте оқыды. Міне, сол орта мектепті 1965 жылы алтын медальға ұсынылып тұрып, күміс медальмен бітірді.
Мектеп бітірген жылғы жазда ауылдағы бір топ достар болып Алматыға оқуға аттанды. Бұрыннан, Керу ауылында жүргеннен бастап аудандық, республикалық газет-журналдарға өлеңдер және мақалалар жазып, олардың біразы жарияланып үлгергендіктен оның таңдауы Қазақ мемлекеттік университетіндегі филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы болатын. Емтихандарды өте жақсы бағалармен тапсырып, сол тұстағы еліміздің ең басты білім ордасының студенті атанды. Абитуриенттер арасынан іріктеліп оқуға түскен жүзден астам қыз-жігіттердің барлығы дерлік әдебиетке бейім, шығармашылықтары бірінен-бірі асып түсетін кіл талантты жастар еді. Солардың қатарында жүріп, қалыспай білім алып курстан курсқа өрлеп, келешек өмірге ұмтылумен болды. Сол кездегі оқу менен студенттік өмір сүрудің небір қиын-қыстаулары мен қызықтарын бастан бірге өткізді. Сөйтіп, университеттегі бес жылдық өмір кезеңінде өз мамандығың бойынша оқып-білім алудың не екенін, нағыз білімнің қандай болатындығын және қазақтың ендігі зиялы қауымының қатарына қосыла аласың ба, жоқ па – міне, осындай бір күндік қана емес, мың күндік мақсат-міндеттерге талмай ұмтылу, ақиқатында және Алла бұйыртса ғана, биік мүдделерге жеткізе алатындығына санадағы жол ашылады екен. Университет бітірген кезде бәрінің де осыған көздері жете бастаған. Сондықтан да болар, оның университетті бірге аяқтаған курстастары соңғы курстарда республикалық басылымдарға жұмысқа тұра бастады. Олар: Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабек, Әділбек Тауасаров, Алма Қыраубаева, Ризабек Әдуов, Нұрлан Оразалин, Алдан Смайылов және Әшекеңнің өзі де.
1970 жылы оқуды бітірер тұста ол республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне тілші боп жұмысқа орналасты. Редакторы – белгілі жазушы, спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов болатын. Ол жерде сегіз айдай жұмыс істеген кезінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртаза жоғары қызметке ауысып кетті де, орнына Сейдахмет Бердіқұлов басшы боп барды. Ол кісі Әшірбектің шығармашылық әлеуетін жақсы білетіндіктен бірден «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа шақырып алды. Сөйтіп, сол кезеңде бүкіл Қазақстанда даңқы дүрілдеп тұрған жастар газетінде Әнес Сарай, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбай, Серік Әбдірайым, Рашид Рахымбек, т.б. бірігіп, әрі қатарласып шығармашылық еңбекке кірісіп кетті.
Ол кезде «Лениншіл жас» газеті бүкіл Қазақстандағы әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді өткір көтере алатын бірден-бір басылым еді. Оның бетіне жарияланған әрбір мақала ел арасында өте үлкен резонанс тудырып жататын. Ал, жастар газетінде басылып шыққан ақындардың өлеңдері мен әңгімелері қолма-қол әдеби қауымның назарына ілігетін. Міне, осындай ортаға түсіп, журналистік жұмысқа араласқан әрбір қаламгер барынша тез ширап, мүмкіндігінше әдебиет әлеміне де ұмтылуы заңды үрдіс еді. Әшекең де осындай күйді басынан өткерді. Жарияланған мақалалары көбіне журналистік еңбектен гөрі көркем әдебиетке бейімделіп тұратынын қаламдастары өзіне жиі айтатын. Әйтсе де, тырнақалды көркем шығармаларын жариялатуға бірден батылы бармағаны рас. Бірақ, жазғандарын жинақтап, бір папкаға салып, қордалай берді. Бұл кезде «Лениншіл жасқа» еліміздің әр шалғайынан Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбековтей талантты қаламгерлер қосылған еді. Көп ұзамай гурьевтік арқалы ақын Фариза Оңғарсынова әуелі «Қазақстан пионеріне», кейіннен жаңадан ашылған «Пионер» журналына (қазіргі «Ақ желкен») бас редактор болып тағайындалып, Әшірбекті өзіне орынбасарлыққа шақырды. Осылай оқшауланғаннан кейін енді оның жеке шығармашылыққа деген ұмтылысы күрт өсті. Сөйтіп, 1983 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Қазақстан Жазушылар одағының «Жалын» баспасымен бірлесіп өткізетін балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби туындылардың жабық конкурсына өзінің тұңғыш жазылған «Дөңгеле, күн, дөңгеле» атты хикаятын ұсынды. Бұл өзі туған ауылы Керу, оның тамылжыған тұмса табиғаты мен ауыл адамдарының өміріне арналған шығарма болатын. Қызық болғанда, осы повесть-хикая сол жылғы белді жазушылар қатысқан, шешімі құпия өтетін байқаудың екінші бәйгесін жеңіп алды. Кейіннен, конкурстың қазылар алқасында болған С.Бердіқұлов, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, Т.Әбдіков секілді жазушылар «Дөңгеле, күн, дөңгеле» повесінің, тіпті, бірінші орынды иемденіп кете жаздағанын талай рет айтып жүрді.
Міне, осыдан бастап Ә.Көпіштің әдебиетке деген құлшынысы бірден артты. Сондықтан да, баспасөзде тынымсыз еңбек ете жүріп, барынша ден қойып кең көсіле әдеби шығармалар жаза бастады. Әшекеңнің қаламынан әр жылдары «Дөңгеле, күн, дөңгеле», «Таудан түскен тұман», «Көк аспанның әміршісі», «Бетқайнардың үкілі қамысы», «Құмайкөк», «Құмайкөктің көк аспаны» аталатын повестері мен әңгіме, хикаяттары кітап болып шығып жатты. Ал, соңғы жылдары «Мәңгілік майдан» роман-эпопеясының I және II томдары жарық көрді.
Бұрынғы кітаптары турасында әр кезде әртүрлі баспасөз беттерінде жақсы пікірлер айтылған, жазылған. Ал, соңғы «Мәңгілік майдан» роман-эпопеяның алғашқы екі кітабы жөнінде қазақ зиялыларының біразы, әсіресе, бірнеше танымал жазушы-сыншылар өте жоғары пікірлерін білдірді. Олар бұл романдарда Қазақ халқының текті Тарихи Рухының негізгі бағыттары жоғары көркемдікпен жақсы қамтылған деген ойларын айтуда. Автордың да алдына қойған басты мақсаттары осы еді.
«Сондықтан да қазір жазылып жатқан кейінгі томдарымда халық тағдырымен бірге өрелес өсіп бүгінге жеткен биік қоғамдық ой-саналарымды барынша терең өрнектеп, осы шығармама арқау етуге тырысамын. Бұл – осы ХХІ ғасырда бүкіл әлем оқиғаларына алаңдаумен өсіп келе жатқан, өз халқының тарихын терең біле бермейтін қазіргі және келешектегі ұрпақтарға өнеге болса екен деп тілеймін», — дейді автордың өзі.
Енді бүгінде өткен еңбек жолдарына қараса, журналистік қызметін ең әуелі (1970 ж.) республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бастап, сонан соң (1970-1978 ж.ж.) «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде қатардағы тілшіден бөлім меңгерушісіне дейін өсіп-жетіліп, жаңадан «Пионер» (1978-1987 ж.ж., қазіргі «Ақ желкен») журналы ашылғанда жауапты хатшы қызметтерінде болған екен. Ал, мұнан соң 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін КСРО-дағы бүкіл қоғамдық-саяси өмір күрт өзгеріске түсіп, қазақ жастары жаңа тарихты талап етіп алаңға шыққаннан кейін Қазақстанда бұрын-соңды дайындығы болмаған қазақ және орыс тілдерінде қатар жарық көретін «Арай-Заря» жастар журналы шығарылатын болды. Мұны сол кездегі КСРО-ның астанасы Мәскеу шешетін еді.
1987 жылдың қаңтар айынан бастап Мәскеу органдары және Қазақстандық басшылардың шешімімен Әшірбек Көпіш осы «Арай-Заря» журналының бас редакторы болып қызметке кірісті. Бұрын-соңды Қазақстан баспасөзінің тарихында болмаған бұл журналды басқару оған оңайға түскен жоқ. Желтоқсан оқиғасынан кейін кез-келген жерде, қоғамдық орталарда, әсіресе, баспасөз ұйымдары мен идеологияда қазақ ұлтының мүддесін қорғау жолында орыс тілі өкілдерімен ашық қақтығыстар болып жататын. Бұл бүкіл қоғамға тікелей әсер етпей тұрмайтын. Коммунистік қоғамның ыдырап, көп ұзамай құлап тынатынын ол кезде ешкім де болжай қоймаған-ды.
«Міне, осындай кезеңде «Арай-Заря» журналдарының бетінде өте өткір сын мақалалар жариялауға тура келді. Соған біз бас тіктік. Редакциямызда кейіннен Қазақстан қоғамына аты кең жайылып, танымал болған саясаткер-журналистер Алтынбек Сәрсенбаев, Сейдахмет Құттықадам, аудармашы Ақас Тәжутов, белгілі ақындар Есенғали Раушанов, Мейірхан Ақдәулетов, Қайрат Әлімбеков, Гүлнәр Салықбаева, Гүлзат Шойбекова, Шәріп Құрақбаев, Гүлбайраш Молдабаева сынды қазақ баспасөзінің жанашырларынан құрылған топ аянбай еңбек етті. Орыс редакциясында да талапты жастар көп болды. Сөйтіп, «Арай-Заря» журналдары бүкіл республикамызға аты шыққан басылымға айналды», — деп еске алады Әшірбек аға ол күндерді.
1993 жылы ол жоғарғы органдардың шешімімен «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының директоры, кейіннен президенті болып қызмет атқарды. Сөйтіп, бүкіл Қазақстан көлемінде телерадио компанияларын түгел басқарып, идеологиялық, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуға тура келді. Оның өмірбаянында бұл да айрықша биік бір кезең саналады. Ал, 1996 жылы ҚР Баспасөз министрлігінің шешімімен республикалық «Өнер» баспасына бас директор болып тағайындалды. Міне, қазір де сол қызметін жалғастырып келеді. 1980 жылы құрылған бұл баспаның басты бағыты еліміздегі өнер салаларының барлығын қамтыған түрлі баспа өнімдерін, альбомдар мен кітаптар шығаруды қамтамасыз ету. Ал, Әшекең баспа басшысы ретінде «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II сьезі», «Президенттің мәдени орталығы», «Балалық шаққа саяхат — Путешествие в детство» тәрізді суперфотоальбомдар жобасының авторы болды.
Оның жетістіктеріне келсек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан баспа және полиграфия ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Құрмет грамотасының иегері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Теледидары мен радиосының ардагері, «Ұлы дала Батыры» медалінің, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері деген дардай атақтары мен марапаттары бар.
2015 жылы Әшекеңнің орта мектепті бірге бітірген сыныптастарымен жарты ғасырлық кездесулеріне куә болғаным бар. Алдымен, жөні де солай, өздері оқыған ескі мектептің орнында бой көтерген мешітте бас қосып, бақилық болған ұстаздарының, сыныптас құрбыларының рухына Құран бағыштап, ауылдастарына құдайы тамақ таратып еді. Содан бергі жеті жылда тағы біраз құрдастары өмірден озыпты. Амал не, табиғаттың заңы бұл. Жұбайы Минира Сәдірқызымен 1975 жылы шаңырақ көтерсе, енді балалары бір-бір отаудың иесі, өздері немерелеріне ата-әже. Шүкір, көзінің ағы мен қарасындай екі ұлы Данияр мен Қайсар бір кездегі өзі сияқты Алматыда қазақ мектептерін алтын және күміс медальмен бітірген болатын. Екеуі де әуелі еліміздегі жоғары оқу орындарында, одан соң Ұлыбританияда оқып, білімді де білікті азаматтар болып қалыптасты. Еліміздің сыртқы істер министрлігіндегі және шетелдердегі жоғары дипломатиялық қызметтерді абыроймен атқарды. Италия, Америка Құрама Штаттары, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы т.б. мемлекеттерде жауапты қызметтер атқарып, елге оралды. Қазір әрқайсылары өзінің салалары бойынша еңбектенуде. Әшекеңнің тетелес ағасы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Әбдібек Сейілханов айтады: «Әшірбек бала жастан зерек еді. Мектепті күміс медальмен бітірді. Ол балаларының да оқуын қатты қадағалады. Әдетте үйге қонақ келсе балаларды басқа бөлмеге қуып жатамыз ғой, ал Әшірбек керісінше екі ұлын шақырып алып, үлкендердің өнегелі әңгімесін тыңдататын. Қонақтарды ас-ауқатын беріп, демалыс бөлмесіне жіберген соң, ұлдарының сабағын пысықтайтын. Оның үйінде кәдімгі мектептегі қара тақта ілулі тұратын. Сол тәрбиенің жемісін енді көріп отыр. Ата жолын енді немерелері жалғастыруда».
Балалары оқып-өсіп, қызмет атқарған кезеңінде Жер шарындағы талай елдерде болып, олармен бірге тұрып кейде барып-қайтып жүріп сансыз көп ойларға кенелді. Өмірде жолға шыққан әрбір сапарың өзінше бір тарих. Онда да ел аралап, жер көріп мәз болып қайту емес, ең бастысы, Жер-жаһанды көре жүріп қазақ баласы – қазақ халқының ұрпағы ретінде қажетті тарихи қазыналы ізденістер арқылы ой-санаңды терең дамытып елге оралу және де сол арқылы өмірің мен иманыңды байыту – ең түпкі мақсат, дейді. Атқарған қызметтеріне сәйкес және де жеке саяхаттық ізденістермен АҚШ-та, Ұлыбританияда, Францияда, Германияда, Оңтүстік Кореяда, Түркияда, Араб Әмірліктерінде, Сауд Арабиясында, Мексикада, Голландияда және т.б. елдерде болыпты. Көрген-білгендерінің барлығы жадында, кейбіреулері қағазда қаттаулы.
«Бүгінде көптомдық «Мәңгілік майдан» роман-эпопеямның кезекті томдарын жазу үстіндемін. Соңғы жылдарғы халыққа қатты келген мына пандемия бізге де ауыр тиді. Сондықтан жазып жатқан шығармам біраз бөгесіндерге тап келді. Енді, Алла қаласа, осы роман-эпопеяны жалғастыра жазып, Қазақстан жұртшылығы алдында үш ғасыр бойы (XVIII, XIX, XX ғғ.) Қазақ Елін аяусыз таптап келген, небір қанды сойқандарға ұшыратқан – бүкіл ұлтты Жер бетінен жойып жібере жаздаған Ресей отаршылдары мен тарихымызда тоқтаусыз басқыншылық жасаған коммунистік Қызыл империяның сұмдық-зорлықтарын көркем эпикалық бейнеде бүгінгі ұрпаққа, келешекке көркем суреттермен жеткізгім келеді. Ойлап қараңызшы: б.э.д. көне Көк Түріктер әлемімен бірге жер бетінде жойқын билік құрған Қазақ Елі бертін келе Үйсін, Қаңлы, Сақ, Ғұн ірі империялары бола тұра – кейіннен келе біртұтас Қазақ Мемлекеті болып бүгінгі – ХХІ ғасырға жетіп отырғанының өзі керемет емес пе! Міне, сондықтан ендігі ұрпақ осы аса биік Тарихи Тұғырды уысында мықтап ұстап тұруға тиіс!», — дейді «Әулие шоқының дарабозы» атанған ақиық ағамыз. Қазақтың Қордай жерінің түкпіріндегі алақандай ауылда дүниеге келіп, осы бүгінгі күндегідей дәрежеге жеткен кемел ойлы жазушының мәртебесі биіктей бергей.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.