ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ НАЗАРДА

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай әкімдер мен басшылар жергілікті халықтың назына құлақ асып, ортақ диалог орнату мәселесін міндеттеген болатын.
Осының аясында әр ауылдық округ тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жеткізуге мүмкіндік алған. Осындай сұрақтардың басым бөлігі Қордай ауылдық округі әкімдігінің кеңсесіне күн сайын келіп түседі. Соның бірі – Төле би көшесіндегі «Үсен ұлы» базарының маңындағы көлік кептелісі мен Жамбыл және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы автокөліктердің бейберекет тұрағына қатысты сауалдар. Жақында аталмыш мәселені шешу мақсатында «Amanat» партиясы Қордай аудандық филиалының атқарушы хатшысы М.Күзербаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Б.Қарамолдаева, АПБ бастығының бірінші орынбасары Д.Рысдаулетов, жергілікті учаскелік полиция инспекторлары мен ауылдық әкімдік қызметкерлерінен құрылған жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізді. Айта кетсек, аталмыш орынға «тоқтауға тыйым салатын» жол белгісі орнатылғанына қарамастан автокөлік иелері көліктерін қоюды доғармай тұр. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті полиция инспекторлары аталған орынға шығып, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, топ мүшелері базардың жанындағы Төле би, Жамбыл, Сауранбаев көшелеріне тиісті жол белгілерін орнатып, көліктердің бір бағытта қозғалысын қарастыру, Жамбыл көшесінің бойындағы арықтардың көзін ашу, көлік тұрақтарының орнын айқындау сынды мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына ұсыныс беріп, бұл мәселе бақылауға алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.