ӨНДІРІСТІК БАЙЛАНЫСТЫҢ КҮРЕ ТАМЫРЫ

0

Қордай ауданы құрылып, аймақ тіршілігін қарқынды жүргізу үшін өндірістер мен түрлі мекемелер, колхоз-совхоздардың
жыл он екі ай бойғы тынымсыз қозғалысына жол қатынасы өте қажет еді.

Соғысқа дейін жол құрылысы біршама қолға алынып, соғыс кезеңінде тоқтап қалып тек жөндеу жұмыстарымен шектелді. Уақыт өте келе, заман талабына қарай ары-бері қатынауға, түрлі өнімдерді тасуға жол ауадай қажет болды.
1953 жылы Ұлы Отан соғысына дейін төселіп бастаған Фрунзе – Алматы жолының құрылысы толық аяқталды. 1957-1967 жылдар аралығында аудан бойынша Михайловка, Қарақоңыз, Сортөбе, Трудовик, Қызылсай елдімекендерін жалғайтын мемлекеттік жол салынды. Сол кезеңдерде ауданның батыс бөлігіндегі Қордай совхозын Лубзавод және Славное ауылымен байланыстыратын жол төселді. Мемлекеттік жолдардан Киров атындағы колхозға, Красногор совхоз-техникумына, Успеновкадан Георгиевка каналының сол жақ тармағына, Отар станциясынан Аңырақайға дейін жалпы көлемі 120 шақырымды құрайтын жолдар салынып, пайдалануға берілді.
Георгиевка каналы мен Қарақоңыз өзенінен өтетін 2 үлкен, барлығы аудан бойынша ұзындығы 184 метрді құрайтын 14 көпір салынды. Тау сулары тосылып қалатын жыра-сайларға (су ағып өтетін) темір-бетонды 140 дана құбырлар төселді. Ол 1600 қума метрді (погонный метр) құрады.
1966-1967 жылдары тасжолдар бетіне қара битум құйылып, Масанчи селосынан «Трудовик» колхозына дейін жол беті қапталды. Сонымен бірге Аңырақай мал жайылымының орталығы Райсайға жол салынды.
1965 жылдың наурыз айында бұрынғы аудандық жол бөлімі негізінде № 359-шы жол пайдалану учаскесі құрылды (дорожно – эксплуатационный участок ДЭУ – 359). 1966 жылдың ақпанында ДЭСУ-359 жол пайдалану-құрылыс учаскесі болып өзгерді.
Кеңес үкіметінің елу жылдық мерекесі қарсаңында ДЭСУ-359 ұжымы жоғары міндеттер қабылдап, жоспарланған 10 шақырым орнына 15 шақырымдық тас жол салып, 11 шақырым тас жолға битум төселді.
Жол бойларына 35 мың декоративті, 5 мың жеміс ағаштарын отырғызып, күтімге алды. Өз істеріне шынайы берілген өндіріс ардагерлері Н.И.Бирюков пен Г.З.Сушев «Үздік жолшы» атағына ие болды.
Тоғыз жолдың торабында орын тепкен Қордай ауданында қатынас жолдардың маңызы күн санап өсе бастады. Аудан аумағындағы құрылған жалғыз ДЭСУ-359 енді жеткіліксіз болғандықтан, № 58 жол пайдалану учаскесі құрылды. Оған сол кездегі аудандық жол бөлімін басқарған Молдарахым Әлімбаев жетекшілік етті. Мекеме Фурмановка-Бірлік жол құрылысы бойына орналасқан кішкене үйшіктен орын тепті. Бұл жол учаскесінде небәрі 50-ге тарта адам жұмыс істеді. Жол жасайтын техника мен көлік жоқтың қасы еді. Бар болғаны бір «ГАЗ-51» жүк машинасы мен «ГАЗ-67» жеңіл автокөлігі, бір тіркелмелі грейдер, оны сүйрейтін «ДТ-54» шынжыр табанды трактор болды.
«ДЭУ-58» міндеті ұзындығы 105 шақырымды құрайтын «Георгиевка-Шу» автожолын, жиырма бес шақырымдық жақсартылған «Георгиевка-Успеновка» тас жолын, ұзындығы 55 шақырымдық «Георгиевка – Масанчи» жолын «Черная речкаға» дейінгісі (жақсартылған тас жол), үшінші бағыт ұзындығы 39 шақырымдық Отар станциясы мен Красногор селосын жалғастырып жатқан жақсартылған тас жолдарды күтімге алу болды.
Мекеме орналасқан ғимараттың тарлығы соншалықты, адам айналып жүре алмайтын. Сондықтан ұжым тиімді жұмыс атқару үшін бірінші кезекте кеңсе мен азын-аулақ техниканы қоятын аула соғу қажеттігі туындады. Сөйтіп, «Путь Ленина» колхозының жеміс бағы орналасқан, «Георгиевка – Шу – Алматы» бағыттарына шығатын жол айрығы таңдалып, «ДЭУ-58» кеңсесі салынды. Атап айтқанда, 1960 жылы кеңсе, шеберхана, жол техникаларына арналған бастырма, 5 екі пәтерлік үй салынып, 2 гектар жерге жеміс бағы, 1962 жылы сол маңнан тағыда аумағы 7 гектарды құрайтын бақ отырғызылып, ауланың іші клумбалар мен гүлзарларға бөленді.
«Георгиевка – Шу» автожолын реконструкциялау 1964 жылдың 5 қарашасында аяқталды. Осы жылы «Отар – Красногор» аралығындағы жолға қара битум төселді.
1962 жылдың 30 сәуірінде Қазақ ССР- інің «Госшосдор» басшылығы жоғары ұйымшылдықпен, тапсырмаларды сапалы әрі мерзімінен ерте орындап жүрген «ДЭУ – 58» ұжымына «Коммунистік еңбектің озат кәсіпорны» атағын беріп, бір топ қызметкерлер мен жұмыскерлерді Құрмет грамоталары және төсбелгілермен марапаттады.
Жаңа құрылған кезде мамандар тапшылығын тартқан «ДЭУ – 58» ұжымынан көптеген іскер мамандар өсіп шықты. Жәй жұмыскерлер жол мастерлері болса, бас инженер болған Мұсақұл Үйсімбаев – бастышы, бас инженер Г.Д.Смелков Өскемен қаласындағы жол – құрылыс трестінің бас инженері, бұрынғы техник Любовь Сергеевна Кулакова – Ресейдің Астрахань қаласындағы облыстық «Госшосдор» бас инженері, бас бухгалтер болған П.А.Щерменов Жамбыл облыстық «Гошосдор» бас бухгалтері, механик И.И.Сомов бас механик болып өсті. Ал, осы кісіпорынды ұзақ жылдар басқарып, зейнетке шыққан Молдарахым Әлімбаев «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген жолшы» Құрметті атағына ие болды.
Аудандағы автокөлік саласы да жол құрылысы саласымен қатар дамыды. 1947 жылы ауданда «Путь Ленина» колхозының шаруашылық ауласында автобаза құрылды. Сол жерге он сегіз автомашинасы бар «Союззаготтранс» автоколоннасы орналасты. Көп ұзамай бұл машиналар істен шығып, кейбіреулері шаруашылықтарға сатылып, орнына Шу ауданынан 22 автомашина келді. Қордай автобазасының ғұмыры осы 22 автокөліктен басталды. 1949 жылы автобустар мен жеңіл машиналар келе бастады.
Автопарк жыл өткен сайын автомашиналармен толығып, бұрынғы кішірек шеберхана тарлық еткен соң 1956 жылы автобаза аумағында күрделі құрылыс басталып, бір уақытта 5-7 автомашина жөндейтін бокстар қолдануға берілді. Келесі жылдарда да мұндай құрылыстар жүргізіліп 1961 жылы база аумағы түгел асфальтталып, құрылыс жұмыстары толық аяқталды.
Жаңа құрылған кезде автобазада небәрі жиырма шақты автокөлік болса, 1969 жылдың аяғында мұнда 455 автомашина, оның ішінде 57 автобус, 24 жеңіл автокөлік аудан халқына қызмет көрсетті.
1948-1949 жылдары әр автокөлік орта есеппен 1000-1200 тонна жүк тасыса, 1969 жылдары бұл көрсеткіш 2500-3000 тоннаға дейін өсті. Автобаза ұжымы коммунистік еңбектің жеңімпазы атағына сай еңбек етіп, оның 165 мүшелеріне «Коммунистік еңбек озаты» атағы берілді, үш бригада үздік шығып жоғары атаққа ие болды. Көптеген жүргізушілер Кеңес Одағының орден-медальдарымен наградталды, солардың бірі жүргізуші А.Н.Смелов «Ленин» орденімен марапатталды.
1967 жылдың 1 шілдесінде № 10 Қордай автобазасынан жолаушылар таситын автоколонна бөлініп шығып, Қордай автобус-таксомоторлы парк құрылды. Оның құрамында 59 автобус, 26 жеңіл автокөлік пен бірге 16 жүк таситын автомашина болды.
Екі жыл ішінде, яғни 1969 жылдың қазан айында автобус саны 75-ке, жеңіл автомашина 28-ге, жүк таситын автомашиналар 21-ге жетіп, ұжымда 336 адам еңбек етті. 1969 жылы автопарк ұжымы 6534940 жолаушы тасып, халыққа қызмет көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.